Ресей мигранттардың орыс тілін білу деңгейін тексермек

Ресейлік көші-қон полициясының қызметкері ТМД елдерінен келген еңбек мигранттарының құжаттарын тексеріп тұр. Мәскеу, 10 наурыз 2011 ж.

Ресей шетелдік жұмысшыларға орыс тілінен емтихан тапсыртуды жоспарлап отыр. Заңға мұндай түзету енгізген – «Единая Россия» партиясының атынан өкілдік етуші депутаттар.

Бұл жаңа ереже ең алдымен Орталық Азия елдерінен келген мигранттарға қатысты болмақ.

«Орыс тілін білу - мигрант үшін борыш қана емес, өз құқықтарын қорғау» деп жазған Ресейдің мемлекеттік дума төрағасы Борис Грызлов өзінің «Твиттерінде».

Жобаға сәйкес, мигрант орыс тілін білу деңгейін дәлелдеу үшін 1991 жылға дейінгі кезеңде алған орта немесе арнайы білімі жайлы аттестатын, жоғары оқу орнын тәмамдағаны жайлы дипломын көрсетуі тиіс. Егер осы екеуінің ешбірі де болмаса, орыс тілі бойынша мемлекеттік сынақтан өткені жайлы сертификат ұсынуы керек.

Емтиханды тапсыру нәтижелері бойынша, шетелдіктің білімі орыс тілін

Мәскеу көшесін қардан тазалап жүрген еңбек мигранттары. 28 ақпан 2008 ж.

білудің бастауыш деңгейінен төмен болмауы тиіс. Емтиханды балдық жүйе бойынша бағалау жоспарланып отыр.

Бірақ көші-қон қызметіндегілер орыс тілі білімін бағалау өлшемдерінің қандай боларын айта алмайды. Ресей аумағында тұруға рұқсат қағаз алуды қалайтындар тілдік емтиханды алғашқылардың бірі болып тапсырады. Ресейдің барлық жерінде орыс тілін оқыту орталықтарын ашу уәде етілді. Осы іспеттес орталықтар Тәжікстан мен Қырғызстанда қазірдің өзінде бар деп хабарланып отыр.

«Миграция - XXI век» қорының вице-президенті Наталья Власованың айтуынша, мигранттардың орыс тілін білудегі қажетті деңгейін анықтау нормативтері жоқ.

– Құрылыстардағы бригадаларда жұмыс істейтін мигранттар бар. Олардың орыс тілін білетін бригадирі бастықтардың бұйрықтарын қол астындағыларының ана тілдеріне аударып беріп отырады. Өзге мигранттар тұрғын үй-коммуналды шаруашылық саласында немесе саудада істейтін болар. Олар тілді қай дәрежеде білуге тиіс екен? Бәрін жапа-тармағай орыс тіліне оқыту аса қиын емес пе? – дейді Азаттық радиосына берген сұқбатында Наталья Власова.

Тест жүргізу шетел азаматтарының орыс тілін білудегі «негізгі деңгейін»

Мигранттарға арналған орыс тілі әліппесі.

анықтауға көмектеседі, оларға жұмыстарында қажетке жарайды деп сенеді Ресейдің көші-қон қызметінің өкілдері.

Көші-қон қызметінің дерегі бойынша, Ресей аумағына келушілердің 30 пайызға жуығы орыс тілін білмейді.

Мигранттар мұндай жаңа ереже өмірлерін қиындатпаса, жеңілдетпейтінін айтады. Олар емтиханға ақша төлеуге мәжбүр болмақ, егер өтпей қалса – оларды жұмысқа алмайды.

Тест тапсыру құны – 6 мың рубль (200 АҚШ доллары шамасында), бұл ағылшын тілі бойынша тапсырылатын IELTS және TOEFL сертификаттарының құнына пара-пар, ал оларды жұмыс берушілер әлем елдерінің көпшілігінде мойындайды деп жазады Би-би-си.

МИГРАНТТАР ТЕСТКЕ АҚША ТӨЛЕЙ АЛМАЙДЫ

Ресейге келуші тәжіктердің 90 пайызы ақылы сынақтан өтуді қаламайды дейді «Тәжік еңбек мигранттары» қоғамдық қозғалысының төрағасы Каромат Шарипов.

- Еңбекақы алмаған соң адам Ресейге дәрменсіз күйде келеді. Сонда олар орыс тілін үйрену үшін соңғы ақшасын берсін дей ме. Мигрант билетке 18 мың төлейді. Оны тіркеуден өтуге мәжбүрлейді – бұл 3 мың рубль, патент сатып алуға мәжбүр қылады – 2 мың рубль, тағы 20 мың төлеп жұмысқа

Тәжік еңбек мигранты. Екатеринбург, Ресей, 1 қараша 2009 ж.

рұқсат алуы керек, – дейді Каромат Шарипов Азаттық радиосына берген сұқбатында.

Оның ойынша, орыс тілін білу мигранттардың еңбек ету жағдайларын жақсартпайды, еңбекақысының мөлшерін де арттырмайды. Тығырықтан шығар жол ретінде ол Ресей үкіметі есебінен Тәжікстан мектептерінде орыс тілін үйрету бағдарламасын енгізуді ұсынып отыр. Каромат Шариповтың сөзіне қарағанда, егер қазірден мектеп бағдарламаларына орыс тілін енгізе бастаса, 2015 жылға таман тәжік жастары оны әжептәуір деңгейде білмек.

Мигранттар арасында жүргізілген сауалнамаларға қарағанда, респонденттердің 40 пайызы орыс тілінде сөйлескенде қиналады, 3 пайызы мүлдем орысша сөйлей алмайды. Бірақ кейбір сарапшылар Ресейдегі шетелдіктердің арасында орыс тілін білмейтіндер бұдан анағұрлым көбірек деп есептейді.

«ОРЫС МАРШЫ»

Ресейде көршілес республикалардан келген азаматтарға деген көзқарас бұрынғыдай – ушығып тұр. Мыңдаған радикалды ниеттегі ресейліктер 4 қарашада – Халық бірлігі күні Мәскеуде өткен «Орыс маршына» жиналды. Полицияның айтуынша, ол жерде 7 мың адам болған. Ұйымдастырушылар 25 мың адам келді отыр.

Мұндай «орыс марштары» Ресейдегі орыстардың құқықтарын қорғау ұранымен өтеді. «Бірақ бұл акция барысында Люблино маңында ұлтаралық араздықты тұтатын ұрандар шығып жатты, оларға қатысты

«Орыс маршына» шыққандар Ресейге шетелден мигранттардың келуіне қарсы ұран ұстап тұр. Мәскеу, 4 қараша 2011 ж.

құқық қорғау органдары тиісінше жауап қайтарған жоқ» деп жазады Азаттық радиосының орыс қызметі.

Әлеуметтану ғылымының докторы, этносаяси және аймақтық зерттеулер орталығының директоры Владимир Мукомельдің айтуынша, бұл шаралардың тасасында «Ресей – этникалық орыстар үшін» ұраны тұр.

– Бұл жағдай Ресейдің ішкі саясатындағы адамдардың көбінің көңілінен шығады. Әңгімені әлеуметтік мәселелерден этникалық арнаға бұру – биліктің мүддесіне сай. Тоғышар адамға жауды «бөтеннен», «жаттан» көрген жеңілірек. Оңай шешім іздеу – біздің қоғамымызға тән сипат. Өкініштісі де сол, – дейді Владимир Мукомель.

Оның айтуынша, ұлтаралық қарым-қатынастар сайлау алдындағы тартыста да сөз болады. «Бағдарламалар – бір бөлек, партиялар сайлау алдында бағдарламалық құжаттарынан әжептәуір ерекшеленетін декларациялар шығарып тұрады. Осылайша ұлтаралық қарым-қатынас мәселелері, мигранттарға деген көзқарас дәл ксенофобиялық сарында айтылады» дейді әлеуметтану ғылымының докторы.

«Орыс маршын» өткізу қарсаңында ұлтшылдар жікке бөлінді. Біреулері көшелерге «Кавказды асырауды доғарайық!» ұранымен шықпақ болса, екінші топ, керісінше, «Кавказ болмаса, Ресей де жоқ!» деген ұранды жөн көрді.

«Отвага» патриоттық ұйымы төрағасының орынбасары Александр Фурсовтың пікірінше, ұлтшылдар қозғалысын жікке бөліп, арандатып отырған – «Единая Россия» партиясы.

– Ұлтшылдар қозғалысының ішінде әртүрлі топтардың бірталайы бар. Басқарушы партия олардың біразын пайдаланып отырады, наразылықтардың бүкіл елді шарпуына мүдделі емес, – деп мәлімдеді Фурсов.