Семейде полицияда Украинаны қолдап пикет өткізгісі келген тұрғынды ұстап босатты

Заңгер Ербол Аққожа "Соғысқа жол жоқ" деген плакат ұстап тұр. Семей, 15 сәуір 2022 жыл.

24 ақпанда Семейде Украинадағы соғысқа қарсы жалғызадамдық пикет өткізбек болған қала тұрғыны, адвокат Ербол Аққожаны полиция ұстап әкетіп, бірнеше сағаттан кейін босатты.

Өзінің айтуынша, ол бұған дейін 9 желтоқсанда осы пикет жөнінде жергілікті әкімдікке ескерту-хабарлама жіберген, алайда әкімдік үш күннің ішінде жауап бермеген. Ал заң бойынша уақытында жауап берілмесе, бұл пикетке рұқсат берген болып саналады деді Ербол Аққожа Азаттыққа.

Айтуынша, бір күн бұрын әкімдіктен хабарласып, пикетке рұқсат етпегендерін ескерткен.

“Бүгін Әуезов атындағы алаңға барсам, алаңда он-он бес шақты құқық қорғау орган өкілі жүр екен. Плакатты жайып та үлгерген жоқпын. “Жүріңіз, сізге қарсы арыз түсті” деп полиция бөліміне алып кетті. Олар хаттама толтырған жоқ, себебі мен плакатты да ашып үлгермедім, бұл пикетке саналмайды. "Түсініктеме жазыңыз" деді, мен "жазбаймын" дедім. Осылайша екі-үш сағаттан кейін босатты” дейді ол полиция бөлімінен шыққаннан кейін.

Азаттық әзірге Семей қалалық полициясынан жауап ала алмады.

Ербол Аққожа 2022 жылы сәуірде де осыған ұқсас пикетке шыққан. Сол кезде ол Азаттық тілшісіне өзінің ұстанымын жеткізген еді.

“Осы пикет арқылы Украина азаматтарын қолдап, сол жақта қаза болып жатқан бейбіт халық, балалардың өліміне қатысты алаңдаушылығымды білдіргім келеді. Ресей билігі оны “арнайы операция” деп қалай атаса да, бұл адам өлтіруді көздейтін соғыс” деген еді.

2025 жылдың 25 желтоқсан күнгі Ербол Аққожаға берген жауабында Семей қаласының ішкі саясат бөлімі 2026 жылдың қаңтары мен ақпан айларында өтетін шаралардың тізімі әлі толық айқандалмағанын айтып, хабарлама иесіне қосымша өтініш жіберу қажеттігін немесе шараға кемінде бір ай қалғанда осы өтініштің маңызды екенін тағы да растауын сұраған. Аққожаның сөзінше, осыдан кейін әкімдік өкілдерімен тағы бірнеше рет байланысқа шығып, талқылаған. Бірақ ақыры 23 ақпанда әкімдіктен оған хабарласып, пикетке рұқсат бермегендерін ескерткен.

24 ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіргеніне 4 жыл толды. Былтыр да Қазақстанның түрлі өңірінде бірқатар белсенділер Украинадағы соғысға қарсы акция өткізбек болғанын, бірақ жергілікті әкімдіктің рұқсат бермегенін айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Астана, Алматы, Көкшетау әкімдіктері Украинаны қолдау митингісіне рұқсат бермеді