"Ақорданы басып алмақ болған" деп айыпталған бес белсенді қамау жазасын алды

"Ақорданы басып алу ісі" бойынша айыпталған бес белсендінің бірі Қайсар Өзбек. Алматы, 25 желтоқсан, 2023 жыл.

8 қыркүйек күні Алматы қаласы Алмалы ауданының қылмыстық соты "Ақорданы басып алмақ болды" деп айыпталған бес белсендіге үкім шығарды. Сот белсенділер Қайсар Өзбек пен Талғат Әшіровті бес жарым жылға, ал Асқар Нұрмаған, Әбдуәли Тағай және Дүйсенбек Жақашевты бес жылға бостандығынан айырды. Мұны сейсенбі күні құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады.

Бұған дейін прокурор соттан айыпталушыларды сегіз жылға қамауды сұраған еді.

Былтыр маусымда ұсталған бұл бесеуі содан бері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында қамауда отыр. Сот процесі биыл 6 ақпанда басталған.

Нұрмаған, Тағай мен Жақашевке "топ болып билікті күшпен басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттады, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып қиратып-бүлдіруге және билік өкілдеріне қарсылық білдіруге оқталды" деген айып тағылған. Өзбек пен Әшіровке бұған қоса "топ адам болып жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау" айыбы тағылған.

Тергеу тұжырымы бойынша, бес белсенді 2025 жылдың қыс-көктемде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, Ақорданы басып алуды жоспарлаған, сол үшін адамдар іздеп, қару-жарақ жайын және жолдарды жабуды ақылдасқан. Тергеу тарабы "олар 27 сәуірде президент резиденциясының аймағын торуылдап, кейін жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға қажетті радиоқабылдағыш, дауыс ұлғайтқыш және тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға пайдалану үшін басқа да заттар сатып алған" дейді.

Сот басталған кезде прокурор іс бойынша куәлердің бірі жеке басының қауіпсіздігіне алаңдайтынын алға тартып, процесті жабық өткізуді сұраған. Өздеріне тағылған айыпты мойындамаған бес белсенді сот процесі ашық өтсін деген талап айтқан.

Судья прокурордың өтінішін орындады: сот процесі бастан-аяқ жабық өтті.

Әбдуәли Тағайдың қорғаушысы Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, сотталушылар – жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыратындай қаржыcы да, құрылымы да болмаған қарапайым жұмысшылар.

Қайсар Өзбек 2022 жылы Қанды Қаңтар оқиғасына қатысып, Қазақстанға ҰҚШҰ әскерін кіргізуге қарсы шыққан. Асқар Нұрмаған бұған дейін наразылық митингілеріне қатысқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылған. Әбдуәли Тағай 2016 жылы жер митингілерінде және 2019 жылы Қытай инвестициясына қарсы наразылық акцияларына қатысқан.

  • Қазақстанда бұған дейін де бірнеше адам Ақорданы басып алмақ болды деген айыппен сотталған. 2024 жылы "Трактор ісі" бойынша жауапқа тартылған алты адам бостандығынан айырылып, түрмеге қамалған. Тергеушілер ол алты адам трактормен Ақорда аумағына басып кіріп, тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды деген айып таққан.
  • 2025 жылы сот елде АЭС құрылысын салу жөнінде референдум өтер алдында тәртіпсіздіктер ұйымдастырмақ болды деп айыпталған бес белсендінің бостандығын төрт жылға шектеу туралы үкім шығарған. Кейін олардың жаза мерзімі екі жарым жыл болып қысқарды.