Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар тізіміне "Шәмші Қалдаяқов" медалі мен "Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі" құрметті атағын енгізу туралы шешім қабылдады.
"Бұл мәртебелі марапаттар ұлт мәдениетіне қалтқысыз қызмет етіп, соның ішінде музыка және бейнелеу өнерін дамытуға сүбелі үлес қосқан азаматтарға беріледі" деп жазды 16 тамыз күні Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияр telegram-парағына.
Шәмші Қалдаяқов (15 тамыз 1930 ж. - 29 ақпан 1992 ж.) — ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ композиторы, қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі.
1956 жылы композитор Шәмші Қалдаяқовтың ақын Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңіне жазған "Менің Қазақстаным" әні халық арасында кең танылды. 1986 жылы желтоқсанда Мәскеудің шешіміне наразылық білдіріп Алматыда алаңға шыққан қазақ жастары осы әнді шырқаған.
2006 жылғы 6 қаңтарда "Менің Қазақстаным" әні Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны болып бекітілді. Әнұран сөзіне аздаған өзгеріс енгізген сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев оның авторларының бірі ретінде көрсетілді.
"Шәмші Қалдаяқов" медалі мемлекеттер наградалар тізіміне енгізілді
Ақын Жұмекен Нәжімеденов (сол жақта) композитор Шәмші Қалдаяқовпен бірге, Алматы, 1963 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.