Семейде 18 жастағы сарбаз қазасы бойынша офицерге де айып тағылды

Марқұм Мұхаммедияр Тастан (архив фотосы)

Шығыс Қазақстан облысындағы Құмбел шекара бөлімшесінде әскери борышын өтеп жүріп, өзін-өзі атып жіберген 18 жастағы қатардағы жауынгер Мұхамедияр Тастанның ісі бойынша енді офицерге де айып тағылды. Бұл жөнінде адвокат Батырбек Арынтаев хабарлады.

Іс бойынша 2025 жылғы шілдеде кіші сержант Азамат Тақыбаевқа үкім шыққан. Сот оны сарбазға физикалық және моральдық қысым көрсетті деп танып, алты жылға бас бостандығынан айырған.

Your browser doesn’t support HTML5

Сарбаз өзін атып тастады. Бұған тек сержант кінәлі ме?

Алайда марқұмның ата-анасы үкімге келіспейтінін мәлімдеген. Олар баласының өліміне тек бір сержант емес, бөлімше офицерлері де жауапты деп есептейді. Офицерлер сарбаздың қысым көргенін біле тұра бұған көз жұма қараған дейді олар. Марқұмның туыстары офицерлердің жауапкершілігін анықтауды талап еткен.

Осыдан кейін сот жеке қаулы шығарып, бөлімше басшылығының әрекеттерін қайта тексеруді тапсырған. Қаулыда офицерлер — Е.Тоқсанбаев, С.Ысмайл және Е.Садықовтың әрекеттеріне құқықтық баға беру қажеттігі көрсетілген. Материалдар Бас әскери прокуратураға жолданған.

Марқұм сарбаз Мұхамедияр Тастанның ата-анасының адвокаты Батырбек Арынтаевтың Азаттыққа хабарлауынша, биыл 6 наурызда Бас әскери прокуратура офицер Елжас Тоқсанбаевқа қатысты айыптау актісін шығарып, Семей горнизоны әскери сотының қарауына жіберген. Офицерге тағылған айып бойынша сот отырысы 22 сәуірде өтеді.

Бас әскери прокуратураның айыптау актісінде офицер Тоқсанбаевтың «қызметтік міндетін тиісінше орындамағаны» көрсетілген. Тергеу нұсқасы бойынша, ол жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайын бақыламаған, сарбаздармен жеке жұмыс жүргізбеген және профилактикалық шараларды ұйымдастырмаған. Сонымен қатар әскери психологтың сарбаздың жүктемеге шыдамайтыны туралы қорытындысын ескермеген болуы мүмкін екені айтылған. Құжатта Тоқсанбаевтың суицидтің алдын алу бойынша жоспарланған жұмыстарды да орындамағаны көрсетілген. Айыптау актісіне сәйкес, офицердің әрекетсіздігі бөлімшеде тәртіптің әлсіреуіне әкелуі мүмкін болған. Тергеу мұны Мұхамедияр Тастанның өліміне әкелген факторлардың бірі ретінде қарастырады.

Офицер Елжас Тоқсанбаев сот тергеуі кезінде сарбаздарға қысым болғанын білмегенін, Мұхамедияр Тастанның денесінде зорлық белгілері көрмегенін айтқан.

Сот қаулысында бөлімшенің тағы екі офицері — С.Ысмайл мен Е.Садықов туралы да айтылған. Құжатта олардың сарбазға жүктеме беру және қызмет ұйымдастырудағы рөлі қайта тексерілуге тиіс екені айтылған. Осыған байланысты материалдар жеке өндіріске бөлініп, қайта қарауға жіберілген.

Бұл әрекеттер Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі — ауыр салдарға алып келген қызметтік салғырттық бойынша сараланған. Аталған бап бойынша кінәлі деп танылған жағдайда офицер Тоқсанбаев 5 жылға дейін сотталуы мүмкін.

  • Түркістан облысының тумасы Мұхамедияр Тастан әскерге 2024 жылы қыркүйекте өз еркімен барып, екі айға жетер-жетпес уақытта, 7 қарашада өзіне қол салған. Сот материалдарына сәйкес, сарбаз старшина тарабынан қысым көріп, тым ауыр жұмысқа жегілген.
  • Әскердегі әлімжеттік, міндетті әскери қызметке алынған жас азаматтардың қауіпсіздігі мәселелерін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та көтеріп, 2026 жылғы қаңтарда Turkistan газетіне сұхбатта "бұл өркениетті елге жат, теріс үрдіс. Бейбіт заманда мұндай жайттар болмауға тиіс" деген.
  • Дегенмен кейінгі жылдары Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында мезгілсіз қаза тапқандар мен жараланғандар жиілеген. 2026 жылдың басынан бері де Қазақстанның түрлі өңірінде бірнеше сарбаз қаза болды.