The Spirit of Tengri фестивалі

The Spirit of Tengri музыка фестивалі Алматыдағы Республика сарайы алдындағы ашық алаңда өтті. Музыкалық шараны мыңдаған адам тегін тамашалады.

Фестивальді көмеймен ән айту шеберлері ашты. Сахнада Радик Тұлыш (Тыва), Александр Архинчеев (Бурятия), Ринат Рамазанов (Башқұртстан) мен өзбекстандық "Аббос" тобы өнер көрсетіп тұр.

Фестиваль басталуға санаулы минут қалғанда кенеттен жаңбыр құйып берді. Өзбекстандық топ жауын астында өнер көрсетті.

Көрермендер арасында осы фестивальды тамашалауға жылда келетін адамдар да байқалды. Ұлттық қалпақ киген бұл ақсақалды Азаттық тілшісі өткен жылғы фестиваль кезінде де жолықтырған.

Сахнада Өзбекстаннан келген "Аббос" тобы өнер көрсетіп жатыр.

"Аббос" тобын 1998 жылы Өзбекстан халық әртісі Аббос Косимов құрған. Қазір топты оның шәкірті Равшан Юнусов (суретте дауылпаз ұстап тұр) басқарады.

Фестивальді тамашалауға келген жастар.

Ал мына бір көрермен сахнада музыка ойнаған кезде жұмыс істемейтін фонтанның жанында тұрып билей бастады.

Нигер, Алжир мен Франция музыканттарынан құралған Ezza тобы өнер көрсетіп жатыр.

Ezza триосының құрамында (солдан оңға қарай): Стефан Гратто (барабан), Гумур Омар Адам және Менад Муссауи бар. Бұл топты туарег Гумур Омар Адам құрған.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қатысушылар мен көрермендерді The Spirit of Tengri музыка фестивалінің ашылуымен құттықтап тұр.

Фестиваль кезінде ұлттық қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Франциядан келген мейман Пьер Куни (оң жақта) The Spirit of Tengri музыка фестивалін ұйымдастырушылардың өкілі Ирина Бучнаямен әңгімелесіп тұр. Пьер Куни - жыл сайын наурызда Францияның Марсель қаласында өтетін Babel Med Music фестивалінің негізін қалаушылардың бірі.

Ресейден келген Shono немесе «Бурят арландары» тобы The Spirit of Tengri фестиваліне бұған дейін де қатысқан. Топ жетекшісі Александр Архинчеев көмеймен ән салып, ұлттық саз аспаптарында ойнайды.

Фестивальға биыл алғаш рет қатысқан Childo Tomas тобының құрамында Испания, Дания және Мексикадан шыққан өнерпаздар бар. Топты мозамбиктік Чилдо Томас (суретте) құрған.

Фестивальдің бірінші күні Израильдің Q2A тобының өнер көсетуімен аяқталды. Бұл топтың музыкалық шараға қатысуына Қазақстандағы Израиль елшілігінің қолдау көрсеткен. Израиль елшісі Михаил Бродскийдің (суретте) сөзінше, Q2A – Израильдегі аса танымал топтардың бірі.

Q2A тобын 2014 жылы Якир Сассон және Элиасаф Башари құрған. Басында дуэт ретінде құрылған топ құрамында биылғы фестиваль сахнасында жеті адам өнер көрсетті.