Конституция жобасы бойынша Қазақстанның 54 шет мемлекеттегі дипломатиялық өкілдіктері жанынан ашылған 71 референдум учаскесінің бәрі жұмысын аяқтады деп хабарлады 16 наурыз күні таңертең Қазақстанның сыртқы істер министрлігі.
Ең соңғы болып Қазақстанның АҚШ-тағы Сан-Франциско қаласындағы бас консулдығы жанындағы дауыс беру учаскесі дүйсенбі күні Астана уақытымен сағат 8:00-де жұмысын тәмамдаған.
Ресми мәлімет бойынша, Конституция жобасы бойынша референдумге шет мемлекеттерде жүрген барлығы 12740 Қазақстан азаматы дауыс берген.
"Бұл дауыс берушілердің 88,6% келуін қамтамасыз етті", деді Қазақстан сыртқы істер министрлігі.
Бұған дейін Орталық референдум комиссиясы 15 наурызда Конституция жобасы бойынша өткен референдум барысында дауыс беру құқына ие 12 миллионан астам қазақстандықтың 73,24 пайызы, яғни, 9,1 миллионнан аса адам бюллетень алғанын хабарлаған.
Референдум кезінде сауалнама жүргізуге биліктен рұқсат алған үш институт дауыс берген азаматтардың 86 пайыздан астамы жаңа Конституция жобасын қолдады деп жариялады. Одан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, референдумның ресми қорытындысы жаряланбай жатып, жаңа Конституция қабылданды деп мәлімдеді. Конституция жобасының авторы екенін айтып жүрген Тоқаев дауыс беру аяқталғаннан кейін Астанада референдумның үгіт-насихатына атсалысқан жастармен кездесуде биыл жазда елде парламент сайлауы өтетінін хабарлады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Экзит-полл 86 пайыздан жоғары. Тоқаев жазда парламент сайлауы өтетінін айттыБылтыр күзде халыққа жолдауын жариялаған кезде Қазақстан президенті елде екі палаталы парламенттің орнына бір палаталы парламент құрылады деп мәлімдеген. Тоқаев бұл өзгеріс 2026 жылы талқыланып, 2027 жылы референдумге шығарылатынын айтқан. Бірақ биыл қаңтардаТоқаевтың шешімімен Конституцияға өзгеріс енгізуді талқылау үшін Конституциялық комиссия құрылып, 22 күн ішінде бірнеше отырысын өткізгеннен кейін, Конституцияны өзгерту жайлы ұсыныс жасады. Тоқаев ұсынысты қабыл алып, жаңа Конституция жобасы бойынша референдум өтетінін жариялаған.
Конституция жобасында елде партиялық тізіммен сайланатын бір палаталы парламент болатыны, президент қызметке тағайындайтын вице-президенті лауазымы енгізілетіні, Халық кеңесі деген кеңесші орган құрылатыны жазылған. Сондай-ақ Халық кеңесі құрамын президент тағайындайтынын Тоқаев бұған дейін айтқан. Жобада бірқатар мемлекеттік маңызды билік органдары басшыларын президент жеке дара өзі тағайындайды деп көрсетілген.
Кейбір сыншылар заң шығарушы билік тармағы әлсіреп, президенттің құзыры одан сайын кеңейеді десе, Ақорда керісінше, тежеу және тепе-теңдік ұстау жүйесі нығайып, елдің "ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етеді" дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бесінші референдум және Конституцияны кезекті рет өзгерту