Сенатор Джон Кертис: "АҚШ мүддесі үшін Орталық Азияның тұрақтылығы өте маңызды"

Юта штатынан сайланған Республикалық партия өкілі, сенатор Джон Кертис Азат Еуропа/ Азаттық тілшісіне сұхбат беріп тұр. Вашингтон, қазан, 2026 жыл.

Орталық Азияның тұрақтылығы АҚШ үшін неліктен маңызды? Ресей мен Қытайдың ықпалы артып келе жатқан тұста Вашингтон аймақ елдеріне не ұсына алады? Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың сапары қарсаңында америкалық сенатор Джон Кертис қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың болашағы, АҚШ-тың аса маңызды минералдарға деген қызығушылығы және қырғиқабақ соғыс заманынан келе жатқан сауда шектеулерін алып тастау мүмкіндігі туралы айтып берді.

Ресей мен Қытайдың аймаққа ықпалы артып жатқан тұста Вашингтон Орталық Азиямен қарым-қатынасты қалай нығайтпақ? АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Дипломатиялық және экономикалық мәселелерді талқылау жоспарланған Самарқан сапары қарсаңында бұл да ашық сұрақ болып тұр.

АҚШ-тың Орталық Азиямен байланысын жақсартуды жақтайтын Юта штатынан сайланған Республикалық партия өкілі, сенатор Джон Кертис әлемнің басқа бөліктерінде белгісіздік артқан тұста аймақ тұрақтылығының америкалық мүдделер үшін шешуші маңызы бар деп есептейді.

Шілде айында Кертис Сенаттың Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған №816 қарар авторларының бірі болды. Құжатта АҚШ-тың бес мемлекетпен қарым-қатынасын арттырып, ынтымақтастықты нығайтудың маңызы және Вашингтон үшін Орталық Азияның стратегиялық рөлі айтылады.

Рубио сапары қарсаңында Азат Еуропа/Азаттық радиосы тілшісі сенатор Кертиспен Орталық Азияның АҚШ ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі, Вашингтон, Мәскеу және Пекинмен қарым-қатынасты теңгерімде ұстаудың күрделілігі, аймақтың аса маңызды минералдары және Джексон—Вэник түзетуінде қарастырылған бұрыннан келе жатқан сауда шектеулерін жою жөніндегі күш-жігері туралы сұхбаттасты.

Орталық Азиядағы "тұрақтылық" туралы

Азаттық: Неліктен дәл қазір Орталық Азия АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін маңызды болып отыр?

Сенатор Джон Кертис: Сауалыңызды сәл өзгертіп: "неліктен тұрақтылық Америка Құрама Штаттары үшін маңызды?" деп сұрасақ. Меніңше, онда жауап айқын. Әлемнің басқа бөліктерінде белгісіздік үстем болып тұрған тұста бұл аймақтың тұрақтылығы біз үшін өте маңызды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Минералды ресурстар, АҚШ мүддесі және Қытаймен бәсеке. Марко Рубио Самарқанға неге келе жатыр?

Азаттық: Орталық Азия қауіпсіздік саласында, соның ішінде кеңірек ауқымда АҚШ-тың бұдан да маңызды әріптесіне айнала ала ма?

Сенатор Джон Кертис: Әрине. Бұл олар үшін де, біз үшін де пайдалы болар еді. Оның үстіне әлемнің басқа бөліктеріндегі, әсіресе Азиядағы тұрақсыздық мұндай серіктестіктің маңызын арттыра түсетінін тағы да атап өткім келеді.

Азаттық: Орталық Азияға жоғары лауазымды америкалық шенеуніктер, соның ішінде мемлекеттік хатшы жиі келе бермейді. Рубионың сапары неліктен дәл қазір маңызды?

Сенатор Джон Кертис: Өте дұрыс айтып отырсыз. Америкалықтардың көпшілігі әлемнің бұл бөлігіне жеткілікті көңіл бөлмейді. Біз қабылдаған қарар сол себепті өте маңызды: бұл құжат аймақтың маңызды екенін және біз онымен қарым-қатынасымызды жоғары бағалайтынымызды баса айтуға бағытталған.

Азаттық: Орталық Азия елдері осы сапар кезінде немесе одан кейін Вашингтоннан қандай нақты міндеттемелер күте алады?

Сенатор Джон Кертис: Меніңше, олар аймақтағы тұрақтылықты нығайту үшін қандай қадамдар жасай алатынын, бұл ретте біз оларға қалай көмектесе алатынымызды және серіктес ретінде қалай бірге жұмыс істей алатынымызды өздері бағалап, соған сүйенуі керек.

Ресей, Қытай және АҚШ-пен серіктестікті нығайту мүмкіндігі

Азаттық: Ресей мен Қытай Орталық Азияға ықпалын арттырып жатыр. АҚШ аймақтың бес елінің бұл державаларға тым кіріптар болып қалудан калай көмектесе алады?

Сенатор Джон Кертис: Меніңше, бұл шешімді елдердің өзі қабылдауы керек, солай емес пе? Қаласа, Ресей мен Қытайға одан да бетер тәуелді бола алады. Ал егер басқа жолды таңдаса (әрине, олар дәл осы жолды таңдайды деп үміттенеміз), АҚШ-пен серіктес әрі одақтас болудың әлдеқайда ұтымды мүмкіндіктері бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Орталық Азия сирек минералдар өндіру бойынша Қытаймен бәсекеге түсе ала ма?

Азаттық: Орталық Азияның аса маңызды минералдар секторы АҚШ-тың экономикалық қауіпсіздігі үшін қаншалық маңызды? Мемлекеттік хатшы Рубио аймаққа негізінен экономикалық ынтымақтастықты талқылауға бара жатыр. Онымен бірге 200-ге жуық бизнес өкілі барады деп жоспарланған.

Сенатор Джон Кертис: Меніңше, мұнда да бәрі аймақ елдерінің өзіне байланысты. Дегенмен бұл серіктестігіміздің аса маңызды бөлігіне айналар еді. Баршаға мәлім, сирек минералдар тек Америка Құрама Штаттары үшін емес, бүкіл әлем үшін үлкен маңызға ие. Және мұндай ресурстардың болуы үлкен артықшылық деп ойлаймын.

Джексон–Вэник түзетуі туралы

Азаттық: Соңғы сұрақ: Орталық Азияның барлық бес елі АҚШ Конгресіне Джексон–Вэник түзетуінде қарастырылған шектеулерді алып тастау туралы өтініш білдіріп жатыр, өйткені бұл шектеулер Америка Құрама Штаттарымен экономикалық ынтымақтастыққа кедергі келтіруі мүмкін. Капитолийде мұндай бастамалар бұған дейін де көтерілген, сенатта заң жобасы да әзірленген. Бұл процесті алға жылжытып, шектеулерді алып тастау үшін Конгресс не істей алады?

Сенатор Джон Кертис: Сіз атап өткендей, Сенат белсендірек әрекет етіп жатыр. Осыған қолдау алу үшін Өкілдер палатасындағы әріптестерімізге ықпал ету қажет.