Вашингтонда тіркелген, саяси стратегия мен шешімдер ұсынатын New Lines институты АҚШ билігіне Орталық Азиядағы 5 елді және Ауғанстан мен Пәкістанды қамтитын SilkSeven+, яғни S7+ экономикалық блогын дамытуды ұсынып отыр. Институт АҚШ үшін осы аймақты интеграциялап, қарым-қатынасын дамыту тиімді дейді. Бұл идеяны іске асыру қаншалық мүмкін? Ресей мен Қытай оған қалай қарайды? Азаттық осы сұрақтарды Вашингтондағы Хадсон институтының зерттеушісі Кен Мориасуға қойды.
Your browser doesn’t support HTML5
С5-тің орнына S7+. Орталық Азия үшін талас басталды ма?
ЭКОНОМИКА АСТАРЫНДАҒЫ САЯСАТ
Азаттық: Вашингтондағы New Lines институты S7+ бастамасын аймақтық экономикалық серіктестік ретінде таныстырып отыр. Сіздіңше, бұл шынымен экономикалық жоба ма, әлде экономикалық тілмен бүркемеленген геосаяси ықпалды арттыру стратегиясы ма?
Кен Мориасу: Меніңше, кез келген нәрсенің қауіпсіздік қыры болады. Бірақ бұл Американың басты месседжі болмауға тиіс және оның қажеті де шамалы. Ол 100 пайыз біржақты болуға міндетті емес. Егер 100-дің 52 пайызы экономикалық интеграция болса, бұл АҚШ үшін қазірдің өзінде үлкен плюс әрі жеңіс болар еді.
Жалпы алғанда, осы жеті елдің арасында экономика дамитын болса, бұл әдетте бейбіт жағдайды қалыптастырады және жеті елдің бәріне қақтығыстардан қашуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл – жақсы бастама. Қазір Орталық Азияның бес елі әлемдегі ең бейбіт аймақтардың бірі деп есептеймін, өйткені бұл елдер арасындағы шекаралық даудың көбі шешілді. Ресей қазір Украина мәселесімен әлек болып жатыр. Қытай аймаққа енуге тырысып жатыр, бірақ мұны өте абайлап, білдіртпей жасап отыр, яғни басқыншылық сипатында емес. Ал Трамп әкімшілігі бұл өңірге Қытайдың ықпалын теңгеру тұрғысынан үлкен қызығушылық танытып отыр. Сонымен, C5 өңірі – әлемдегі сирек кездесетін нағыз бейбіт аймақ.
Ал осы бейбітшілік аймағын Ауғанстан мен Пәкістанға дейін кеңейту идеясы өте орынды. Ауғанстан мен Пәкістан өзара қақтығысын тоқтатып, осы бейбіт аймаққа қосылуға келісе ме, жоқ па, ол – өз еркіндегі шаруа. Бұл – үлкен сұрақ. Дегенмен, бейбітшілік аймағын кеңейту жақсы үрдіс деп ойлаймын. Бұл әлемнің де, АҚШ-тың да мүддесіне сай келеді.
АҚШ өз мүддесін дұрыс қорғай білсе, осы бейбіт ынтымақтастықты АҚШ мүддесіне қарай бағыттаудың жолы табылады деп ойлаймын. Қытайдың батыс іргесінде, Орталық Азияда АҚШ-пен достық ниеттегі елдер аймағын құру АҚШ стратегиясы үшін аса маңызды.
Азаттық: Қазақстан кейінгі отыз жылда Ресей, Қытай, АҚШ және Еуроодақ арасында көпвекторлы саясат ұстанып келеді. Бірақ Ибраһим келісіміне қол қоюы, Трамптың "Бейбітшілік кеңесіне" қосылуы Астананың сол теңгерімнен біртіндеп алыстап бара жатқанын білдірмей ме? Енді S7+ концепті шеңберінде геосаяси интеграцияға қосылса, бұған Пекин мен Мәскеудің реакциясы қалай болуы мүмкін?
Қазақстан Ресеймен және Қытаймен қарым-қатынасын үзіп, Жапония, Оңтүстік Корея немесе Австралия сияқты толықтай Батыс елдерінің ықпалына өтсе, бұл АҚШ үшін ауыр жүк болар еді.
Мориасу: АҚШ-қа Қазақстанның өзінің көпвекторлы сыртқы саясатынан бас тартуы қажет емес. Керісінше, Қазақстанның осы бағытты сақтауы АҚШ-тың мүддесіне сай келеді. Себебі, егер Қазақстан Ресеймен және Қытаймен қарым-қатынасын үзіп, Жапония, Оңтүстік Корея немесе Австралия сияқты толықтай Батыс елдерінің ықпалына өтсе, бұл АҚШ үшін ауыр жүк болар еді. Өйткені Вашингтон Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беруге мәжбүр болады, ал қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес. Вашингтонға Қазақстаннан керегі – оның толықтай Қытайдың жағына шығып кетпей, теңгерімді сақтауы ғана.
Ал Қытайдың мақсаты мүлдем бөлек. Пекин Қазақстанның жай ғана дос емес, ажырамас бизнес серіктес болғанын қалайды. Тіпті кейбір қытайлық ғалымдардың пікірінше, тек экономикалық байланыстар қарым-қатынасты нығайту үшін жеткіліксіз. Олар АҚШ-тың Азиядағы бес одақтасы – Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия, Филиппин және Тайландпен қарым-қатынасына үлгі ретінде қарайды. Бұл елдердің Америкамен одақтас болуының себебі құндылықтардың ортақтығында емес, АҚШ-тың бұл елдердің қауіпсіздігіне қыруар қаржы жұмсап, кепілдік беріп отырғанында. Мысалы, АҚШ-тың Жапонияда 54 мың, Оңтүстік Кореяда 24,5 мың әскері бар. Бұл көп ресурсты талап етеді әрі біржақты қарым-қатынастың көрінісі.
Қытай осы құрылымға қарап отырып, болашақта Қазақстанды өз жағына біржола шығарып алуды көздейді. Егер Қазақстан көпвекторлы саясатын сақтаса, ол Қытайдың "қауіпсіздік аймағына" кіргісі келмейді. Қазақстанның бейтарап қалып, барлық тараппен жақсы қарым-қатынаста болуы Қытайды үнемі сақтықта ұстайды. АҚШ-қа керегі де осы. Өйткені Қытай Еуразияның жүрегін, соның ішінде Қазақстанды 100 пайыз өз бақылауына алғанына сенімді болса, онда ол теңіз жолдарына тәуелді болмайды. Яғни, АҚШ-тың әскери-теңіз флотынан тарықпай, құрлық арқылы энергия құбырлары мен теміржолдарды еркін пайдалана алады. Егер бұл есеп айырысулар доллармен емес, юаньмен жүрсе, олар санкция қаупінен де құтылады.
Нақты айтқанда, Қытайдың жоспары – Еуразияның ортасында АҚШ пен оның одақтастары ықпал ете алмайтын "оқшауланған бекініс" құру. Бұл стратегияда Қазақстан негізгі рөл атқарады. Қытай осы еуразиялық бекінісін толық аяқтағаннан кейін ғана, шамамен 2049 жылға қарай сыртқа күш көрсетуді, соның ішінде Тайвань мәселесін шешуді бастауы мүмкін. Меніңше, Қытай Еуразияның қақ ортасындағы, әсіресе Қазақстандағы қауіпсіздігіне толық сенімді болмайынша, Тайваньға қатысты кесімді іс-қимылға бармайды.
РЕСЕЙ МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ТЕПЕ-ТЕҢДІК
Азаттық: Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ресей Қазақстаннан Германияға мұнай жеткізетін құбырды жауып тастаған. Агенттіктің жазуынша, бұл Ресей мен Германияның арасындағы саяси дағдарыс кесірінен болған. Яғни Ресейдің өзге елге наразылығы Қазақстан экономикасына әсер етіп отыр. Осыны ескерсек, S7+ сияқты бастамаларға Ресейдің реакциясы қалай болуы мүмкін?
Мориасу: Қазақстан өзінің мұнай экспортының 80 пайызын Каспий құбыр консорциумы арқылы Қара теңізге шығарады. Бұл – Ресей бағытына тым қатты тәуелді болу деген сөз. Сосын құбырдың Украина дрондарының соққысынан алдымен қарашада, кейін сәуірде екі рет зақымдануы қауіптің жоғары екенін дәлелдеді. Ал Ресейдің Германияға баратын мұнайды тоқтатып тастағаны Қазақстан үшін Ресейге шамадан тыс тәуелді болудың қаншалық қатерлі екенін тағы да айқындап берді.
Егер Иран тұрақты, Батысқа ашық және бизнес үшін қолайлы елге айналса, Қазақстан үшін бұл Ауғанстан мен Пәкістан арқылы өткеннен әлдеқайда оңай жол болар еді.
Қазір Қазақстанда екі жол бар: не осы олқылықтың орнын толтыру үшін Қытайға мұнай экспортын арттыру, не "Орта дәліз" арқылы Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы Жерорта теңізіне шығу. Кейінгісі олар үшін ең қолайлы бағыт деуге болады. Бірақ егер S7+ жобасы өміршең экономикалық аймаққа айналса, Қазақстан үшін Пәкістан арқылы ашық теңізге шығатын тағы бір балама жол пайда болады. Әрине, бұл – болашақтың еншісіндегі шаруа.
Сонымен қатар, біз Иран факторын да ескеруіміз керек. Егер Иран тұрақты, Батысқа ашық және бизнес үшін қолайлы елге айналса, Қазақстан үшін бұл Ауғанстан мен Пәкістан арқылы өткеннен әлдеқайда оңай жол болар еді. Мұнайды Каспий арқылы Иранның солтүстігіне жеткізіп, оңтүстігінен сол көлемдегі мұнайды экспорттау (своп-операциялар – ред.) арқылы құбыр салмай-ақ сауда жасауға болады. Бұл – Қазақстан үшін өте тиімді әрі шынайы нұсқа. Қалай болғанда да, мұның бәрі көпвекторлы сыртқы саясаттың қаншалықты маңызды екенін және елдің осал болмауы үшін балама бағыттардың көп болуы қажеттігін көрсетеді.
Азаттық: Сирек металдар қорын талқыласақ. Бүгінде Қазақстан өндіретін сирек металдың 100 пайызы Қытайға кетеді. S7+ концептінде бұл өнімдерді жаһандық нарыққа ашық ету туралы айтылады. Сонда өңірдегі сирек кездесетін металдар нарығына қатысты Вашингтон Қытай бере алмайтын қандай нақты балама ұсына алады?
Мориасу: Қазақстанның алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі — "Орта дәлізден" бастап түрлі сауда жолдары арқылы сирек кездесетін металдарды экспорттауға көмектесу. Бірақ қазір жаңаша ойлау бағыты пайда болды: егер бұл минералдар мен энергия жасанды интеллект әлеміне және дата орталықтардың электр қуатына деген сұранысын өтеуге қажет болса, онда неге сол дата орталықтарды Қазақстанның өзінде салмасқа? Минералдарды сыртқа тасығанша, неге деректерді өңдеу инфрақұрылымын осында орнатпасқа?
Әрине, бұл үшін Қазақстан халықаралық қауымдастықтың сеніміне ие болуы керек. Бұл тек Қазақстан үшін емес, барлық энергияға бай елдер үшін қызық жол деп ойлаймын. Болашақта энергияны экспорттау үшін емес, керісінше, энергия көзіне жақын жерде дата орталықтарды салу үшін басқа елдердің "сеніміне кіру" жолында үлкен бәсеке басталады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
C5 еді, C8 бола ма? Трамп әкімшілігінің Орталық Азияға қатысты саясаты қандай болмақ?АУҒАНСТАНМЕН ИНТЕГРАЦИЯ
Азаттық: Концептіде Ауғанстанды "қауіпсіздік мәселесі" емес, "экономикалық хаб" ретінде қарастыруды ұсынады. Бірақ Қазақстан мен Өзбекстан үшін Ауғанстан – әрі қауіпсіздік мәселесі, әрі экономикалық мүмкіндік. Санкцияланған, ресми танылмаған тәліптер үкіметімен АҚШ осы концепт шеңберінде ортақ сауда ережелерін құра ала ма?
Мориасу: АҚШ-тың Ауғанстандағы өткен тарихына қарасақ, бұл жоспардың жүзеге асуы екіталай көрінеді. Картаға үңілсек, Тәжікстан мен Пәкістан арасында Ауғанстанды айналып өтетін тікелей жол болса, бұл ұсыныс әлдеқайда қолайлы болар еді. Бірақ географияның заңы солай, Пәкістанға жету үшін міндетті түрде Ауғанстан арқылы өтуің керек. Сондықтан бұл жобаның табысты болуы Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы бейбітшілікке және тәліптер үкіметінің сенімді сауда серіктесі бола алуына тікелей байланысты.
Әсіресе Америкада бұл жеті елдің экономикалық интеграциясына көмектесу идеясына қатысты үлкен қарсылықтар болады. Егер тәліптердің әйелдерге қатысты саясаты осылай өзгермей жалғаса берсе, АҚШ Конгресі мұндай жобаларға қаржы бөлуге үзілді-кесілді қарсы шығатыны анық. Олар тәліптерден әйелдердің университеттерде оқуы мен жұмыс істеуіне рұқсат беруді талап етеді. Бұл Ауғанстан мен АҚШ арасындағы жаңа шиеленіс ошағына айналуы мүмкін.
Азаттық: Осы концептінің бұрынғы нұсқасында Әзербайжан жеті елдің бірі ретінде көрсетілген екен. Кейінірек ол тізімнен шығарылып, бірақ аймақтық альянс аясында әлі де қарастырылып отырған сияқты. Қазір сол жеті елдің қатарына Пәкістан енген. Ең қызығы, Ауғанстан да осы ауқымды концепцияның бөлігіне айналған. Сіздіңше, Ауғанстанды бұл жобаға қосудың артында қандай қисын жатыр?
Мориасу: Меніңше, Ауғанстан мен Пәкістанға сенім артқаннан көрі, бұл блокқа Әзербайжан, Армения және Түркияны қосса, әлдеқайда берік экономикалық одақ болар еді. Иран мәселесінде әлі де күту керек, бірақ негізгі альянста Орталық Азияның бес елі, Кавказдың үш елі және Түркия тұруға тиіс деп есептеймін. Бұл C9 (Мұндағы C ағылшын тіліндегі Central Asia сөзінің алғашқы әрпі – ред.) блогы болар еді. Бұл құрылым АҚШ стратегиясы үшін шешуші рөл атқарады.
Егер бұған Иранды қосып, C10 деңгейіне жеткізсек, бұл Жерорта теңізіне, Арабия теңізіне және Парсы шығанағына шығатын сан алуан бағыттары бар өте қуатты блокқа айналар еді. Ал Ауғанстан мен Пәкістан мәселесін содан кейін ғана қарастыруға болады. Бұл әлдеқайда тұрақты жол, дер едім.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Орталық Азия сирек минералдар өндіру бойынша Қытаймен бәсекеге түсе ала ма?ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҮДДЕСІ
Азаттық: S7+ Иранды айналып өтіп, Ресейдің транзиттік ықпалын азайтуды көздейді. Алайда Қазақстан жақында ғана Мәскеумен стратегиялық серіктестікті нығайтты, ал Каспий арқылы өтетін сауда жолдары Иран арқылы өтеді. Ең ірі екі көршіні айналып өтуге негізделген концепт Астана үшін экономикалық зардапсыз жүзеге асуы мүмкін бе?
Мориасу: Қазақстан шынымен Ресей мен Иранды айналып өткісі келсе, онда Әзербайжан жалғыз әрі шешуші өткелге айналады. Бұл Әзербайжанды теңіздегі Малакка немесе Ормуз бұғаздары сияқты маңызды "тар өткелге" айналдырады. Қазіргі [Әзербайжан президенті Илхам] Әлиев өте сауатты әрі сабырлы стратег, бірақ Әзербайжанның болашақ басшылары қандай болатынын ешкім білмейді. Сондықтан бір ғана нүктеге тәуелді болу әрқашан қауіпті.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан АҚШ-пен тығыз жұмыс істеуі керек, сонда ғана Иранның болашағы болжамды, тұрақты әрі бизнеске ашық болады. Егер бұл қазіргі жүйені сақтай отырып, оны іштей өзгертуді немесе хаосқа жол бермейтін басқа жолды білдірсе, Қазақстан соны талқылауы қажет.
Ал егер Қазақстан Ирандағы ислам әкімшілігі бизнеске ашықтық таныпай, әсіресе, Израильге қарсы "радикал ұстанымын" жалғастыра береді деп ойласа, онда ондағы режимнің ауысуын қолдауы керек. Қалай болғанда да, Астана Ақ үймен қоян-қолтық кеңесіп отыруға тиіс. Қазір бұған мүмкіндік мол, өйткені Трамп Орталық Азиямен байланысқа құлшынып отыр.
Қазақстан Бейбітшілік кеңесінің әлеуетін пайдаланып, Трампты Иранның болашағын талқылауға шақыруы керек. Білуімше, кейінгі алты айда Тоқаев Трамппен үш рет, Мирзияев төрт рет кездесті. Әлиев те онымен бірнеше мәрте кездесті. Яғни Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан көшбасшыларының Ақ үйге тікелей шығу мүмкіндігі бар. Олар осы мүмкіндікті пайдаланып, Иранның болашағы туралы Трамппен ашық сөйлесуі қажет.
Азаттық: Кейінгі он жылда дипломатиялық келіссөздерге ұласқан C5+1 форматы бар. Бастапқыда министрлер деңгейінде болды. Кейін президенттер кездесе бастады. Еуропа көшбасшыларымен, тіпті, Жапониямен осы формат аясында кездесулер болды. Ал мынау соның басқа түрі екені, бірақ экономикаға негізделгені жазылған. Бұл C5+1 форматының шектеулі екенін, өңірлік интеграция үшін үлкенірек экономикалық формат қажет екенін білдіре ме?
Мориасу: Иә, меніңше, түрлі форматтарды сынап көруге болады. Осыған ұқсас бастамалар Үнді-Тынық мұхиты аймағында да болды. Онда түрлі альянстар бар. Мысалы, АҚШ, Жапония, Үндістан және Австралия арасында төртжақты қауіпсіздік диалогы бар, сондай-ақ АҚШ-Жапония-Оңтүстік Корея үшжақты форматы бар. Біздің түсінгеніміз, төрттік құрамында Үндістан болғандықтан, ол тиімділігі жағынан ақсайды. Өйткені Үндістан – көбірек баланс сақтағысы келетін алпауыт ел, ол Тайвань шиеленісі сияқты мәселелерде АҚШ және Жапониямен кеңесуге құлықсыз.
Ал Пентагонға АҚШ, Жапония, Австралия, Филиппин арасындағы альянс көбірек ұнайды. Өйткені Тайваньға басып кірудің алдын алуда АҚШ әскери-теңіз флоты үшін шешуші базалар сол Жапония мен Филиппинде орналасқан. Бірақ нағыз пікірлес одақтастар деп АҚШ, Жапония және Австралия арасындағы альянсты айтар едім. Жапония мен Австралия қазір іс жүзінде одақтасқа айналды: кеше ғана Жапонияның Австралия үшін фрегаттар, яғни әскери кемелер салу туралы ірі келісім жасалғаны жайында хабар тарады. Австралия мен Жапония арасындағы одақтастықтың да нығая түскенін білдіреді. Сондықтан АҚШ-қа бұл екі елмен бірге ынтымақтастықты дамыту әлдеқайда оңай.
Бұл өте табиғи әрі тұрақты үшжақты формат деуге болады.
Орталық Азия да осы жолмен жүруі керек. S7, C10, C9 немесе Әзербайжанмен бірге C6 форматын сынап көру қажет. Қайсысы "өміршең" болса, соған тоқталу керек. Қытайдың Орталық Азия елдеріне "Бізсіз жаңа келісімдерге немесе топтарға кірмеңдер" деп ескерту жасағаны туралы естідім. Бұл Пекиннің жаңа форматтардан қатты сескенетінін білдіреді. Әрбір жаңа альянс Қытай үшін қосымша белгісіздікті тудырады, АҚШ-қа да керегі сол болып отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Орталық Азия одағы құрыла ма? Баку аймаққа, аймақ Бакуге не үшін керек?ҚЫТАЙ МЕН АҚШ БӘСЕКЕСІ
Азаттық: Қырғызстан мен Тәжікстандағы тау-кен өндірісіне қатысты жобалардың көбі Қытайдың қолында. Пекин аймақтық уран байыту саласында да басымдыққа ие. Ауғанстанда да 15-тен астам келісімшартқа қол қойып үлгерді. Осы тұрғыдан алғанда, S7+ шынайы стратегиялық балама бола ала ма, әлде Вашингтон бәсекеге тым кеш және жеткіліксіз ресурстармен келіп отыр ма?
Мориасу: АҚШ-қа Қытайдың орнын басудың қажеті жоқ. Қытаймен бәсекелесу үшін Ауғанстанмен 15 келісімшартқа қол қоюдың да керегі шамалы, бұл мүмкін емес нәрсе. Стратегия асимметриялық болуға тиіс. Америкаға керегі осы жеті елдің мүмкіндігінше көбімен достық қарым-қатынасты сақтау, сонда олардың ешқайсысы біржола Қытайдың лагеріне өтпеуі болып отыр.
Негізгі мақсат – тежеу. Яғни, Қытайдың Азияда үстемдік орнатуына жол бермеу. Ол үшін Қытайдың "Еуразия жүрегіндегі бекінісіміз дайын болды" деген иллюзиясын бұзу керек. Өйткені Қытай сол бекіністің дайындығына, "қауіпсіз аймақтың" беріктігіне 100 пайыз сенімді болған сәтте ғана өзінің үлкен стратегиясының келесі кезеңіне көшеді.
Тежеу стратегиясы Қытайдың сенімділігі 100 пайыз емес 99 пайыз болғанда да жұмыс істей береді. АҚШ пен оның одақтастарына Қытайдың сенімін бар болғаны 1 пайызға төмендету жеткілікті. Барлық 100 пайызды жоюдың қажеті жоқ. Сондықтан бұл мақсатқа жетудің нақты жолы бар деп есептеймін.