Ресей телеарнасының «концлагерь» жайлы хабары

Ресей телеарнасының «Украина салынып жатқан концлагерь» туралы хабарынан скриншот.

Ресей телеарнасының «Украинада салынып жатқан концлагерь» деп сипаттаған ғимараты заңсыз мигранттарды уақытша ұстайтын орын болып шықты.
Ресей мемлекеттік ақпарат құралы «Украинаның оңтүстігінде концлагерь салып жатыр» деп хабарлады. Осы ақпаратқа сүйенген Ресей сыртқы істер министрлігі «алаңдаушылық білдірген» мәлімдеме жасады. Бірақ олардың «концлагерь» деп жүргендері заңсыз мигранттарды уақытша ұстауға арналған орын дейді Украина ресми орындары.

ҮРЕЙЛІ РЕПОРТАЖ

Ресей телеарнасы көрсеткен репортажды дауысын өшіріп тастап қарасаңыз, кәдімгі қызу құрылыс жүріп жатқан жерді көресіз.

Ал дыбысын қоса қалсаңыз, тележурналист Аркадий Мамонтовтың сөздері үрей ұшырады. Қорқынышты музыка тұла бойыңды шымырлатады. Камера кірпіш қабырғадан шығып тұрған құбырды, одан соң бірден жуынатын орын сияқты бір жерді көрсетеді.

Мамонтовтың айтуынша, бұл ғимараттың не мақсатпен салынып жатқаны түсінікті: «бұл – «Оңшыл секторға» қарсы шыққандарға, Киевтегі ресми билік «сепаратистер» деп атап жүргендерге арналған концлагерь».

ВИДЕО: Ресей телеарнасы рептортажы

Бұл хабар сәуірдің 27-сі күні Ресейдегі телеарнадан берілген соң Ресей сыртқы істер министрлігі «нацистердің концентрациялық лагерьлерін еске түсіретін» ғимараттардың салынуына байланысты «қатты алаңдайтынын» білдірген мәлімдеме таратты.

ЯНУКОВИЧТІҢ ТҰСЫНДА БАСТАЛҒАН ҚҰРЫЛЫС

Бұл ғимарат Украинаның Кремльді қолдайтын бұрынғы президенті Виктор Янукович билікте болған кезден, 2012 жылдан бері салынып жатыр. Заңсыз мигранттарды уақытша паналататын екі ғимарат салу жобасын Еуропа Одағы қаржыландырып отыр.

– Украина заңдарына сәйкес бұл нысандар заңсыз мигранттар мен азаматтығы жоқ адамдарды елден депортациялау туралы шешім шыққанға дейін уақытша паналататын орын ретінде салынып жатыр. Бұл орында Украина азаматтарын ұстауға жол берілмейді, – деді Азаттық радиосының Украин қызметіне сұхбат берген Украина мемлекеттік миграция қызметінің баспасөз хатшысы Сергей Хунко.

Мәскеу өзі заңды үкімет ретінде мойындамай отырған Киевтегі жаңа басшылыққа қатысты үрейді арттырып, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Совет одағының жеңісін алға тарту арқылы орыс патриотизмін күшейтіп, «1940 жылдардағы нацизм қайта бас көтерді» деп насихаттауға тырысып жатқан тәрізді.

Оңшыл бағытты қолдайтын «Свобода» партиясы кейбір кішігірім лауазымды орындарды иемденгенімен, Украинада әсіреұлтшылдық белең алды деуге еш негіз жоқ. Ресейлік журналист Аркадий Мамонтов ерекше атап өткен, Мәскеудегілер орыстілділерге қауіп төндіретін ұйым етіп сипаттайтын әсіреұлтшыл топ – «Оңшылдар секторы» басшысы Дмитрий Ярош, сауалнамаларға қарағанда, президент сайлауында бар болғаны 2 пайыз дауыс жинайтын сыңайлы.

Репортажда Мамонтовтың әріптесі мигранттар паналайтын орынды Еуропа Одағы салып жатқанына наразы болып: "Еуропа Одағының депортация лагерін салатындай мүддесі не?" деп сұрайды. Бірақ ол "Еуропа Одағының концлагерь салуға көмектесердей не мүддесі бар?" деген сауал қойған жоқ.

Глэн Кейтстің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.