"Табысың шекті шамадан көп". Әлеуметтік баспанадан қағылған жетімдердің жанайқайы

Қазақстанда әлеуметтік осал топтағы жандарға мемлекет жалға беретін тұрғын үй кезегінде жылдар бойы тұрған жетімдер табысы үкімет белгілеген шекті шамадан асып кеткені үшін аңсаған пәтерге қол жеткізе алмай отыр. Өтініш иелерінің айтуынша, олардың табысы тек күнделікті қажетін өтеуге жетсе де, қолданыстағы заң талаптары бойынша, оның мөлшері әлеуметтік тұрғын үйден қағылуына негізі себепке айналған.

Осынай көкейкесті мәселені шешудің бір шешімі ретінде кейбіріне тіпті оғаш қадамға, мысалы, некеде тұрған жұбайынан ажырасуға кеңес беретіндер бар. Қарағанды облысының тұрғыны Кристина Банах – жетімдер санатына жататын жан. Оның мемлекеттен жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрғанына 12 жылдан асты. Бұл бағдарлама аясында берілетін пәтер жергілікті әкімдік меншігінде қалады, ал баспананы жалға алып пайдаланушы ай сайын азғантай ақы төлейді.

Жақында Кристина үй кезегі келгені туралы хабар алды, тіпті берілетін пәтер де көрсетілген. Бірақ кілтті табыстауға келгенде өтініші кері қайтарылған. Оған Кристинаның шахтер болып жұмыс істейтін күйеуінің табысы себеп болған. Мемлекеттік талап бойынша, отбасының жиынтық табысы белгіленген шекті шамадан асып кеткендіктен, оған жеңілдікпен тұрғын үй берілмейтінін естіп-білген.

Келіншек енді не істеуге болады деген сұрақпен шенеуніктерге барғанында күтпеген кеңес естіп түңілгенін айтады.

"Күйеуіңнен ажырас" деді маған. "Заңды некеде тұрғаныма 20 жыл болды, неге ажырасуым керек? Біз керісінше, балаларымызға тату-тәтті тұратынымызды, бір-бірімізге разы екенімізді көрсетуіміз керек қой. Сөйтіп жүріп аяқ астынан ажырасамыз ба? Бұл қалай болғаны сонда? Егер күйеуімнен ажырассам, кірісім азаяды екен. Кіріс маған, бөбегім мен үлкен қызыма ғана есептеледі екен. Сонда біздің кірісіміз [шекті мөлшерден] аспайтын көрінеді", – дейді Кристина.

Ол күйеуіңнен ажырас деген кеңесті қабылдай алмайтынын айтқан.

Шахтинск қаласының әкімдігі Кристина Банахтың шағымына берген жауабында: "Отбасы банк" акционерлік қоғамы ұсынған ақпаратқа сәйкес, кіріске жүргізілген тексеріс нәтижесінде отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа табыс Қазақстан Республикасының заңында мемлекеттің қолдау шарасы аясында баспана алушылардың кірісі бойынша белгіленген шекті мөлшерден асып кеткені анықталды" деп түсіндірген.

Бұрын жетімдерге әлеуметтік тұрғын үй негізінен өз атында баспанасы жоқ азаматтарға берілетін. Алайда 2025 жылдың жазынан бастап тұрғын үйді бөлу құзыреті мемлекеттік "Отбасы банкке" өткен соң әлеуметтік баспана жалға берілетіндерді іріктеудің жаңа тәртібі енгізілді.

Енді жүйе өтініш берушінің атында баспанасы болмауы және оған қоса отбасының әр мүшесіне шаққандағы табысы белгіленген шектен аспауы шарт. Үш және одан көп адамнан тұратын отбасы үшін бұл шекті шама әр адамға 200 АҚШ долларына тең мөлшерде белгіленген.

Жаңа жүйе кейінгі алты айдағы жалақыны ғана емес, демалыс ақысы, тоқсандық сыйақы сияқты сынды барлық қаржылай кірістерді де табыс ретінде есептейді. Дәл осы талап Павлодар тұрғыны Андрей Кучеренконың да әлеуметтік баспанадан қағылуына әсер еткен.

Андрейдің айтуынша, есептелген кезеңде тоқсандық сыйақысы мен демалыс ақысы қатар түсіп, жүйе олардың бәрін бір табыс ретінде есептеген.

"Олар есепке алып отырған жарты жылдағы кірістің ішінде маған үш айда бір төленетін ақша, оған қоса мен маусымнан шілде айына дейін демалыс алған кезде маған әуелі еңбекақым, тағы он күн өткенде түскен демалыс ақшам бар, солардың бәрін қоса есептеген жүйе баспана берілмейді деп ұйғарды", – дейді Кучеренко.

Тіпті осы қосымша төлем ақшаларды қоса есептеген күннің өзінде, 17 жылдан бері жетімдер санатында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтың табысы шекті шамадан азғантай мөлшерде – шамамен 100 доллардан сәл асып кеткен. Солайша Андрей жалға берілетін әлеуметтік баспанаға іліге алмаған.

Зауытқа жұмысқа тұрғанына небәрі екі жыл болған Андрей оған дейін анда-мұнда бейресми жұмыс істеп күнелткен. Қазір жасқа толмаған баласы бар жас отбасы ай сайын табысының шамамен үштен бірін өздері жалға алып отырған пәтердің иесіне төлейді. Одан артылған ақша түгелдей күнделікті тұрмысқа қажет шығындарды өтеуге ғана жететінін айтады.

Павлодар қаласының тұрғыны, жетімдер санатына жататын Марина Харчук отбасының жалпы табысын есепке алатын жүйенің жалпы шығысты ескермейтіндігін үлкен қателік деп есептейді.

"Жетім балаларға, мүгедек балаларға және әлеуметтік осал топтарға қойылатын табыс шегін қайта қараса деймін. Шекті шаманы белгілейді екен, онда табысты ғана емес, шығысымызды да есептесін", – дейді ол.

Харчук жеңілдікпен баспаналы боламын деген үмітпен 18 жылға жуық кезекте тұрғанын айтады. 6 тамызда оған екі бөлмелі пәтер бөлінгені туралы "Электрондық үкімет" порталынан SMS-хат келген. Алайда құжаттарды рәсімдеу кезінде жүйе өтінішті қабылдамай, оған баспана берілмейтінін көрсеткен. Кейін белгілі болғандай, Марина мен жұбайының жиынтық табысы заңда белгіленген шекті мөлшерден – шамамен 700 АҚШ долларынан асып кеткен.

Марина Харчук Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялап, "Тұрғын үй алуға тұрақты ресми табыстың тосқауыл болуы неліктен?" – деген сұрақ қойды.

Марина отбасы ай сайын жалға алып отырған пәтердің ақысын төлеуге, баласын балабақшаға беруге, азық-түлік, киім-кешек және басқа да тұрмысқа қажет заттарды сатып алуға қаржы жұмсайтынын айтады. Оның сөзінше, мұндай жағдайда отбасының коммерциялық ипотекамен үй алуға шамасы жетпейді.

Баспанадан қағылған жетімдердің пікірінше, жүйеде белгіленген табыс деңгейі қазіргі өмір сүру құнымен мүлде сәйкес келмейді. Олардың есептеуінше, үш адамнан тұратын баспанасы жоқ отбасына айына 750 доллар шамасындағы табыспен өмір сүру өте қиынға соғады. Бұл көрсеткіш тіпті Қазақстандағы ресми орташа жалақыдан да төмен.

"Отбасы банк" өкілдері табыс шегі қолданыстағы заң аясында автоматты түрде есептелетінін және жүйені айналып өту мүмкін емес екенін мәлімдеді. Банк Марина Харчуктың жағдайында оған баспана құнының кемінде 10 пайызы мөлшерінде бастапқы жарнасын төлеп, жылдық 2 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека алуға болады деп хабарлаған.

Мемлекеттен жалға берілетін әлеуметтік баспанадан қағылған жетімдер мәселені қайта қарауды сұрап, Қазақстан президенті әкімшілігі мен Бас прокуратураға жүгінді. Олардан жауап әлі келген жоқ.