Қазақстанның негізгі аграрлық аймақтарының бірінде ондаған жылдан бері халық саны кеміп жатыр: жастар үлкен қалаларға ұмтылып, ауылдар иесіз қалды, ал биліктің оңтүстіктен адам көшіріп қоныстандыру әрекеті күткендегідей нәтиже бере алмады. Қазақстанның солтүстік шекарасындағы халықтың қазіргі жағдайы қандай, оларды Ресеймен не байланыстырады және неге біреулер туған жерін тастап кетсе, енді біреулері араға көп жыл салып қайта оралып жатыр?
Бұл – Азаттық Азия сайтының арнайы жобасының Қазақстанның Ресеймен шекаралас аймақтарының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы төртінші репортажы. Тілшілеріміз Ресеймен көрші болу жергілікті халықтың өміріне қалай әсер ететінін білу үшін алты қалаға – Орал, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Павлодар және Өскеменге барып қайтты.
Солтүстік Қазақстан облысының аумағы шамамен 98 мың шаршы шақырым – бұл Қазақстан жерінің 3,6 пайызы. Батысында Қостанай облысымен, оңтүстігінде Ақмола облысымен, шығысында Павлодар облысымен, ал солтүстігінде Ресейдің Қорған, Түмен және Омбы облыстарымен шектеседі. Әкімшілік орталығы – Петропавл қаласы. Солтүстік Қазақстан облысы 1936 жылғы 29 шілдеде құрылған. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша СҚО-да 510 181 адам тұрады. Бұл – Қазақстандағы халқы ең аз әрі олардың саны азайып бара жатқан өңірлердің бірі.
Қазақтар мен империя арасындағы сауда орны
Қазіргі шекара пайда болғанға дейін Қызылжар өңірі қазақ руларының жайлауы мен көші-қон жолы болған. 1752 жылы мұнда Ресей империясының Жаңа Есіл қорғаныс шебінің бір бөлігі ретінде Петр әулие бекінісі салынды. Кейінірек қала Орталық Азия мен Ресей арасындағы сауда-саттық орталығына айналды: мұнда Бұхара мен Ташкенттен керуендер келетін, ал ол жаққа ресейлік көпестердің тауарлары жөнелтілетін.
Тарихшы Нұрболат Әбуов бұл сауда-саттықтың дамуын экспансияны белсенді жүргізген Ресей мен Цин империялары арасында тепе-теңдік ұстап, Қазақ хандығының егемендігін сақтап қалған әйгілі Абылай ханның саясатымен байланыстырады.
– Ресей бодандығын қабылдауға Абылай хан тату көршілік пен бейбіт қарым-қатынас орнату тұрғысынан қарады. Ол кезде мұндай өзара байланыс орнату үшін қазақтар мен Ресей арасындағы сауда ең тиімді жол болып көрінді. Тиісінше, Ресей өнімдеріне мұқтаж болғандықтан, ол осы бекіністе сауда орнын ашуды сұрап хат жазды, – деді тарихшы.
Петропавл қаласындағы дүкеннің маңынан өтіп бара жатқан адам
1807 жылы бұл елді мекен қала мәртебесіне ие болды. Мұнда көпестердің дүкендері, қолөнер шеберханалары, қоймалар мен ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін кәсіпорындар ашылды. Мал, тері, астық және басқа да тауарлар саудасы жергілікті көпестерді табысқа кенелтіп, мұнда көшіп келгендер қарасы көбейді. Дәл осы кезеңде Петропавлдың тарихи келбеті қалыптасты: тастан қаланған сауда ғимараттары мен көпестердің еңселі үйлері бой көтерді, олардың бір бөлігі қазірге дейін бар.
1894 жылы Петропавлға Транссібір теміржол желісімен алғашқы пойыз келіп жетті. Бұрын сауда орталығы болып келген қала Ресей империясының еуропалық бөлігі мен Сібірді жалғайтын аса маңызды көлік торабына айналды.
Совет өкіметі орнаған соң алғашқы онжылдықтарда бұл өңір ауыр зұлматты бастан өткерді. 1920-1930 жылдары көшпелі халықты күштеп ұжымдастыру мен отырықшылыққа көшіру науқаны елдің мал-мүлкін тәркілеуге, қалыптасқан дәстүрлі шаруашылықтың күйреуіне және жаппай ашаршылыққа ұласты. Салдарынан мыңдаған адам атамекенін тастап босып кетуге мәжбүр болды. Кейіннен бұл өлкеге, керісінше, Совет одағының түкпір-түкпірінен адамдарды күштеп қоныстандыру басталды. Олардың арасында саяси қуғын-сүргінға ұшырағандар мен жер аударылған поляктар, немістер, шешендер мен ингуштер болды.
Петропавл қаласы маңындағы жол бойында көкөністен жасалған тамақ өнімдерін сатып отырған адам
1954 жылы совет билігі тың игеру жөніндегі ауқымды науқанды бастаған соң облыс тарихында жаңа кезең басталды. Қазақстанның солтүстігі осы жобаның басты орталықтарының біріне айналды. Мұнда Ресейден, Украинадан және Беларусьтен жас мамандар, механизаторлар мен жұмысшылар – түрлі этнос өкілдері көптеп келіп, өңір халқының ұлттық құрамы айтарлықтай өзгерді.
Көші-қон толқыны
Қазақстанның өзге де көптеген өңірлері сияқты, Солтүстік Қазақстан облысының өнеркәсібі де біржақты сипатта – негізінен қорғаныс саласына жұмыс істейтін кәсіпорындар құрылып, дамыды. Жергілікті қорғаныс зауыттарының Совет одағының бірегей саласының өндіріс жүйесіне байлануы және негізгі назар ауыл шаруашылығына ғана аударылуы 1991 жылдан кейін өңір экономикасына ауыр соққы болып тиді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шаруашылық байланыстардың үзілуі, ірі кәсіпорындар мен машина жасау зауыттарының тоқтауы, совхоз-колхоздардың таратылуы алғашқы ауқымды көші-қон толқынына себеп болды. Дәл сол 1990-жылдары Солтүстік Қазақстан облысы үшін ауыр әрі ұзаққа созылған үрдіс – халықтың жаппай басқа жаққа қоныс аударуы белең алды. Жастар мен білікті мамандар тұрақты өмір іздеп үлкен қалаларға және шетелге көше бастады, ал Петропавл мен оған іргелес аудандар біртіндеп халқы ең жылдам қартайып, тұрғындар саны азайып бара жатқан өңірге айналды.
Солтүстік Қазақстан облысы Долматово ауылындағы ескі мәдениет үйінің есігі
Қазір бұл үдеріс біршама бәсеңдегенімен, облыс картасынан ауылдар әлі де жойылып жатыр. Көші-қон тоқтаған жоқ, тек ішкі бағытқа ауысты: тұрғындар енді Ресей мен Германияға емес, экономикалық жағынан әлдеқайда дамыған үлкен қалаларға, ең алдымен Астана мен Алматыға қоныс аударуға ұмтылады.
– Петропавл мен әсіресе ауылдық жердің тұрғындары қазір шетел асып жатқан жоқ... Қазір жұрт Қазақстанның өзге өңірлеріне көшеді, – деді жергілікті журналист Павел Притолюк. – Өйткені біздің облыста экономиканың түрлі саласындағы, соның ішінде өңірдің негізгі тірегі саналатын әрі халықты осында тұрақтандыруы тиіс ауыл шаруашылығындағы жалақы тым төмен. Өкінішке қарай, бұл сала күткендегідей табыс әкеліп отырған жоқ. Журналист ретінде мен бірнеше жыл бұрын өңірлердегі ауыл шаруашылығы мамандарының жалақысын зерттеп көрген едім. Ондағы қалыптасқан жағдай болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік бермейді.
"Болашақта мұнда жұмыс болмайды"
"Негізі осында қалғым-ақ келеді, бірақ болашақта мұнда жұмыс болмайтын сияқты. Алдағы бес жылдың ішінде Астанаға көшсем деген ниетім бар", – деді "Азаттық Азияға" Петропавлдың жас тұрғындарының бірі.
Мұндай ойы барлар Солтүстік Қазақстан облысында аз емес. Петропавлдықтардың өздері де туған қаласын шалғайдағы қоныс деуден қымсынбайды. Шынында да, қала шағын: 2026 жылғы қазандағы деректерге сәйкес, 222 мыңнан сәл ғана асатын тұрғыны бар.
Петропавлдағы шіркеудің алдынан өтіп бара жатқан ер адам
Павел Притолюк мұны жоққа шығармайды, әйткенмен қаланың терең тарихы барын еске салады.
– Байқаған шығарсыз, үлкен қалалардан келген адамдардың көзімен қарағанда, Петропавл – шеткері жатқан, кәдуілгі шағын қала. Дегенмен бұл – өзіндік тарихы қалыптасқан көне әрі тартымды шаһар. Бір жағынан сол замандағы қазақстандық өзге қалаларға ұқсаса, екінші жағынан көршілес ресейлік Омбы мен Екатеринбургті еске салады. Мұндай ұқсастық сәулетінен ғана емес, халқынан, өмір салтынан, тіпті белгілі бір деңгейде ділінен де аңғарылатын сияқты. Әрине, өңірге тән әлдебір жабығыңқы, пәс көңіл күй бары да рас, – дейді жергілікті журналист Азаттық Азияға берген сұхбатында.
Бұған қоса Притолюк өңірдің Ресеймен тығыз байланысы "тарихи тұрғыдан солай қалыптасқан" дейді. Солтүстік Қазақстан облысы – елде орыс ұлтының өкілдері ең көп тұратын жалғыз өңір: тұрғын халықтың шамамен 44,5 пайызы – орыстар, ал 38 пайызға жуығы – қазақтар. Мұнда сондай-ақ украиндар, немістер, татарлар және басқа да ұлт өкілдері тұрады.
– Меніңше, Ресеймен қарым-қатынас, әсіресе туыстық байланыс өте тығыз, оған ештеңе істей алмайсың. Қазіргідей күрделі кезеңде де жұрттың ол қатынап жататыны – қисынды нәрсе. Шекараның екі бетінде де ұзын-сонар кезек жиі пайда болады. Көпшілігі вахталық әдіспен жұмыс істеуге баратыны рас, өйткені бұл әлі де табыс табудың сенімді көзі болып отыр. Әйткенмен, елдің арлы-берлі қатынауына ең алдымен туыстық байланыс себеп болып отыр деп ойлаймын, – дейді журналист.
Солтүстік Қазақстан облысындағы азық-түлік дүкендерінің біріндегі сатушы
Ресей Украинаға қарсы ауқымды басқыншылық соғыс бастағалы бері шекаралық аймақтың ролі арта түсті. Петропавлға Ресейден білім іздеп келетін жастар көбейді. Манаш Қозыбаев атындағы жергілікті университет америкалық Аризона университетімен серіктесті бағдарламасын дамытып жатыр. Бұл жоба студенттерге халықаралық үлгідегі диплом алуға мүмкіндік береді. Ал кей ресейлік отбасы үшін баласын Қазақстанға оқуға жіберу – ең алдымен перзентінің қауіпсіздігінің қамы.
– Көңілі алаң ата-ана баласын қауіпсіздеу жерге оқуға жібереді. Сондықтан қазір жоғары оқу орындары үшін, соның ішінде өңірлік, тіпті шекара маңындағы университеттер үшін жаман кезең емес деп есептеймін, – дейді Притолюк.
Қоныс аударушылар, сепаратизм және елге оралу
Билік халқының саны жылдан жылға кеміп бара жатқан өңірге Қазақстанның оңтүстік облыстарының тұрғындарын көшіріп әкеліп қоныстандыру бағдарламасын қолға алғалы біршама уақыт болды. Көшіп келгендерге жаңа орынға тұрақтап, шаруашылығын түзеп алуы үшін көтерме жәрдемақы төлеп, жұмысқа орналасуға көмек көрсетуге және тұрғын үй сертификатын беруге уәде етті. Бұл бағдарлама 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап алып, Украинаның шығысында Мәскеудің әскери қолдауына сүйенген сепаратистер қарулы жанжал бастағаннан кейін іске қосылған еді.
Ресейлік саясаткерлер жерге байланысты даулы сөзіне ілік ететін солтүстік өңірге қазағы көп оңтүстіктен халықты орыстілді солтүстікке көшіру – жұмыс күші тапшылығын жою ғана емес, сонымен бірге өңірдің демографиялық ахуалын өзгертудің бір мүмкіндігі де.
Алайда жаңа қонысқа көшіп барғандардың бәрі бірдей ол жақта тұрақтап қала бермейді.
Журналист әрі қоғам белсендісі Өмір Есқали Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында қоныс аударушыларға арнап салынған үйлерді мысалға келтірді.
– Осында көшіп келіп жатқан бауырларымызға ең алдымен қарапайым тұрмыстық жағдай жасауымыз керек. Бірақ бізде бұл жағы ақсап тұр. Ең басты мәселе – салынып жатқан баспаналардың сапасы сын көтермейді. Бір ғана мысал айтайын: былтыр Жамбыл ауданына барғанымда оннан астам су жаңа үйдің қаңырап бос тұрғанын көрдім. Неге десеңіз, олар біздің солтүстіктің суық ауа райына мүлде жарамайды, қыста тұру мүмкін емес. Тіпті осы мәселе үлкен дауға айналып, оның соңы ауыл мен аудан әкімдерін қызметінен босатуға дейін барған кездер болды.
Қазақстан билігі бұл өңірге жаңа тұрғындарды тартуға күш салып жатқан тұста, Ресей тарапынан "қазақ жерінің бір бөлігі солтүстіктегі көршіге тиесілі" деген сарындағы мәлімдемелер оқтын-оқтын естіліп қалады. Кейбір ресейлік саясаткерлердің елдің тарихи шекарасына ашық күмән келтіріп айтқан сөздері Астана мен Мәскеу арасында талай рет дипломатиялық шиеленіс туғызды.
2014 жылдың тамызында Ресей президенті Владимир Путин "Селигер" жастар форумында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың "ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрғанын" айтып, қазақтарда бұрын мемлекеттілік болмаған дегенге келтірді. Алты жылдан кейін Ресей президенті жер мәселесін қайта қозғады. 2020 жылдың маусым айында ол Совет одағы құрамынан шыққан кезде кейбір бұрынғы советтік республикалар баяғыда "орыс халқы сыйға тартқан" жерді өзімен бірге алып кеткен деп мәлімдеді. Бірақ Путин нақты қай мемлекеттер мен жерлерді меңзегенін ашып айтпады.
Сол жылдың желтоқсан айында Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никонов кремльшіл "Первый канал" эфирінде "Қазақстанның солтүстігінде бұрын ешкім қоныстанбаған" деп мәлімдеп, Қазақстанның қазіргі аумағын Ресей мен Совет одағының "үлкен сыйы" деп атады. Ал оның әріптесі Евгений Фёдоров тіпті Қазақстанға берілді делінген жерлер Ресейге қайтарылуы керек деген талап айтты. Бұл сөздер қазақстандықтардың ашу-ызасын туғызып, оның аяғы дипломатиялық жанжалға ұласты. Қазақстан СІМ ресейлік дипломатты шақыртып алып, мұндай мәлімдемелер екі ел арасындағы қарым-қатынасқа айтарлықтай нұқсан келтіретінін ескертіп, наразылық нотасын тапсырды.
Петропавл қаласындағы теміржол вокзалы алдындағы алаңда ақын Мағжан Жұмабаевқа қойылған ескерткіш
2023 жылдың наурыз айында әлеуметтік желілерде "Еңбекшілердің халық кеңесі" деп аталатын әлдебір ұйымның жиналысының видеосы тарағаннан кейін Петропавлда үлкен дау шықты. Әлгі жиында қаланың 19 тұрғыны ұйым құрғанын жариялап, төрағасын сайлап, декларация қабылдаған. Бұл құжатта Қазақстанды "корпорация" деп атаған олар, елдің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігіне күмән келтіріп, Қазақ ССР-і әлі дәурен кешіп жатыр деп мәлімдеген.
30 наурызда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті сепаратизмді насихаттау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Әлгі ұйымның төрт мүшесі сотқа тартылып, қалғандары іске айыптау тарапының куәгері ретінде қатысты.
2023 жылдың 28 қарашасында Петропавл қалалық соты Вячеслав Зудерманды, Елена Болдыреваны, Мәдина Қапарованы және Ольга Бережнованы сепаратистік пиғылдағы әрекеттері мен мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді насихаттағаны үшін айыпты деп таныды. Сот үкімі бойынша, топты ұйымдастырушы Вячеслав Зудерман тоғыз жылға, ал қалған үшеуі жеті жылға бостандығынан айырылды. Бұған қоса сот Зудерманды оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін де жауапқа тартты. Сотталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ, 2024 жылдың қаңтарында апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Солтүстік Қазақстан облысындағы Ивангород ауылына кіреберіс жол бойындағы жазу
Әйткенмен бір ғана саяси оқиғаға қарап, облыс тұрғындарының Ресейге деген көзқарасын біржақты бағалауға болмайды. Мысалы, көрші Қостанай облысындағы Рудный қаласының тумасы Юрий Перегородиев Ресейде бірнеше жыл тұрып, қоғамдық істерге белсене араласқан. Ол тіпті "Новые люди" партиясында (Ресейдегі өзін либералды әрі реформаторлық күш ретінде көрсететін, бірақ жүйелі оппозицияға жататын және Кремльдің саясатына қарсы шықпайтын парламенттік партия – ред.) куратор болған. Кейін ол Қазақстанға қайтып оралды.
– Ресейде тұрып көрдім, маған ондағы менталитет ұнамады, – дейді Юрий. – Ол жақтың адамдарын тым қатыгез не мейірімдірек деп бөле-жара айта алмаймын. Бірақ бала кезімнен Қазақстанда өсіп-ержеткенімді, әсіресе әскери училищеде оқығанымды ескерсек, өзіміздің қазақстандық, қазақы мінез-құлқымыз бен болмысымыз ол жақта айқынырақ көрінді. Менің жан дүниеме сол әлдеқайда жақын, осында өзімді жайлы сезінемін. Қазір қазақ тілін жайлап үйреніп жүрмін, жалпы мен Ресей тарихынан гөрі Қазақстанның тарихына қашанда көбірек қызығатынмын.