"Экстрадиция қаупі күшейді". Ресейлік Мовлаева мен Емельянованың күні Қазақстанға қарап тұр

Мансур Мовлаев пен Юлия Емельянова. Коллаж.

Қазақстанда бір жылдан астам уақыт бойы қамауда отырған екі ресейлік белсендінің тағдыры қыл үстінде тұр. Астана шешен белсендісі Мансур Мовлаев пен Навальный штабының бұрынғы қызметкері Юлия Емельянованы экстрадициялау жөніндегі Мәскеу өтінішін мақұлдады. Қазақстан билігі оларға баспана беруден бас тартқан соң, шарасыз қалған Мовлаев өзіне қол жұмсамақ болған. Белсенділер Ресейде азаптауға немесе қазаға ұшырайды деп алаң білдірген жүздеген құқық қорғаушы оларды экстрадицияламауға шақырды.

Мансур Мовлаев Ресейге экстрадицияланудан қорқып, күйзеліске түскен. Бұл туралы алматылық адвокат Елена Жигаленок айтты. Жуырда ол қорғауында азаматпен қала шетіндегі тергеу изоляторында кездескен. Бұл – адвокаттың шешен белсендісімен суицид талпынысынан кейінгі алғашқы кездесуі. Мовлаев бірінші рет 15 қыркүйек күні тергеу изоляторында, екінші рет сол күні ауруханада өз өмірін қимақ болған.

Соның алдында жазып кеткен мәлімдемесінде Мовлаев "әділетсіздіктен шаршадым", "сот та, прокуратура да бізді естімейді" деген.

Жигаленоктің айтуынша, оны Ресейге экстрадициялау қаупі өте жоғары. 10 қыркүйек күні кассациялық сот Мовлаевтың Қазақстаннан баспана сұрау туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Адвокат Жигаленок Жоғарғы сотқа шағым түсіріп, Бас прокуратураға Мовлаевты экстрадициялау туралы шешімді жоюды және оның өміріне қауіп төніп тұрғанын ескере отырып, оны Ресейге бермеуді сұрап хат жолдады.

"Қазір халықаралық қауымдастықтан, атап айтқанда құқық қорғау ұйымдарынан, елшіліктерден үміттеніп отырмыз. Барлық жерге жазамыз" дейді Жигаленок.

Мансур Мовлаев деген кім?

Мансур Мовлаев "Шешенэнерго" мекемесінде инженер болып жұмыс істеген. Спортпен шұғылданып, тхэквондомен айналысқан.

Құқық қорғаушылар негізін қалаған "Кавказский узел" басылымының мәліметінше, Мовлаев шетелдегі шешен оппозициялық топтарымен жасырын жұмыс істеп, оларға Шешенстандағы адам ұрлау, азаптау және қолдан жасалған қылмыстық істер туралы ақпарат беріп отырған. 2020 жылы күш құрылымдары оны байқап қойып, үстінен есірткі жөнінде іс қозғаған. Құқық қорғаушылар бұл істен қолдан жасалған деп мәлімдеген. 2022 жылы ол шартты жазамен бостандыққа шыққан. Бірақ көп ұзамай оны ұрлап әкетіп, қамауда ұстаған.

Мовлаев ол жерден қашып шығып, Қырғызстанға кеткен. Бірақ 2023 жылы қырғыз органдары оны шекараны заңсыз өтті деп қамауға алды да, алты айға бас бостандығынан айырды. Үкім бойынша, жаза мерзімінен кейін ол елден кетуі керек болған. Сөйтіп ол Қырғызстаннан Қазақстанға барып, ол жерде аты-жөнін өзгерту арқылы бір жыл тұрған. Бірақ 2025 жылғы мамырда Ресейде іздеу жарияланған Мовлаев ұсталды. Сол уақыттан бері ол Алматыда экстрадициялық қамауда отыр.

Қырғызстан мемлекеттік шекарасын бұзды деп айыпталған Мансур Мовлаев қырғыз сотында.

Ресей билігі Мовлаевты бопсалады деп айыптайды. Адвокат Вадим Дроздовтың айтуынша, бұл іс 2022 жылы Мовлаевты ұрлап әкетіп, азаптағаннан кейін пайда болған.

"Оны жүйелі түрде азаптаған, тіпті электр тогымен де азаптаған. Телефонының құлпын ашуды және шешен оппозициясы мен ADAT қозғалысы туралы ақпарат беруді талап еткен. Телефонын ашқаннан кейін оған қарсы қолдан жасалған материалдар жинақталған. Бейтаныс адам оның шотына ақша аударған. Сондай-ақ жыныстық сипаттағы жалған аудио және видеоматериалдар жасалған. Кейін соның негізінде бопсалау туралы айып тағамыз деп қорқытқан" дейді адвокат.

Қазақстан баспана беруден бас тартты, Шешенстанда туыстарына қысым көрсетті

Қазақстанда қамауда отырған Мовлаев босқын мәртебесін сұраған. 2025 жылдың аяғында оның өтінішін қабылдамау туралы шешім шықты. Астана Мовлаев босқын мәртебесін беруге қойылатын талапқа сай келмейді деп тапты.

Ал 2026 жылғы қаңтарда Бас прокуратура Ресейдің экстрадиция туралы өтінішін мақұлдады. Ақпан айында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстанға Мовлаевты экстрадициялауға тыйым салды. Комитетке Мовлаевтың атынан заңгер Вадим Дроздов шағым түсірген еді. Адвокат өз шағымында Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін алға тартқан.

Көп ұзамай Қазақстан жоғарғы соты экстрадиция процесін тоқтатып қойды. Бірақ Мовлаев қамауда қала берді. Биыл мамырда 12 айлық экстрадициялық қамау мерзімі аяқталған. Бірақ ресейлік белсенді бәрібір бостандыққа шықпады. Адвокаттар бұған дейін осындай жағдайдағы басқа адамдардың босатылғанын айтып, Мовлаевтың не себепті әлі қамауда отырғанын сұраған. Бас прокуратура адвокатқа берген 26 мамырдағы жауабында Мовлаев ел ішіндегі құқықтық қорғау тетіктерін толық пайдаланбағанын мәлімдеді. Мекеменің сөзінше, оның босқын мәртебесін беруден бас тартуға қатысты сотқа түскен шағымды қарау әлі аяқталмаған. Сондықтан халықаралық ұсынымдарды қарастыру әлі ерте деген уәж айтылды.

Адвокаттар прокуратура жауабында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің уақытша қамтамасыз ету шаралары туралы айтылмағанына алаң білдірді.

Дроздовтың айтуынша, Мансурды БҰҰ комитетінің қамтамасыз ету шараларына қарамастан экстрадицияласа, Қазақстан Адам құқықтары туралы халықаралық пакт пен оның Факультативтік хаттамасы бойынша міндеттемелерін бұзған болар еді. Сондай-ақ бұл азаптауға тыйым салу және адамдарды қауіп төнген елге мәжбүрлеп қайтармау қағидаттарына қайшы келеді дейді ол.

Адвокат Қазақстан БҰҰ комитетінің шешімін орындайды деп үміттенетінін, бірақ уақытша шаралар экстрадициялау қаупін толық жоққа шығармайтынын айтып отыр.

БҰҰ комитеті Қазақстаннан өз ұстанымын 2026 жылғы 24 тамызға дейін білдіруді сұраған. Бұл мерзім өтті, әзірге Қазақстан жауап берген-бермегені белгісіз.

Мансур Мовлаев

Қыркүйекте кассациялық сот Мовлаевқа босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімді күшінде қалдырды. Осылайша Қазақстандағы сот қорғауының барлық тетіктері сарқылып отыр.

Осы шешімнен кейін Мансур Мовлаев өзіне қол жұмсамақ болды.

Қазақстанның Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бір аптадан кейінгі мәлімдемесінде оның әрекеттері дереу тоқтатылғанын, медициналық көмек көрсетілгенін және ауруханаға жатқызудың қажет болмағанын хабарлады. Комитет Азаттық Азия редакциясына берген жауабында Мовлаевтың өміріне қауіп жоқ екенін, оқиға бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын айтты.

Мовлаев қамауда отырған тұста Шешенстанда оның туыстарына қысым жасалып жатқаны туралы ақпарат тарады. Оның ата-анасы мен бауырларын ұрлап әкетіп, Мовлаевты елге қайтару жөнінде қысым жасаған. Қоғамдық резонанстан кейін ата-анасы босатылғанымен, қысым әлі де жалғасып келеді. Мұны адвокаты арқылы Мовлаевтың өзі айтты.

"Туыстарымды жиі-жиі полицияға шақыртып, менің қайтуыма ықпал етсін деп оларға қысым көрсетіп отыр. Мені экстрадицияласа, туыстарыма жасалған қысымды маған қарсы пайдалана ма деп алаңдаймын. Егер маған жасалатын қысым мен азаптау кінәмді мойындауыма немесе әскери қызметке келісіп, соғысқа аттануыма әкелмесе, менің отбасыма қысым көрсетіледі деп санаймын. Мұны бұған дейінгі тәжірибем көрсетті. 2022 жылы мен қашып кеткенде күш құрылымдары менің туыстарымды ұстады да, менің қайтуымды талап етіп оларға қоқан-лоқы жасады" деді Мовлаев адвокаты арқылы.

Телефон ұрлады деп айыптау: Юлия Емельянованың ісі

Суицид әрекетін жасар алдында Мовлаев жазба қалдырып, онда "ең құрығанда Юлияны құтқаруды" сұраған. Ресейлік белсенді Юлия Емельянова да Қазақстанда экстрадициялық қамауда отыр. Ол да Алматы түбіндегі сол тергеу изоляторында. Емельянова оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың Санкт-Петербургтегі штабының бұрынғы қызметкері, Emigration for Action және Just Help жобаларының белсендісі

Емельянова 2025 жылғы 31 тамызда Алматы әуежайында Грузиядан Қазақстан арқылы Вьетнамға бара жатқанда ұсталған. Оны да Ресейде іздеу жарияланған деп қамауға алған.

Ресей билігі оны 2021 жылы такси жүргізушісінің құны 12 мың рубльге (шамамен 143 долларға) бағаланған телефонын ұрлады деп айыптайды. Емельянова бұл айыпты мойындамайды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, такси жүргізушісі арызды оқиғадан бір ай өткен соң берген. Ал Емельянова телефонды алғаш рет полиция бөлімінде көргенін айтқан.

Ресейдегі оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың Санкт-Петербургтегі штабының бұрынғы қызметкері Юлия Емельянова. Әлеуметтік желіден алынған сурет.

Құқық қорғаушылар бұл істі қолдан жасалған деп санайды. Олардың пікірінше, бұл қудалау Емельяновадан саяси тұтқындарға көмектескені үшін кек алу әрекеті болуы мүмкін.

2026 жылғы ақпанда Қазақстан Бас прокуратурасы Ресейдің Емельянованы экстрадициялау туралы өтінішін мақұлдады. Кейін босқын мәртебесі туралы мәселені қарау үшін экстрадициялау тоқтатылды. Алайда оған босқын мәртебесі берілмеді. Сотқа шағымдану да нәтиже бермеді.

24 қыркүйекте Астанадағы әкімшілік соттың кассациялық алқасы Емельянованың баспана беру туралы өтінішін қанағаттандырмады. Қазақстандық адвокат Искандер Алимбаев Жоғарғы сотқа шағым түсірмек.

Адвокат Вадим Дроздов Юлия Емельянова атынан БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитетіне жеке шағым түсіріп, шағым қаралғанға дейін оны экстрадициялауды, елден шығаруды немесе басқа жолмен беруді тоқтатуды сұрайтын шұғыл уақытша шаралар қабылдауды сұраған.

Шағымда Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өмір сүру құқығына, азаптауға және қатыгез қарым-қатынасқа, еркіндіктен заңсыз айыруға және әділ сот талқылауына қатысты баптары көрсетілген.

Дроздовтың айтуынша, кассациялық соттың шешімінен кейін Қазақстанда Емельянованы экстрадициялауға кедергі болатын барлық сот рәсімі аяқталған.

"БҰҰ комитетінің шұғыл уақытша шаралары аса маңызды. Өйткені комитет шағымды толық қарастырып, адамды Ресейге қайтарудың нақты қауіптерін бағалап үлгермей тұрып, оны экстрадициялап жібермеу керек" дейді адвокат.

Ресей "қорқыны үстемдігін" экспорттап отыр

21 қыркүйекте БҰҰ-ның Ресей Федерациясындағы адам құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы Мариана Кацарова Женевада "Жасырынатын жер жоқ: «қорқыныш үстемдігін» елден тыс жерге экспорттау" дейтін есебін таныстырды. Есеп 400-ге жуық құжатпен расталған іске сүйеніп жазылған.

Кацарова Мәскеудің елден тыс жерде де өз сыншыларын қудалауын мемлекеттік стратегия деп атады. Ол өз есебінде Мовлаевтың да ісін атап өтті.

Баяндамашы Ресей құрамындағы Шешенстанды Рамзан Қадыров басқаратын «мемлекет ішіндегі мемлекет» деп сипаттады. Есепте шешен полициясы мен қауіпсіздік күштері тарапынан саяси кісі өлтіру, журналистерді өлтіру, адамдардың зорлықпен жоғалып кетуі, соттан тыс өлім жазалары, азаптау және қатыгез қарым-қатынас фактілері құжатталғаны айтылған. Бұл әрекеттер федералдық биліктің үнсіз немесе ашық келісімімен жасалған делінеді.

Кацарова осыны алға тартып, Қазақстанды Мовлаевты экстрадицияламауға, елден шығармауға және Ресейге мәжбүрлеп қайтармауға шақырды. Оның айтуынша, Мовлаевтың және Орталық Азия елдеріндегі басқа да адамдардың істері Ресеймен құқықтық көмек туралы келісімдері бар мемлекеттерде босқындардың осал жағдайда екенін көрсетеді. Мұндай елдер саяси қудалаудан тиісті деңгейде қорғай алмай отыр дейді ол.

Кацарова Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы мемлекетаралық іздеу жүйесі арқылы адамды саяси астары бар-жоғын тексермей-ақ іздеуге жариялап, кез келген мүше мемлекетте ұстауға болатынын атап өтті. Оның пікірінше, бұл жүйе Мовлаев пен Емельянованы ұстау үшін пайдаланылған. Астана Кацарованың мәлімдемесіне әзірге жария түрде жауап берген жоқ.

Қазақстандағы ресейліктерге сабақ

Ресей Украинаға қарсы ауқымды басқыншылық соғысын бастағалы бері Қазақстанда ұсталған 20-дан астам ресейлік Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі бюросынан көмек сұраған. Олардың ешқайсысы босқын мәртебесін ала алмаған. Көпшілігі өзге елдерге кетіп тынған.

2025 жылы құқық қорғаушылар Ресейдің мобилизациясынан қашқан алты әскери қызметшінің Қазақстаннан Францияға кетуіне көмектесті. Олар Еуропа визасын алып, Франциядан саяси баспана сұраған.

Францияға кеткендер арасында бурятиялық журналист Евгения Балтатарова да бар. Ол соғыс басталған соң, Қазақстанға барып, босқын мәртебесін сұраған. Астана оның өтінішін қанағаттандырмады. Мәскеу оған Ресей әскері туралы жалған ақпарат тарату бабы бойынша іс қозғап, іздеу жариялаған. 2024 жылғы желтоқсанда Балтатарова Парижден босқын мәртебесін алды.

Бурятия белсендісі Евгения Балтатарова

Соғысқа қарсы шыққан якутиялық белсенді Айхал Аммосов (құжат бойынша – Игорь Иванов) Қазақстанда бір жыл экстрадициялық қамауда болғаннан кейін гуманитарлық виза бойынша Германияға кеткен.

Алайда Мансур Мовлаев пен Юлия Емельянова 12 айлық экстрадициялық қамаудан шыға алмады.

Адвокаттардың айтуынша, Мовлаев пен Емельянованың ісі "саяси астары бар қудалауға ұшырап отырған ресейліктерге үрейлі белгі" болмақ.

Вадим Дроздов Қазақстан бұрын саяси тұрғыда осал адамдарды Ресейге беруден тартынып келгенін, бірақ кейінгі айларда жағдай өзгеріп жатқанын айтады.

Ресейде мемлекеттік сатқындық жасады деп айыпталған IT-маманы, Қырым тумасы Александр Качкурин мен Қазақстаннан баспана сұраған дезертир Семен Бажуков Ресейге жіберілді.

Демек, Қазақстан Кремль сыншылары үшін қауіпті жерге айналғаны ма?

"2026 жылдың басынан бері тәжірибе елеулі өзгеріске ұшырады. Адамдарды Ресейге беру жағдайлары пайда болды, Қазақстан Мансур Мовлаев пен Юлия Емельянованы экстрадициялауды мақұлдады. Бірақ мен елдерді "қауіпсіз" және "қауіпті" деп бөлуден сақ болуға шақырар едім. Мұндай тізімдер әрбір істің жекелеген жағдайын елеусіз қалдырып, қауіпсіздік жоқ жерде қауіпсіздік бардай әсер тудыруы мүмкін. Халықаралық қорған тұрғысынан қауіпсіздік әрдайым адамның жеке жағдайына және құқықтық көмектің уақтылы көрсетілгеніне байланысты. Қазақстанның Ресеймен құқық қорғау саласындағы тығыз ынтымақтастығын және соңғы кездегі экстрадициялау тәжірибесін ескеру қажет" дейді адвокат.

Шешенстан тумасы Мансур Мовлаевты Қазақстаннан Ресейге экстрадициялауға қарсы акция. Вена қаласы.

2026 жылға дейін де Ресейден Қазақстанға қашқанның бәрі бірдей қауіпсіз баспана тапты деуге келмес. Соғысқа қарсы шыққан Воронеж белсендісі Павел Владимиров Қазақстандағы 12 айлық экстрадициялық қамаудан соң Ресейге оралды. Ресей федералды күзет қызметінің бұрынғы офицері Михаил Жилин мен Украинадағы соғысқа қатысудан бас тартқан ресейлік әскери қызметкер Камиль Касимов та Ресей билігінің қолына табысталған. Жилинді мемлекеттік шекараны бұзды деп депортацияласа, Касимовті ресейлік күштік құрылымдар ұрлап әкеткен. Екеуін де түрме жазасына кескен. Бір жыл бұрын Қазақстан Ингушетия тұрғыны Якуб Арчаковты да Ресейге экстрадициялаған.

Бұған дейін құқық қорғау ұйымдары Ресейде саяси көзқарасы үшін қудаланған адамдар үшін Қазақстан қауіпсіз ел емес екенін бірнеше рет мәлімдеген.

Дей тұрғанымен осы жолы 150-ден астам құқық қорғаушы, ғалым, журналист және қоғам өкілі Қазақстанды Мовлаев пен Емельянованы Ресейге экстрадицияламауға үндеп отыр. Жақында осындай талаппен Қазақстанның Нью-Йорктегі консулдығы алдында да акция өткен. Мұндай акциялар Еуропа, Австралия және Армения қалаларында да ұйымдастырылды.

Астана әзірге бұл үндеулерге жауап берген жоқ.