18 тамыз күні Алматы соты қазақстандық журналист және Orda.kz сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр (Гүлшат) Бажкеноваға үкім шығарды. Сот оны кінәлі деп танып, сегіз жылға бостандығынан айырды, үкім екі жылдан кейін орындалады. Осыған дейін прокурор соттан журналистке дәл осындай жаза қолдануды сұраған.
Бұған қоса, судья Елена Кван шығарған үкімге сәйкес, Бажкеноваға журналистикамен және қоғамдық қызметпен айналысуға бес жылға тыйым салынды.
Гүлнәр Бажкеноваға Қылмыстық кодекстің 189-бабы ("Біреудің мүлкін иемдену және жымқыру"), 214-бабы ("Заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу") және 274-бабы ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") бойынша айыптар тағылған. Журналистің үстінен қылмыстық істер азаматтар жазған арыздар бойынша қозғалған. Іс материалдарында 11 адам жәбірленуші ретінде көрсетілген. Олардың арасында OrdaMedia.kz ЖШС директоры Мақсат Ғаниев, "Қазақстан темір жолы", "ҚазМұнайГаз" және басқа ұйымдардың өкілдері бар.
Сейсенбі күні сотта сөйлеген соңғы сөзінде Гүлнәр Бажкенова өзіне тағылған айыптарды тағы да жоққа шығарып, соттан өзін кәсіби құқықтарынан айырмауын сұраған. Ол журналистік қызметке тыйым салуды "азаматтық өлім жазасына" теңеген.
Бұл сот процесі бір жарым айға созылды. Гүлнәр Бажкенова былтырғы желтоқсан айынан бері үйқамақта отыр. 2025 жылғы 1 желтоқсанда оның пәтерінде және Алматы мен Астанадағы Orda.kz кеңселерінде тінту жүргізілді. Полиция журналистің үстінен "көрінеу жалған ақпаратты бірнеше рет және қасақана таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалғанын" хабарлаған.
Журналист, медиаменеджер Гүлнәр Бажкенова бұрын түрлі ірі медиажобаларға жетекшілік еткен. Ол былтыр үстінен қылмыстық іс қозғалғанға дейін Orda.kz интернет-басылымының бас редакторы болып істеген.
Былтыр шілдеде Гүлнәр Бажкенова өзі негізін қалаған әрі бас редактор ретінде басқарып отырған Orda.kz басылымын билікпен байланысы бар адамдар рейдерлік жолмен тартып алғалы жатқанын мәлімдеген. Бұған дейін де түрлі қысым жасалып келді деген журналист сайтты алып қалу үшін Қазақстанның да, АҚШ-тың да сотына арызданып жатқанын айтқан еді.
Журналист үйқамаққа алынғаннан кейін, былтыр желтоқсанның басында "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) Қазақстан билігін Гүлнәр Бажкеноваға тағылған айыпты алып тастап, басылымның еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауға шақырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
CPJ Астананы Бажкеноваға қарсы істі жауып, "Ордаға" қысымды доғаруға шақырдыГүлнәр Бажкеноваға үкім шығар күннің қарсаңында қазақстандық және халықаралық бірнеше құқық қорғаушы ұйым бірлескен мәлімдеме жасап, Қазақстан билігін "журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына қысымның кез-келген түрін дереу тоқтатуға, қылмыстық және әкімшілік заңдарды тәуелсіз журналистикаға кедергі жасауға немесе оларды жазалау үшін қолданбауға, оған қоса журналистер мен БАҚ-тарға алдағы болатын сайлау және қоғамдық маңызы бар мәселелер жөнінде қудалау мен қысымға тап боламын деп қорықпай еркін хабар таратуына мүмкіндік беруге" үндеген. Оның алдында "Құқықтық медиа-орталық" ұйымы Қазақстанда тәуелсіз БАҚ-тарға қысым күшейіп жатыр деп мәлімдеген.
17 тамызда Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзі басқаратын министрлік масс-медиа саласындағы уәкілетті орган ретінде ең алдымен сөз бостандығына кепілдік беретін заңды құқықтардың жүзеге асуына қолдау көрсетеді деп жазды әлеуметтік желідегі парағына. "Мемлекет азаматтардың ой-пікірін білдіру құқығын және сөз еркіндігін шектеуге мүдделі емес" деді министр.