"Олай болса, бізге жұмыс тауып бер". Тәжікстан бордель иесі мен сутенердің баласын тартып алмақ

Екі баласы бар 21 жастағы Зарина жыныстық қызмет көрсету саласында жұмыс істейді.

Тәжікстанда жезөкшелікке тоқтау салу үшін сутенерлер мен жезөкшелер үйін ұстайтын адамдарды ата-ана құқығынан айыру туралы заң жобасы қаралып жатыр. Жобаны сынаушылар жезөкшелікті тоқтатудың бір амалы – жоқшылық кесіріснен осы жолға түсуге мәжбүр болған әйелдерді жұмысқа орналастыру екенін айтады.

Тәжікстан азаматы, 30 жастағы жалғызбасты ана Мавжуда елде жезөкшелік пен сутенерлік қызметке тыйым салынғанына қарамастан, жан бағу үшін Душанбедегі ақылы жыныстық қызмет көрсететін азаматтар тобына клиент табумен айналысады.

Аты-жөнін толық көрсетпеуді өтінген Мавжуданың отбасын асырау үшін істеп жүрген кәсібі көп ұзамай оны балаларынан ажыратуға себеп болуы мүмкін.

ЗАҢ ЖОБАСЫ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН БАЛАЛАРДЫ ТАРТЫП АЛУДЫ КӨЗДЕЙДІ

Тәжікстан парламенті "Отбасы туралы" заңға қылмыстық жауапкершілікке тартылған сутенерлер мен жезөкшелер үйін ұстайтын азаматтарды ата-ана құқығынан айыру туралы өзгеріс енгізуді ұсынып отыр: заң жобасы қабылданса, мемлекет олардың кәмелеттік жасқа толмаған балаларын тартып алады.

Аталған заң жобасы еш кедергісіз қабылдануы мүмкін. Парламент депутаттары мен бұл бастаманы қолдаушылар заң жобасы жезөкшелікке тоқтау салып, балаларды қорғауға көмектеседі деп сенеді.

Бірақ заң жобасын сынаушылар жезөкшелік деңгейін азайтып, отбасын қорғау үшін ең алдымен заңсыз секс индустриясында жүрген әйелдерге басқа жұмыс тауып беру керек деп есептейді.

Ақылы жыныстық қызмет көрсетіп жүрген әйелдердің көбі жоқшылық қысып, тұрмыс тауқыметін тартқан соң еріксіз осындай жолға түсуге мәжбүр болғанын айтады. Тәжікстан Орталық Азиядағы ең кедей мемлекет саналады.

Мавжуда мен онымен бірге жұмыс істейтін жыныстық қызмет көрсетуші азаматтар парламентте талқыланып жатқан заң жобасы туралы естіген.

Ол Азаттыққа өзі танитын әйелдердің мемлекет балаларымызды тартып алуы мүмкін деп қорқып жүргенін айтты.

"Неге [билік] балаларымызды тартып алу арқылы мәселені шешуге болады деп ойлайды? [Олар қамымызды ойласа], бізге жұмыс табуға көмектессін" дейді жыныстық қызмет көрсетушілерге клиент тауып беретін Мавжуда.

Қазір Мавжуда отбасын жалғыз өзі асырап отыр. Ол ата-ана құқығынан айыру кедейдің мойнындағы ауыртпалықты күшейтіп, оның онсыз да "бақытсыз өмірін" одан әрі қиындатады деп санайды.

Мавжуданың пікірінше, бұл заң жобасы "әлемдегі ең ежелгі кәсіп" деп аталатын жезөкшелікті тоқтата алмайды, одан ешкімге пайда жоқ.

БАЛАНЫ ТАРТЫП АЛУ МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕ МЕ?

"Неге [билік] балаларымызды тартып алу арқылы мәселені шешуге болады деп ойлайды? [Олар қамымызды ойласа], бізге жұмыс табуға көмектессін. Жұмыс істеп, балаларымызға жақсы өмір сыйлайық" дейді Мавжуда.

Заң жобасын дайындау жұмыстары Душанбе мен басқа қалаларда жүргізілген рейд кезінде полиция заңсыз жұмыс істейтін жезөкшелер үйін әшкереледі деген хабарлардан кейін басталған.

Тәжікстан заңына сәйкес, жезөкшелер үйін ұстайтын немесе жыныстық қызмет көрсетуші азаматтарға жалдамалы жұмыс ұсынғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оларға бес жылға дейін түрме жазасы қарастырылған. Қылмысын қайталаған азаматтар сегіз жылға түрмеге жабылады.

Тәжікстанда жезөкшелік құқықбұзушылықтар қатарына жатқызылған. Жыныстық қызмет көрсетумен айналысқаны үшін ұсталған азаматтар 200 долларға дейін айыппұл төлейді. Қылмысын қайталаған жағдайда одан да көп айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін абақтыға қамау жазасы қолданылады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәжікстанда жезөкшелерге мораль дәрістері оқылады

Жыныстық қызмет көрсетушілер негізінен мұсылмандардан тұратын қоғамда қысымға ұшырамас үшін көбіне туыстарынан табыс көзін жасырын ұстайды.

Қазір талқыланып жатқан заң жобасын дайындауға Тәжікстанның әйелдер ісі және отбасы жөніндегі мемлекеттік комитеті қатысқан.

Комитет мүшелерінің пікірінше, ата-ана құқығынан айыру қаупі болса, азаматтар ондай кәсіппен айналыспас бұрын мықтап ойланатын болады.

Комитет мүшесі Обиджон Шарипов Азаттыққа "Отбасы туралы" заңға өзгеріс енгізу балалардың физикалық және психикалық денсаулығын қорғауға мүмкіндік беретінін айтты.

"Бұл әйелдердің көбі – бір не екі баланың анасы. Олар балаларын жалғыз асырап отыр. Олардың айналысып жүрген кәсібі балаларға да әсер етеді. Анасы түнде жұмыста жүргенде, балалар үйде қараусыз қалады" дейді Шарипов.

Үкімет шенеуніктері мен әйелдер тобы жыныстық қызмет көрсететін азаматтар арасында ақпараттық науқан жүргізіп, оларды кәсібінен бас тартуға үгіттеп, "моральдық дәрістер" өткізгенін айтады.

Бұл сабақтар дәрігерлердің, құқық қорғау органы қызметкерлері мен жергілікті қоғам өкілдерінің жезөкшеліктің қаупі туралы дәрістерінен тұрады. Олар әйелдерге венерологиялық ауру жұқтырып, зорлық көріп, адам саудасының құрбаны болуы мүмкін екенін ескертеді.

"ПОЛИЦИЯ БОПСАЛАЙДЫ, КЛИЕНТТЕР ҰРЫП-СОҒАДЫ"

Жыныстық қызмет көрсетумен айналысатын әйелдер рейд кезінде полицияның бопсалап, тұтқында отырған кезде қорлап, ұрып-соғатынын айтады. Билік өкілдері бұл айыптарды жоққа шығарады.

"Бізді клиенттер де ұрып-соғады. [Полиция шақырсақ], олар келіп, шағымымызды жазып алумен ғана шектеледі" дейді Душанбеде жыныстық қызмет көрсетумен айналысатын 21 жастағы Зарина.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәжікстанда жезөкшелік талқылана бастады

Заринаның күнделікті табысына қарап отырған екі баласы бар. Ол 16 жасынан бастап жезөкшелікпен айналысады. Кейінгі жылдары Мавжуда оған қалталы клиенттер табуға көмектесіп жүр.

Зарина "Отбасы туралы" заңға Мавжуданы сутенерлікпен айналысудан бас тартуға мәжбүрлейтін өзгеріс енгізілсе, клиентті өзі іздеуге тура келетінін, мүлде табыссыз қалуы мүмкін екенін ойлап алаңдайды.

"Пәтерақысын төлеп, балаларымды асырайтын ақшаны қайдан табамын?" дейді мектепте аяғына дейін оқымағанын, бұрын-соңды заңдастырылған жұмыста істеп көрмегенін айтқан Зарина.

Зарина пәтерақысын төлеп, балаларын асырауға қажетті ақша табатын басқа жұмыс табылса, жезөкшеліктен қуана-қуана бас тартатынын айтады.

Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшілері Шахло Абдулло мен Сарвиноз Рухулло жинаған ақпарат бойынша Фарангиз Наджибулла жазған мақаладан аударылды.