Орталық Азияда жұмыссыздық пен төменгі жалақының салдарынан миллиондаған адам нәпақа іздеп шетелге шығуға мәжбүр. Оның ішінде мыңдаған адам сол жақта жүріп, түрлі себеппен қаза тауып жатады. Ал қайтыс болған адамның сүйегін елге қайтару – қиын шаруа. Дипөкілдіктер көмектесе алмаған жағдайда марқұмдардың туыстары және жанашары мигранттар жылу жинап, тасымалды өз күшімен ұйымдастырады. Азаттық Азия аймақтағы ахуалды шолып көрді.
ТӘЖІКСТАНДА ТАСЫМАЛДАУ ТУЫСТАРДЫҢ МОЙНЫНА ТҮСЕДІ
30 жастағы тәжік әйелі Жәмилә Нұрзод күйеуімен ажырасқан соң, ұлымен жалғыз қалған. Кейін оны елде қалдырып, өзі Ресейге жұмыс іздеп кеткен.
21 қыркүйек күні Жәмилә кезекті бір пәтерді тазалауға барған. Алайда шақырылған мекенжайға келгенде үйдің астан-кестені шығып, лас жатқанын көріп, жұмыстан бас тартқан. Жәмиләні шақырған мәскеулік ер адам оны аса қатыгездікпен өлтіріп, кейін пәтерді өртеп, оқиға орнынан бой тасалаған.
Өртті байқаған көршілер сөндірушілерді шақырып, олар пәтердегі өртті жедел өшірген. Ал бас және кеуде тұсынан пышақталған Жәмила ауруханаға жеткізіліп, сол жерде көз жұмған. Күдікті Владимир Упадышев қамауға алынған.
7 қазан күні жас әйелдің сүйегі еліне – Вахдат қаласына жеткізілді.
"Бейшара әйел ұлын әкелу үшін Тәжікстанға барғалы жүр еді. Енді отанына суық денесі жіберіп отырмыз" деді Азаттық Азия редакциясына Мәскеуде Жәмиламен пәтерлес болған тәжік әйелі.
Жәмила Нұрзод
Оның сөзінше, Жәмила Нұрзодтың қазасы туралы ақпарат әлеуметтік желіде – Ресейде жұмыс істейтін тәжік мигранттары арасында жылдам тараған. Марқұмның сүйегін еліне жеткізуге қажет ақшаны туыстары мен таныстары жинаған. Бейжай қарамайтын тәжік мигранттары да көмектескен. Қажет сома бірнеше күнде жинала қойған.
Мұндай жағдайлар Ресейде көп болып тұрады. Жыл сайын жүздеген тәжік мигранты шетелде жүріп түрлі себептен көз жұмады: денсаулығы сыр береді, қайғылы жағдайға ұшырайды, кісі қолынан қаза табады. Биыл алғашқы алты айда Ресейден Тәжікстанға 600-ге тарта адамның мәйіті жеткізілген.
Азаттық Азия редакциясы сөйлескен адамдардың кейбірі Тәжікстан үкіметінің осы жөнінде арнайы қаулысы барын айтады. Ол қаулы бойынша, шетелде еңбек миграциясында жүріп қайтыс болған тәжік азаматтарының сүйегі елге мемлекет есебінен қайтарылуы қажет. Бірақ бұл құжат ашық көздерде жоқ.
Тәжікстан үкіметі қаза тапқан не қайтыс болған мигранттардың мәйітін әуе көлігі арқылы тасымалдауға қаражат бөледі.
Белгілісі, 2008 жылдан бері "Тәжік Эйр", ал 2009 жылдан бері Somon Air (Тәжікстандағы алғашқы жекеменшік әуе компаниясы) шетелде өмірі үзілген мигранттардың сүйегін елге тегін жеткізуге міндеттелген.
Ресейде жүрген тәжікстандықтар Азаттық Азияға берген сұхбатында мәйітті жолға дайындау және әуежайға жеткізу секілді қосалқы қызметтер 30-33 мың рубльге дейін (385-425 доллар) жететінін айтады. Егер мәйітті ресей әуе компаниясы арқылы жеткізсе, жалпы шығын 63 мың рубльге дейін (810 доллар) таяп қалады дейді олар.
Тәжік мигранттарының бес жасар қызы Хувайдо Тиллозоданың мәйіті салынған табыт. 2018 жылы оны Серпухово қаласында зорлап, қатыгездікпен өлтірген.
Кей тәжікстандықтарды бөтен елдің мұсылман зираттарына қояды. Бірақ көп жағдайда туыстары марқұмның сүйегін өз елінде жерлегенді құп көреді. Азаттық Азия сөйлескен адамдардың айтуынша, шетелде қайтыс болған тәжік мигранттарының денесі елге көбіне жылу жинау арқылы жеткізіледі.
ӨЗБЕКСТАН: ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА ДЕГЕН КӨЗҚАРАСТЫҢ ӨЗГЕРУІ
Украинаға қарсы соғыс ашып, сол үшін санкцияға ұшыраған Ресейдегі экономикасы әлсіреді. Елде ксенофобиялық көңіл-күшейді. Бірақ Орталық Азия еңбек мигранттары әлі де болса, осы Ресейге барғанды құп көреді. Дегенмен кейінгі жылдары Түркия сияқты өзге елдерге баратында көбейген. Түркияны тартымды етіп тұрғаны – түркі тілдерінің ұқсастығы және ортақ дін.
Жыл сайын Түркияға Өзбекстаннан мыңдаған адам жұмыс іздеп барады. Сарапшылардың айтуынша, ең үлкен қауіп әйел мигранттарға төніп тұр. Кейінгі жылдары Түркияда қайғылы жағдайда қаза тапқан өзбек әйелдері туралы хабарлар шығып жүр.
Тамызда түрік баспасөз құралдарында Стамбұл қаласында кісі қолынан опат болған өзбек әйел туралы жаңалық тарады. Тұрмыстық жанжал кезінде оның күйеуі, Түркия азаматы пышақ жұмсаған.
23 жастағын Өзбекстан азаматшасы Надира Қадырова Анкарада түрік депутатының үйінде күтуші болып жұмыс істеген. 2019 жылы оны жұмыс берушіге тиесілі тапаншамен атып өлтірген. Кейінірек баспасөз құралдары Қадыров судици жасады деп хабарлады.
21 қыркүйекте осы қалада тағы бір өзбек әйелін өлтіріп кетті. 36 жастағы әйел бірнеше күн байланысқа шықпай, туыстары дабыл қағып, полицияға жүгінген. Тамағы тілінген әйелдің мәйіті жалдамалы пәтерден табылған.
Соның алдында ғана Түркияның Айдын дейтін қаласында дәмханада даяшы болып жұмыс істейтін 35 жастағы Өзбекстан азаматшасы мерт болды. Оның басына оқ тиіп, оқиға орнында қаза тапқан.
Зорлық-зомбылық белгісі байқалмайтын өлімдер бар. Былтыр Измир қаласында Өзбекстанның 32 жастағы азаматшасының жансыз денесі табылды. Малика есімді әйел Ташкент облысындағы туыстарына екі баласын қалдырып, Түркияға нәпақа іздеп кеткен.
Малика күндіз жұмыс істеп, кешке Альцгеймер ауруына шалдыққан зейнеткерге күтім жасаған. Туыстары оған хабарласа алмаған соң, Стамбұлдағы "Өзбек әйелдерінің құқығын қорғау" ұйымынан көмек сұраған. Ұйым қызметкерлері жергілікті полицияға жүгінген. Полицейлер әйелдің денесінен зорлық-зомбылық ізін байқамаған. Сараптама әйелдің жүрегі тоқтап қалған деген қорытындыға келген.
Бұл туралы Азаттық Азияға "Өзбек әйелдерінің құқығын қорғау" ұйымының жетекшісі Озода Исламова айтты. Ол кейінгі бірнеше жылда онға тарта өзбек азаматшасының сүйегін еліне жіберуге көмектескен.
Озода Исламова
"Олардың арасында өте жас қыздар да бар. Бұл – біздің жан-жарамыз. Маликаның мәйітін отанына жіберерде Өзбекстанның Стамбұлдағы бас консулдығы құжат рәсімдеуге көмектесті. Екі жақ бірлесіп жүгінген соң, ритуалдық қызмет көрсететін фирма жеңілдік жасап, нәтижесінде оның мәйітін Өзбекстанға жіберу 1200 долларға шықты" дейді Озода Исламова.
Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың тұсында (2016 жылғы қыркүйекте қайтыс болды) елде еңбек миграциясының қиындықтары туралы ашық айтылмады. Еңбек мигранттары еліне жіберген ақша Өзбекстан экономикасында маңызды рөл атқарғанымен, Каримов шетелге жұмыс іздеп кететін азаматтарды келемеждеп, оларды "жалқау" деп атайтын.
Мигранттардың көбі Ресейге барып жүрді. Бірақ қиын жағдайда күнелтті: ауыр жұмыстарға жегіліп, құқығы қорғала бермеді. Өзбек мигранттары қаза тапқан жағдайлар да аз болған жоқ. Бірақ өзбек билігі мәйіттерді қайтаруға көмектеспеді. Көп жағдайда бұл мәселемен марқұмдардың туыстары мен таныстары айналысатын.
2010 жылы Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлиқ радиосы Қашқадариядан шыққан 25 жастағы мигрант Дилшод Сұлтоновтың сүйегі 45 күн бойы Новосибирскідегі мәйітханада жатқанын жазды.
"Новосибирск аз-мәз ақша табу үшін келген жігіт күтпеген жерден көз жұмды. Ата-анасында ұлының денесін әкелуге ақша жоқ. Біз Өзбекстан елшілігіне жүгіндік, бірақ ол жақтағылар әрдайым көмектесе алмайтынын айтып, тұтқаны тастай салады. Ал мәйітханада бізге: "Сіздерге үш күн береміз: не мәйітті алып кетесіздер, не мәйітке кремация жасаймыз". Ешқандай жанашырлық жоқ. Бұрын мәйіттерді жерлейтін, қазір кремация туралы жаңа заң шықты" деді сол кезде Азаттық сөйлескен адамдардың бірі.
Ташкент Султоновтың сүйегін қайтаруға сол күйі көмектеспеді. Мигрантты Новосибирск зираттарының бірінде жерледі.
Билік басына Шавкат Мирзияев келгелі шетелге шығатын еңбек мигранттарына көзқарас өзгере бастады. Мемлекет мигранттардың ел экономикасына қосып жатқан үлесін мойындады. Үкімет жанынан сыртқы еңбек миграциясы жөнінде агенттік құрылды. Ресейде ксенофобия өршіген тұста агенттік Еуропа елдерімен өзбек азаматтарын уақытша жұмысқа тарту жөнінде келіссөз жүргізді.
ТАШКЕНТ ПЕН БІШКЕК МӘЙІТ РЕПАТРИАЦИЯСЫН ӨЗ МОЙНЫНА АЛДЫ
Биыл сәуір айында Өзбекстан үкіметі арнайы қаулы қабылдап, ол бойынша марқұмның мәйітін елге жеткізуге дайындау үшін көрсетілетін ритуалдық қызметтердің шығынын және тасымалдауға кететін барлық қаражатты мемлекет толық өтейтін болды. Осы жылдан бастап шетелде қайтыс болған өзбекстандықтардың мәйітін отанына жеткізу үшін жеке адамдардан ақша жинау қажеттілігі толықтай жойылды.
Мәйітті Өзбекстанға әкелу шығыны әр елде әрқалай. Мәселен, Ресейден әкелу 1000 доллардан басталса, Түркиядан әкелу 1200-1300 долларға дейін жетеді. Ұлыбритания үшін бұл сома 4000-5000 доллар, Оңтүстік Корея мен Жапония үшін 9000 доллар.
Өзбекстанның Стамбұлдағы бас консулдығы Азаттық Азия редакциясына хабарлағандай, жыл басынан бері өзбек билігі Түркияда заңсыз жұмыс істеген 43 өзбек азаматының сүйегін елге қайтару шығынын өтеп берген.
Абдурахман Ташанов
"Кейінгі жылдары шетелде қайтыс болған азаматтардың сүйегін Өзбекстанға қайтаруға үкіметтің көмек көрсетіп жатқаны – сөзсіз оң өзгеріс. Алайда экономикалық ресурспен қиындық туындауы мүмкін. Өйткені Өзбекстан – халық саны бойынша Орталық Азиядағы ең үлкен мемлекет. Сәйкесінше, көрші елдерге қарағанда шетелде қайтыс болатын адамдар саны да жоғары. Соған қарамастан, биліктің осындай қайғылы жағдайда өз азаматтарына қолдау көрсетуге ұмтылысының өзі-ақ мақтауға лайық" дейді ташкенттік құқық қорғаушы Абдурахман Ташанов.
Көрші Қырғызстанда мемлекет 2021 жылдан бері шетелде қайтыс болған азаматтардың сүйегін қайтаруға кеткен шығынды толықтай өтеп отыр. Мұнда әкелінетін елге қарай шығын әртүрлі: АҚШ үшін 13 мың доллар, Ресей үшін 70-120 мың рубль, Түркия үшін 1,200 доллар, Қазақстан үшін 300 доллар.
Қырғызстан еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және миграция министрлігі жанындағы Азаматтарды еңбекпен қамту орталығының директоры Бақыт Құдайбердиевтің айтуынша, 2025 жылдың алғашқы сегіз айында шетелден 327 қырғыз азаматының сүйегі әкелінген. Оның ішінде Ресейден әкелінгендердің саны – 225.
ТҮРКІМЕНСТАН ОППОЗИЦИОНЕРЛЕРДІҢ СҮЙЕГІН КІРГІЗУГЕ ҚҰЛЫҚСЫЗ
Түркіменстанда халықтың тұрмысы жылдан жылға нашарлап келеді. Жұмыссыздық деңгейі жоғары, жалақы төмен, азық-түлік бағасы өсіп жатыр. Осының бәрі түркімен азаматтарын шетелге жұмыс іздеп баруға итермелеп отыр.
2022 жылға дейін түркімен азаматтары үшін танымал бағыт Түркия болатын. Өйткені сол жылға дейін екі ел арасында визасыз режим жұмыс істеген.
Бейресми дерек бойынша, Түркияда 1 миллионға жуық түркімен азаматы тұрады. Оның үштен екісі заңсыз жүр. Паспортының мерзімі өткендер құжатты тек өз елінде ғана жаңарта алады. Бірақ түркімендердің көбі еліне қайтқысы келмейді, өйткені барған соң құзырлы органдар елден шығармай қоюы ықтимал.
Сол себепті көптеген түркімен азаматы паспортының мерзімі өтіп кетсе де Түркиядан кетпей отыр. Осының салдарынан көбі заңды жұмысқа тұра алмай, медициналық сақтандыруды рәсімдей алмай жүр. Ал ел заңы бойынша шетелдіктердің бәрінде медициналық сақтандыру құжаты болуы қажет.
Түркияда медициналық сақтандару құжаты жоқ түркімен азаматтары дәрігер көмегін ала алмай қайтыс болған жағдайлар баршылық. Мұндай жағдайға Түркіменстанның Балқан уәлаятынан шыққан балалар дәрігері, 57 жастағы Аннагүл Қасымова тап болған. Ол Түркияға 2016 жылы еңбек ету үшін барған.
2021 жылы басына қан кетіп, Стамбұлдағы мемлекеттік емхана медициналық сақтандаруы жоқ деп жан сақтау бөліміне жатқызбай қойған. Жағдайға бейжай қарамаған түркімен азаматтары Түркіменстанның консулдығына жүгініп, көмек сұраған. Түркімен дипломаттары көмектесе алмай, Қасымова көп ұзамай көз жұмған.
Қасымованың Стамбұл түбіндегі Кильос зиратында жерлеген. Зират аумағында жетімдер мен үйі жоқ адамдарды жерлейтін арнайы телім бар. Онда көптеген түркімен азаматының сүйегі қойылған. Мұны құлпытастардағы жасыл жалауша мен марқұмдардың аты-жөндерінен байқауға болады.
Түркияда тұратын түркімен азаматтары Азаттық Азияға берген сұхбатында түркімен мигранты қайтыс болған жағдайда түркімен дипломаттары көмектесе қоймайтынын, әдетте марқұмдарды отандастары жерлейтінін айтады.
Мәселен, былтыр Түркия баспасөз құралдары Стамбұл мәйітханаларының бірінде үш түркімен азаматының сүйегі бір ай жатқанын, оларды ешкім қажет қылмағанын хабарлаған. Кейінірек оның екеуін Кильос зиратына жерлеген.
Turkmen.news тәуелсіз басылымының негізін қалаушы, әрі бас редакторы Руслан Мятиевтің айтуынша, Түркіменстан дипөкілдерінің барлығы бірдей көмектесуден бас тарта бермейді.
Руслан Мятиев
"Бәрі де консулдыққа байланысты. Олар әрқилы жұмыс істейді. Егер Түркіменстанға тіке рейс болса, дипломаттар түркіменстандықтан сүйегін елге жеткізуге көмектеседі. Мәселен, Ресейдегі түркімен консулдығы отандастардың мәйітін жіберуге көмектесіп келеді. Қазанда (қала) түркімен студенттері такси айдап жүріп, өлімге әкелетін көлік оқиғаларына жиі ұшырады. Сол кезде түркімен дипломаттары студенттердің сүйегін отанына жеткізуге көмектескен. Өйткені түркімен әуе компанияларының Қазан – Ашғабат бағытын тікелей рейсі бар. Тікелей рейс болмаған жағдайда ақша жинаумен және мәйітті елге жіберумен қайтыс болған түркіменстандық азаматтың туыстары мен жерлестері айналысады. Түркиядағы консулдықта негізінен түркімен арнайы қызметтерінің мамандары отыр. Олардың міндеті басқа: аңду, тыңдау, экстрадициялауға септесу. Олар паспорт мерзімін ұзарту, анықтама беру секілді консулдық қызметтерді аз атқарады" дейді Мятиев.
"2007 жылы Мәскеуде танымал түркімен оппозиционері Әбді Кулиев қайтыс болды. Туыстары сүйегін Ашғабадқа әкелгісі келді, бірақ билік кіргізбеді. 2016 жылы Норвегияда танымал түркімен диссидент-жазушысы Шохрат Қадыров көз жұмды. Туыстары оны Ашғабадта жерлегісі келді, бірақ түркімен билігі оны да кіргізбеді. Кейін оны Норвегияда жерледі" дейді Руслан Мятиев.
Бірақ 2023 жылы түркімен билігі қаза тапқан түркімендердің сүйегін елге қайтаруда толыққанды көмектескен бір жағдай болды. Түркияда жер сілкінгенде Ашғабад "Түркіменстан" әуе компаниясының "Боинг-777" ұшағын қаза тапқандар мәйітін алып қайту үшін арнайы жіберіп, репатриация шығынын өз мойнына алды.
ҚАЗАҚСТАН: "БҰЛ – ТУЫСТАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕСІ"
Экономикасы мұнай мен металл сатуға сүйенетін Қазақстан ұзақ жыл бойы шетелде еңбек миграциясында жүрген азаматтарымыз жоқ деп келді. Шетелге жұмыс күші емес шикізат шығатыны айтылды. 2012 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ азаматтары шетелге жұмыс іздеп бармайды деді.
"Дубайды қазақстандықтардың саяжайы деп атайды. Шетелде қара жұмыс істеп жүрген бір қазақстандық бар ма? Маған сондай елді атаңызшы. Керісінше, бізге басқа мемлекеттерден қара жұмыс істейтін гастарбайтерлер келеді" деді Қазақстанның бірінші президенті сол кезде мұны "бағалау керегін" айтып.
Алайда Дубайдан "саяжай" сатып алуға шамасы келетіндер мен қарапайым азаматтар арасындағы алшақтық жыл сайын ұлғайып отырды. Әуелі аймақтардың, кейін ірі қалалардың тұрғындары шетелге жоғары біліктілікті қажет етпейтін, бірақ көбірек жалақы төлейтін жұмыстарға бара бастады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Оңтүстік Кореядағы өрттен екі қазақстандық мерт болды2014 жылы Астана мен Сеул визасыз режим келіссөзіне қол қойды. Сөйтіп мыңдаған қазақстандық Оңтүстік Кореяға ұмтылды. Турист түрінде барып, өндіріс нысандарында, құрылыста және ауыл шаруашылығында жұмыс істегендер көп болды. Бұл елде Қазақстан азаматтары қаза тапқан ондаған қайғылы жағдай тіркелді. Медициналық сақтандыру мен заңды мәртебенің болмағаны мәйітті елге қайтаруды қиындата түсті. Көбі жұмыс визасы мен ресми рұқсат алмай жұмыс істеп тіршілік етіп келеді.
2022 жылы Оңтүстік Кореяда 39 жастағы Батыр Оспанов қайтыс болды. Баспасөз құралдары жазғандай, оның отбасы қайырымдылық қорына жүгініп, құжат әзірлеуге және жерлеу рәсімін орындауға көмек сұраған.
2020 жылы Инчхонда 57 жастағы қазақстандық Герман Ким көз жұмды. Банктегі жұмысынан шығып қалған қарағандылық азамат ол елге нәпақа іздеп барған. Бірақ онда жүріп жүрегі тоқтап қалған. Туыстары мәйітті қайтаруға ақша жинады, оларға жанашыр азаматтар көмек қолын ұсынды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "3 млн теңге керек". Кореяда қайтыс болған қазақстандықты елге жеткізе алмай отырҚазақстан сыртқы істер министрлігі сол кезде мәйітті репатриациялау құжаттарын әзірлеуге дипломаттар көмектесті деп мәлімдеді.
"Мәйітті Қазақстанға жеткізу ғана қалды. Бұл енді туыстарының мәселесі. Үкімет мәйітті тасымалдауға қаражат қарастырмаған. Әр азамат жауапкершілік жүгін өзі арқалайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Сол себепті туристік компаниялар да, өзіміз де азаматтарымызға сақтандыру полистерін алу керегін айтып отырамыз. Бірақ адамдардың көбі мұны істемейді" деді сол кезде сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Қазақстанда шетелге жұмыс іздеп кету жаппай сипат алмады деп саналады. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің айтуынша, ел бюджетінде шетелде қайтыс болған азаматтардың сүйегін елге жеткізуге қаражат қарастырылмаған. Егер адам шетелде жүріп қайтыс болса, онда бұл шығын медициналық сақтандыру есебінен өтелуі керек екенін айтылады.