Рубио мен Лавров Маниладағы АСЕАН саммиті аясында кездесті

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио (сол жақта) және Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Манила, Филиппин, 23 шілде, 2026 жыл

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Филиппин астанасы Манилада өткен АСЕАН саммиті аясында 23 шілде күні кездесті. Екі тараптың келіссөзі шамамен 35 минутқа созылды деп жазды ресейлік "Интерфакс" агенттігі.

Ресей сыртқы істер министрлігі тараптар екіжақты қарым-қатынастар мен халықаралық мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасты деп хабарлады. Лавров АҚШ тарабына майданның алдыңғы шебіндегі жағдай жөнінде ақпарат беріп, "Киевтегі режимге қару-жарақ беруді жалғастыруға болмайтындығына назар аударған" дейді министрлік.

Бұған қоса, министрліктің хабарлауынша, Лавров Ресей тарапының "қақтығысты саяси-дипломатиялық жолмен реттеуге дайын екенін" және бұған дейін Анкориджде АҚШ "ұсынған бастамаларға бейіл екенін" тағы да растаған.

Кездесуден кейін Марко Рубио Украинада бейбітшілікке қол жеткізу үшін "жаңа идеялар мен жаңа тәсілдер" қажет деп мәлімдеген. Оның айтуынша, бұған дейінгі [Мәскеу тарапынан болған] ұсыныстар "сол кезде Украина қабылдайтындай болмаған" және де, Рубионың пікірінше, "олар қазір де қабылдай қоймас".

"Бейбітшілікке қол жеткізу жаңа идеялар мен тың тұжырымдамалардың арқасында ғана мүмкін болмақ. Егер тиісті жағдай жасалып, мүмкіндік туып жатса біз олардың кейбірін қолайлы жағдайда және үлгіде ұсынуға дайынбыз. Бұл міндетті атқаруға дайынбыз", – деген Рубионың сөзін The Guardian жазды.

Лавровпен кездеспей тұрып Рубио Ресейдің Украинадағы соғысы келіссөздің басты тақырыптарының бірі болатынын айтқан. Вашингтон Мәскеуге қысым көрсетуді көздей ме деген сұраққа Рубио бұл жағдайда "қысым" деген сөзді қолдану дұрыс екендігіне күмәні барын айтып, тараптар соғысты талқылайды деп мәлімдеген.

Маусым айының аяғында Марко Рубио АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің 2025 жылғы тамызда Анкориджде өткен кездесуінде соғысты тоқтату туралы ешқандай келісім болмағанын айтқан еді.

"Аляскада келісім жасалған жоқ – Аляскада тек ұсыныс айтылды", – деген АҚШ мемлекеттік хатшысы. Рубио ол ұсыныстардың егжей-тегжейін айтпады, алайда Мәскеу бұрыннан жария түрде мәлімдеп жүрген жайттарды, соның ішінде Донбассты толық бақылауға алу талабын да еске салған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Зеленский Стив Уиткоффпен және Джаред Кушнермен келіссөз өткіздіТрамп Путинге "соғысты тоқтат" деп үнемі айтатынын мәлімдедіРубио АҚШ, Украина және Ресей арасындағы келіссөз тоқтағанын хабарладыТрамп Украинаға Patriot зымыранын әзірлеуге рұқсат берді. Бұл соғыстағы жағдайды өзгерте ме?Путин Зеленскийдің хаты туралы: кездесудің мәні жоқ деп ойлаймын