"Шекарасыз тілшілер" Айдос Садықовты елден кетсе де қуғынға түскен журналист деп атады

Қазақстандық журналист Айдос Садықов. Киев, Украина, 15 қаңтар, 2016 жыл.

Әлем бойынша баспасөз еркіндігі қорғап, журналистерді қолдайтын "Шекарасыз тілшілер" (RSF) халықаралық ұйымы қуғын-сүргінге ұшыраған журналистер жайлы жаңа есебіне қазақстандық оппозициялық белсенді әрі журналист Айдос Садықовтың қастандықпен өлтірілгенін қосқан.

"Ұлттық қауіпсіздікті журналистикаға қарсы қару қылу" деп аталатын құжатта сарапшылар әлемде авторитар режимдер ел ішінде ғана емес, сонымен қатар шетелде де сын айтушылардың үнін өшіру үшін "ұлттық қауіпсіздік" сияқты бұлыңғыр терминдерді қалай қолданатынын талдаған.

"Қастандық әрекеттері" атты бөлімінде есеп авторлары зерттеумен айналысатын журналистерді қудалау жаһандық қауіпке айналып отырғанын жазған. RSF бұл орайда қазақстандық белсенді әрі журналист Айдос Садықовтың қастандықпен өлтірілуін шекара асып жасалған қуғын-сүргіннің бір мысалы ретінде келтірген.

"Сыбайлас жемқорлықты зерттейтін қазақстандық блогер Айдос Садықов 2014 жылы әйелі, журналист Наталья Садықова қызметіне бола қылмыстық қудалауға ұшырағаннан кейін Украинаға қашқан. Олар шетелде жүріп те журналистикамен айналыса берді, ал 2023 жылдың қазан айында Қазақстан билігін сынаған репортаждар жариялағаннан кейін Қазақстан екеуіне "араздық қоздырды" деген қылмыстық айып бойынша іздеу салды. 2024 жылдың маусым айында Айдос Садықовты Киевте атып кетті, ол екі аптадан кейін қайтыс болды", – деп жазылған "Шекарасыз тілшілер" ұйымының есебінде.

Айдос Садықов "Бәсе" Youtube-арнасының негізін қалап, онда Қазақстандағы қоғамдық-саяси оқиғалар туралы бейнематериалдар жариялап, көпшілікке танылған.

Садықовтың қазасына байланысты қозғалған іс бойынша тергеу бастаған Украина билігі тапсырыспен кісі өлтіруге қатысы бар деген күдікке Қазақстан азаматтары Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев ілінгенін мәлімдеді. Тергеушілердің мәліметінше, ол екі адам Киевке қастандық жасалардан бірер күн бұрын барып, Садықовты сыртынан аңдыған.

Кейінірек Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен полицияға берілгенін хабарлады. Ресми ақпарат бойынша, Қаратаевтың қайда екені әлі күнге белгісіз.

Азаттық журналистері күдіктілерге тиесілі деп көрсетілген телефон нөмірлерін тексеру барысында нөмір иелері басқа адамдардың телефонында "арнайы күштер", "СОБР", "капитан" және "Сырбар" деген атаумен сақталғанын анықтады (Сырбар – Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыртқы барлау қызметі).

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев деген адамдар комитетте жұмыс істемеген деп мәлімдеді.

Наталья Садықова күйеуінің өліміне Қазақстан билігін айыптайды. Астана кісі өлтіруге қатысы жоғын мәлімдеген.

Былтыр көктемде Наталья Садықова "Республика" газетіне Қазақстан Алтай Жақанбаевты ешқайда кетпейтіні туралы қолхат алып, қамаудан босатқанын айтқан. Садықованың сөзінше, Қазақстан билігі Жақанбаев пен Қаратаевты қастандық әрекетімен байланыстыратын дәлелдер жоқ деген сылтаумен істі тергеуден бас тартқан. Биыл сәуірде Қазақстанның Бас прокуратурасы Айдос Садықовтың өліміне қатысты Азаттықтың сауалына берген жауабында "кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын" хабарлады, бірақ қосымша ақпарат бермеді.

Айдос Садықовтың өліміне қатысты Азаттық радиосының қойған сауалдарына Қазақстан Бас прокуратурасы істің егжей-тегжейі жайлы ақпарат бермей, "кешенді тергеу шаралары" жүргіп жатқанын хабарлаумен шектелді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Шекарасыз тілшілер" Айдос Садықовтың өліміне қатысты БҰҰ-ға қайырылды Киев соты журналист Наталья Садықоваға қарсы сот ісін қарауды кейінге қалдырдыФранциядағы журналистердің мемориалына Айдос Садықовтың есімі енгізілді"Интернеті еркін емес ел желіде сын айтқандарды қудалайды". Freedom House есебіндегі Қазақстан Айдос Садықовқа қастандық: "Шекарасыз тілшілер" қазақ билігіне үндеу жолдады