Reuters: Қазақстан Ресейге 50 мың тонна бензин жеткізуге келісті

Ресейдің Иркутк қаласындағы жанармай станциясы.

Қазақстан шілде-тамызда Ресейге 50 мың тонна бензинді гуманитарлық көмек ретінде жеткізуге келісті. Бұл туралы Reuters агенттігі саладағы төрт дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Агенттік жазда Ресейде жанармайға деген сұраныс жоғары екенін және бұл елге тәулігіне кемі 110 мың тонна бензин қажет екенін атап өткен. Яғни Ресей Қазақстаннан бір тәуліктегі қажетінің жартысын ғана өтеуге жететін бензин алады.

Бұған дейін Reuters Мәскеудің Астанамен 50 мың тонна АИ-92 бензинін сатып алу туралы келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған. Астана Мәскеуден мұндай өтініш болғанын жоққа шығарған. Қазақстанның энергетика министрлігі Reuters-қа электронды пошта арқылы берген жауабында Ресейдің мемлекеттік органдарынан жанармайды гуманитарлық көмек ретінде жеткізу туралы ресми сұраныс түспегенін тағы да айтқан.

Дегенмен министрлік Ресейдің "Татнефть" мұнай компаниясы жеткізетін нафтаны (тікелей айдалған бензинді) өңдейтін "Конденсат" зауытынан жанармай жеткізілуі мүмкін екенін жоққа шығармаған.

"Конденсат" ЖШС өндіретін автокөлік бензинін жақын арада Ресейге жеткізу мүмкіндігі Қазақстанның ішкі нарығындағы мұнай өнімдерінің жеткіліктілік деңгейіне байланысты болмақ. Мұндай жеткізілім жүзеге асырылса, автокөлік бензині Ресейдің "Татнефть" компаниясы беретін шикізаттан өндіріледі", — делінген агенттікке берілген жауапта.

Ақпарат агенттігінің хабарлауынша АИ-95 және АИ-32 маркалы бензиндері Батыс Қазақстан облысындағы "Конденсат" зауытынан және Павлодардағы мұнай өңдеу зауытынан жөнелтілуі тиіс.

Осы ақпарат агенттігі Ресей бүгін Үндістаннан да бензин ала бастағанын хабарлаған.

Бұған қоса Reuters дереккөздері Украинадағы жағдайға байланысты салынған санкциялар кесірінен уақытылы жеткізу мен төлем жасауда қиындықтар туындауы мүмкін екенін де ескерткен.

Жексенбі күн Ресей президенті Владимир Путин украин дрондарының мұнай өңдеу зауыттарына соққысы кейбір аймақта отын тапшылығын тудырғанын мойындап, Ресей мәселені шешу үшін шара қабылдап жатқанын айтты. Ресейдегі май құю станцияларында жұрт ұзақ-сонар кезекте тұрғаны туралы видео көп тарап жатыр.