24 қаңтар күні Пекин қызметтен босатылған генерал Чжан Юся (Қытай басшысы Си Цзиньпиннің көп жылдан бергі сенімді серігі болған) тергеуге алынды деп хабарлады. Тосын шешімнен кейін Си Цзиньпин әскери басшылық шыңында жалғыз өзі қалды. Қытайды зерттеуші сарапшылар мұның билік сабақтастығына елеулі салдары болады дейді. Ал Пекиннің серіктестері мен бәсекелестері Коммунистік партия ішінде алда қандай өзгерістер болатынына мұқият қадағалап отыр.
"Қытай ондаған жыл бойы өзін ұзақ мерзімде ықпалын кеңейтуді көздейтін әрі АҚШ-пен жаһандық держава ретінде бәсекеге түсе алатын ел ретінде көрсетіп келді, – деді Берлиндегі Карнеги орталығының Ресей мен Еуразия бойынша сарапшысы Темур Умаров Азаттық радиосына. – Алайда мына жағдай Қытайда не болып жатыр, Си Цзиньпин өз маңайын шынымен мықты бақылауда ұстап отыр ма деген сұрақ пен күмәнді көбейтеді".
ҚЫТАЙДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР ЖӘНЕ БҰЛ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?
Қытайдың жабық саяси жүйесі Си Цзиньпинді мұндай қадамға баруға нақты не итермелегенін тап басып айтуға мүмкіндік бермейді. Чжан Юся Пекинде биыл сәуір айында өтеді деп жоспарланған АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуге дейін ұсталып отыр.
Оның үстіне бұл шешім бес жыл сайын ел басшылығында болатын кадрлық ауыс-түйіс алдында қабылданды. 2027 жылы Си Цзиньпин Компартия басшысы ретінде төртінші мерзімге қалуы мүмкін деген болжам бар.
Қытайдың қорғаныс министрлігі мәлімдемесінде Қытай коммунистік партиясының әскери органы – Орталық әскери комиссияның (ОӘК) төраға орынбасары Чжан Юся "тәртіп пен заңды өрескел бұзды" деген айыппен тергеуге алынғаны айтылған.
Осындай айып тағы бір генералға – ОӘК бас штабы бастығы Лю Чжэньлиге де тағылған.
Чжан Юся (оң жақта) халықаралық қару-жарақ және әскери техника көрмесінде жүр. Минск, Беларусь, 20 мамыр, 2017 жыл.
25 қаңтарда "Liberation Army Daily" әскери газеті редакциялық мақаласында Чжан Юся мен Лю Чжэньли Қытай коммунистік партиясы мен Орталық әскери комиссиясының "сенім-үмітіне опасыздық жасады", сондай-ақ "партияның әскерге абсолютті жетекшілігін әлсіреткен әрі партияның негізіне қатер төндірген саяси және жемқорлық мәселелердің пайда болуына жол берді" деп жазды.
Ал америкалық Wall Street Journal басылымы дереккөздеріне сүйеніп, Чжан Юся Қытайдың ядролық қару бағдарламасы жайлы ақпаратты АҚШ-қа берген және әскери адамдардың қызметін өсіру үшін пара алған деген күдікке ілінгенін жазды.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздерден растай алмады.
Кей сарапшылар барлау мәліметтері тарап кеткен дегенге күмәнмен қарайды. Азия қоғамының саяси зерттеулер институты жанындағы Қытайды талдау орталығының ғалымы Нил Томас әлгіндей сөзге сенбейді. "Соғыс көрген, шыңдалған генерал" Чжан Юся "кейінгі ондаған жыл бойғы өмірінің мәні болған дүниенің бәрін сатып, Қытайдың басты қарсыласына құпия ақпарат берген" деуге қисын бар ма деп жазды ол Х әлеуметтік желісінде.
Қытай коммунистік партиясы саяси бюросының мүшесі Чжан Юся да, осы елді басқарып отырған Си Цзиньпин сияқты, революция ардагерлері мен жоғары лауазымды партия шенеуніктерінің ұрпағына жатады (оларды "ханзадалар" деп атайды). Чжан Юсяның әкесі Қытайдағы азамат соғысы кезінде Си Цзиньпиннің әкесімен тізе қоса шайқасып, 1949 жылы Мао Цзэдун бастаған коммунистердің билікке келуіне үлес қосқан. Кейін екеуі де жоғары мемлекеттік қызметтер атқарған.
Чжан Юся – Қытай армиясындағы соғыс тәжірибесі бар санаулы генералдардың бірі. Ол 1980 жылдары қытай-вьетнам қарулы қақтығысына қатысқан.
Чжан Юсяның қызметтен алынуы кейінгі жылдары Қытай әскери басшылығында жүріп жатқан ауқымды "тазалау" науқанының бір бөлігі іспетті көрінеді. 2023 жылдан 2025 жылдың күзіне дейін елде шамамен 20 генерал орнынан босатылған, соның алтауы құрлықтағы ядролық оқтұмсығы бар және кәдуілгі зымырандарды бақылайтын әскери қызмет атқарған.
Осы өзгерістерден кейін және Чжан Юся мен Лю Чжэньлиге қарсы тергеу істері басталған соң, жеті адамнан тұратын Орталық әскери комиссияда бар болғаны жалғыз әскери офицер мен екі мүшесі қалды. Ол екеудің бірі – Си Цзиньпиннің өзі.
ҚЫТАЙДЫҢ КӨРШІЛЕРІНЕ БҰЛ ҚАНДАЙ БЕЛГІ БЕРЕДІ?
Қытай компартиясы саяси бюросының мүшесі, елдегі ең ықпалды генералдардың бірі әрі Си Цзиньпиннің билік сабақтастығы жоспарларына қарсы тұра алады делінетін санаулы тұлғалардың қатарында аталып жүрген Чжан Юсяның тағдыры Қытайдың билік элитасындағы ішкі қайшылықтарға қатысты сұрақтарды үдетті.
Осының бәрі Қытайдың саяси жүйесін тұрақтылық үлгісі көретін Орталық Азиядағы серіктестерінің де назарынан тыс қалмағаны даусыз. Совет одағы ыдырағаннан кейін элитасы түрлі күйзелісті бастан өткерген аймақтағы елдер үшін Қытай ұзақ уақыт бойы орнықтылық символы болып келген.
"Мұндай тазалау мен одан туындайтын тұрақсыздық сезімі Орталық Азиядағы шешім қабылдайтындарды алаңдатпай қоймайды", – деді Темур Умаров Азаттық радиосына.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Атажұрт" белсенділерін қудалау артында Қытайдың қысымы тұр ма?Чжан Юся жылдар бойы әлем көшбасшыларымен үнемі кездесіп, АҚШ-қа бірнеше рет сапар шегіп, Азияда Пәкістаннан Вьетнамға дейін түрлі елдердің ресми өкілдерімен байланыс орнатқан. Ол сондай-ақ Ресей-Қытай үкіметаралық әскери-техникалық ынтымақтастық комиссиясының тең төрағасы болып, Мәскеуге бірнеше мәрте барып, жоғары лауазымды шененуніктермен кездескен. Былтыр қарашада Мәскеуге жасаған кейінгі сапарында ол Ресейдің қорғаныс министрі Андрей Белоусовпен жүздескен.
Умаровтың пікірінше, генералдың қызметтен алынуы Қытайдың көршілерімен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығына айтарлықтай әсер етпейді. Оның айтуынша, Орталық Азия мен Қытай арасындағы байланыстар қазірдің өзінде "институттық деңгейге" көтерілген. Қауіпсіздік саласындағы өзара әріптестік құқық қорғау органдарынан бастап, қару-жарақ саудасына дейінгі бірнеше бағытты қамтиды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытай күнделікті өмірдің бөлшегіне айналды". Ірі саммиттер тұсында Пекиннің Орталық Азияға ықпалы артып келедіТАЙВАНЬМЕН АРАДАҒЫ ЖАҒДАЙҒА ӘСЕРІ
Бұл тосын өзгерістер Қытайдың Тынық мұхиттағы көршілеріне, әсіресе өзін-өзі басқаратын демократия саналатын Тайваньға да әсер етуі мүмкін. Пекиндегі коммунистік билік Тайваньды өз аумағым деп есептейді.
Сарапшылар Чжан Юсяның қызметтен кетуі Қытайдың әскери дайындығына және Пекиннің Тайваньға қатысты алдағы амбицияларына ықпал етуі мүмкін дейді. Си Цзиньпин аралдың құрлықпен қайта бірігетіні "даусыз" екенін бірнеше рет мәлімдеп, қажет болса күш қолдануға дайынбыз деп сес көрсеткен.
2025 жылдың аяғында Қытай Тайвань маңында кейінгі жылдардағы ең ірі әскери жаттығулардың бірін өткізді. Пекин Тайваньның әуе кеңістігі мен теңіз айдынына ұшақтар мен кемелерді үнемі жіберіп келеді.
Тайваньға тақау Пинтань аралы маңында теңізде жүзіп жүрген Қытай әскери кемесі. 29 желтоқсан, 2025 жыл.
"Қытай партиясы, үкіметі мен армиясының жоғарғы эшелондарындағы кез келген тосын өзгерісті мұқият бақылауды жалғастырамыз, – деді Тайвань қорғаныс министрі Веллингтон Ку 26 қаңтарда журналистерге. – Кез келген кадрлық ауыс-түйіс біздің қырағылығымызды әлсіретуіне немесе соғысқа дайындық деңгейімізді төмендетуіне жол бермейміз".
Сингапурдағы Наньян технология университеті жанындағы Раджаратнам атындағы халықаралық зерттеу мектебінде (RSIS) қызмет атқаратын, Пентагонның Азия бойынша бұрынғы стратегі Дрю Томпсон Пекиндегі тазалау науқанының Тайваньға да, аралға өмірлік маңызы бар әскери қолдау көрсетіп отырған АҚШ-қа да салдары тиеді деп есептейді.
"АҚШ-тың тежеу стратегиясы тиімді болуы үшін бізге Си Цзиньпиннің айналасында оған шынайы әрі кәсіби кеңес бере алатын білікті генералдар болғаны қажет", – деп жазды Томпсон сараптама шолуында.
Оның пікірінше, Қытай басшысының Орталық әскери комиссияны нығайтуы "Си Цзиньпин миллиондаған әскерді бір адамнан тұратын комитет арқылы басқарудан туындайтын операциялық қатерлерге" әкелуі мүмкін.
Томпсонның пікірінше, Қытай лидерінің Орталық әскери комиссиядағы билігін нығайтуы белгілі бір қауіп-қатерге әкелуі мүмкін, өйткені "Си Цзиньпин миллион жауынгері бар армияны бір адамнан ғана тұратын комитет арқылы кеңес алып басқаруға тырысуға мәжбүр болады".
"Чжан Юсясыз Орталық әскери комиссияда стратегиялық қателіктерге ұрыну қаупі арта түседі", – деп түйіндеген ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Енді Пекиннің кезегі. Ақ үйдегі саммиттен кейін Орталық Азияға Қытай дипломаты барды