Елена Рыбакина – әлемнің бірінші ракеткасы. Қазақстандық теннисші бұл жетістікке қалай жетті?

Елена Рыбакина US Open жарысында. Нью-Йорк. 9 қыркүйек 2026 жыл.

Шамамен екі жыл уақыттан кеін әйелдер теннисінде жаңа бірінші ракетка болады. Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина дүйсенбі, 14 қыркүйектен бастап, әйелдер арасындағы әлемдік рейтингіде бірінші орынға шығады.

Рыбакина әлемдегі ең ірі төрт Қазір теннистен төрт Grand Slam жарысы бар: Австралияда өтетін Australian Open, Франция ұйымдастыратын Roland Garros, Британияда өтетін Wimbledon және Нью-Йоркта болатын US Open. бірі US Open жарысының жартылай финалына шықты. Ол ширек финалда Қытай теннисшісі Циньвэнь Чжэнді (Париж олимпиадасының чемпионы) үш сетте жеңді – 3:6, 6:1, 6:4. Қазақстан теннисшісі жартылай финалға шығу арқылы WTA (Әйелдер теннисі қауымдастығы) рейтингідегі ұпайын 8681-ге жеткізді.

Ал екі жылдай әлемнің бірінші ракеткасы болған Арина Соболенко (Беларусь) енді рейтингіде төменге сырғиды. Қазір Соболенкода 7355 ұпай бар. Ол US Open жарысын жеңгеннің өзінде 8575 ұпай болады. Демек Рыбакина US Open жарысында кім жеңіске жетсе де, келесі аптадан бастап рейтингіде бірінші орынға шығады.

Әйелдер теннисінен Live рейтинг. 9 қыркүйектегі жағдай. Рыбакинада қазір 8861 ұпай бар. Ал финалға шықса 9201 ұпай, турнирде жеңсе 9901 ұпай иеленбек.

27 жастағы Рыбакина – теннистен әлемдік рейтингіде бірінші орынға шыққан алғашқы қазақстандық теннисші әрі теннис тарихында бірінші ракетка атанған 31-теннисші. Енді оның есімі Серена Уильямс (АҚШ), Мартина Навратилова (АҚШ), Мария Шарапова (Ресей), Мартина Хингис (Швейцария) сынды теннис жұлдыздарының қатарында аталады.

Рыбакина US Open жарысын әлі жалғастырып жатыр, бұл турнирдегі кубокқа таласады. Жартылай финалдағы қарсыласы америкалық Коко Гауфф (әлемнің 4-ракеткасы) болмақ. Екінші жартылай финалда Соболенко мен тағы бір америкалық Джессика Пегула (әлемнің 3-ракеткасы) кездеседі. Екі жұпта жеңіске жеткен теннисшілер жексенбі, 13 қыркүйектегі финалда ойнамақ.

Рыбакина Қытай теннисшісі Чженді жеңіп, әлемнің бірінші ракеткасы болатынын білгенде "Бұл – жай ғана сан. Менің мақсатым – әр қатысқан турнирде жеңіске жету. Бұл – керемет жетістік, бірақ теннистегі рейтингіде бәрі жылдам өзгереді" деді.

РЕЙТИНГІДЕ ҰПАЙ ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЛЕДІ?

Теннисшілер әр қатысқан жарыстағы жеңісі үшін ұпай алады. Ұпай көлемі алғашқы кезеңнен аз-аздан басталып, ең көп ұпайды жартылай финал, финал және турнирді жеңгені үшін алады. Мысалы, Grand Slam жарыстарында жеңіс үшін 2000 ұпай, финалға 1300 ұпай, жартылай финалға 780 ұпай беріледі.

Бұған қоса WTA ұйымдастыратын WTA-125, WTA-250, WTA-500, WTA-1000 ұпайлық турнирлер бар. Яғни, 250 деңгейіндегі турнирде жеңіске жеткен теннисшіге 250 ұпай беріледі. Ал мыңдық турнирдің жеңімпазы рейтингіне мың ұпай қосып алады. Теннисші жинаған ұпайлары бір жыл рейтингінде болып, жарыс басталғанда күйіп кетеді де, оны жарыста қайта қорғауы керек. Мысалы, Рыбакина биыл қаңтарда Australian Open жарысында жеңіске жетіп, 2000 ұпай иеленді. 2027 жылы қаңтарда Рыбакинаның бұл ұпайы рейтингіден алынып тасталады. Ол қайта жеңіске жетіп, 2000 ұпайды қорғауы керек.

РЫБАКИНАНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНҒА ДЕЙІНГІ ЖОЛЫ

Рыбакина бірнеше жылдан бері әлемнің ТОП-10 теннисшісі қатарында болды. 2022 жылы Grand Slam жарысы қатарына енетін Лондондағы Wimbledon жарысын жеңді. 2023 жылы Australian Open финалына шықты, Индиан Уэльс (АҚШ) пен Римдегі (Италия) WTA-1000 жарыстарда жеңіске жетті. Бірақ 2024 жылдың 21 қазанынан бері әлемнің бірінші ракеткасы болып тұрған Соболенконы рейтинг басынан ығыстыру қиын көрінген.

Дегенмен Рыбакинаның рейтингідегі ұпайы 2025 жылдың күзінде өсе бастады. Ол былтыр қазанда Нингбода (Қытай) өткен WTA-500 жарысында топ жарды да, рейтингіне 500 ұпай қосты. Қарашада жылдың үздік сегіз теннисшісі қатысатын WTA Finals жарысында жеңіске жетіп, 1800 ұпай иеленді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Рыбакина WTA Finals турнирінде жеңіске жетті. Жеңісі үшін $5,2 млн алады

Ал биыл қаңтарда Australian Open жарысындағы жеңісі үшін 2000 ұпай еншіледі. Көктемде Штутгардтағы WTA-500 турнирін ұтып, тағы 500 ұпай қосып алды. Бірнеше жарыстың финалында, жартылай финалында ойнады. Міне, осы жинаған ұпайларының арқасында бірінші орынға шықпақ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Соққылары таза, дыбысы да бөлек". Рыбакинаның Australian Open жарысындағы жеңісі

Бірінші орынды ұстап тұру үшін Рыбакина алда Қытайда өтетін ірі жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп, ұпайын арттыруы керек. Демек алда әлі бәсеке күтіп тұр. Бірақ тартысы өте жоғары теннисте әлемдік рейтингіде бірнеше апта бірінші орында тұрудың өзі жетістік саналады.

"ҚАЗАҚСТАНҒА АЛҒЫС"

Ресейде туған Елена Рыбакина 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алып, содан бері Қазақстан атынан жарыстарға қатысып келеді. Ол теннистегі ірі жетістігінің бәріне Қазақстан туы астында жетті.

US Open жарысындағы ширек финал матчынан кейін баспасөз мәслихатында Рыбакина Қазақстанға алғыс айтты.

"Бұл – тарихи оқиға. Қазақстан атынан жарысқа қатысатынымды мақтан тұтамын. Қазақстанда қай қалаға барсам да мені теннис ойнайтын көп бала күтіп алады. Қазір елде көп бала кортқа келіп, теннис ойнап жатыр. Менен көп жастардың үлгі алғанын көргенде сүйсінемін. Қазір Қазақстанда емеспін, бірақ елге барып, алғысымды білдіргім келеді" деді ол.

Рыбакина Қытай теннисшісі Циньвэнь Чжэнді (ақ формада) жеңген сәт. Нью-Йорк. 9 қыркүйек 2026 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев теннисшіні әлемнің бірінші ракеткасы болуымен құттықтады.

"Сіз айрықша талант пен тынымсыз еңбектің және өзіңізге деген нық сенімнің арқасында WTA рейтингінде көш бастап, биік шыңды бағындырдыңыз. Осынау тарихи жеңісіңіз қазақ спортының даңқын асырды. Есіміңіз әлемдік теннис жылнамасынан ойып тұрып орын алды. Сіздің жетістікке толы жолыңыз – еліміздің жас спортшылары мен дүниенің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис жанкүйері үшін үлгі-өнеге" деді Тоқаев құттықтауында.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Өзімді қазақ сезінемін". Рыбакина мен Путинцеваның жеңісі де, Қазақстанға ауысуы да сөз болды