Сицилиядағы музейден Қайта өрлеу дәуірінің төрт туындысы ұрланды

Қайта өрлеу дәуірінің суретшісі Антонелло да Мессинаның "Әулие Григорий полиптихының" үш панелі. 1473 жылы салынған өнер туындылары Мессина қаласындағы музейде сақталған еді.

Италияның Сицилия аралындағы Мессина қаласындағы музейден XV ғасырдағы әйгілі Қайта өрлеу дәуірінің шебері Антонелло да Мессинаның төрт картинасы қолды болған. Ұрлық қылмысы сенбіде, 15 тамыз кешке жасалған. Белгісіз біреулер музейге еніп, мәдени мұраға жататын өнер туындыларын ұрлап кеткен.

Музей басшылының айтуынша, дабыл жүйесі мен әлгі картиналардің әрбіріне орнатылған қауіпсіздік құрылғыларын амалын тауып айналып өткен. Қолды болған өнер туындылары қатарында "Әулие Григорий полиптихының" бес панелінің үшеуі және алдыңғы бетінде сәби ұстаған Құдай ана бейнесі, ал артқы бетінде Иса Мәсіхті жоқтау көрінісі (Пьета) бейнеленген бірегей екіжақты картина бар. Оларды ұрлау үшін қылмыскерлер әйнек қоршауды сындырған.

Тергеушілер болжамынша, ұрылар әуелде суретшінің алты туындысын алып кеткен. Алайда солардың екеуі кейін музей ішінен табылған. Қылмыскерлер ол екі картинаны неліктен қалдырып кеткені әзірге белгісіз.

Бұл қылмыс Мессинада 15 тамыз күні Вара діни мерекесі өтіп жатқан кезде жасалған. Құдай ананың көкке көтерілуін әспеттейтін дәстүрлі шараны тамашалауға жыл сайын қалаға мыңдаған турист жиналады және көшелерде ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Полиция мен тұрғындардың назары музейлерден басқа жаққа ауған сәтті ұрылар өз мақсатына пайдаланған.

Ұрланған картиналар Мессина үшін ғана емес, бүкіл мәдени мұра үшін ерекше тарихи, көркемдік және символдық маңызы бар өнер туындылары еді деп ах ұрған музей директоры Мариза Меркурио олар табылып, орнына қайтарылар деп үміт үзбей отыр. Құқық қорғау органдары ұрлық қылмысын тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Италиядағы бұл қылмыс осы елдегі Парма қаласына жақын жердегі Магнани-Рокка жеке қорынан биыл көктемде ұрланған суретшілер Пьер-Огюст Ренуар, Поль Сезанн және Анри Матисстің картиналары табылған тұста жасалды. Жалпы құны 9 миллион еуродан асатын өнер туындылары 23 наурызға қараған түні бас-аяғы үш минуттың ішінде қолды болған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Италияда Ренуар, Сезанн мен Матисстің ұрланған картиналары табылды