Accessibility links

Тәжік президентінің қызынан кейін ұлы депутат болды. Өзгеге не қалды?


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ұлы Рустаммен бірге.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ұлы Рустаммен бірге.

Тәжікстандағы парламент сайлауында президент Эмомали Рахмонның ұлы жоғары палата депутаттығына өтті. Орталық Азиядағы президент балаларының депутаттық мансабы мұрагерлік туралы жорамалды күшейте түсті.

Тәжікстанда 27 наурызда өткен парламенттің жоғарғы палатасы Мелли мәжіліс (ұлттық мәжіліс) сайлауында президент Эмомали Рахмонның ұлы, Душанбе қаласының басшысы 32 жастағы Рустам Рахмон депутаттыққа өтті (әкім ретінде де орнында қалды – ред.). Мұның алдында 1 наурызда Тәжістанда төменгі палата – Өкілдер мәжілісінің сайлауы болған. Енді Тәжікстанның жаңа парламенті палаталарының біріккен отырысы сәуірдің 17-сіне белгіленді. Ескі құрамдағы парламенттің жұмысы жаңа құрамдағы заң шығару органы іске кіріскенде аяқталады.

РАХМОННАН КЕЙІН - РАХМОН

Жұмысы аяқталатын Мелли мәжілісте Эмомали Рахмонның қызы, президент аппаратының басшысы Озода Рахмон депутат болып келген. Ол жоғары палатада құқықтық комитет басшысы болды. Алайда Рустам Рахмонның Мелли мәжіліске өтуі Озода Рахмонның депутаттығынан гөрі ел назарын көбірек аударған оқиғаға айналды.

Президент Эмомали Рахмон қызы Озода Рахмонды марапаттап тұр. 28 тамыз, 2015 жыл.
Президент Эмомали Рахмон қызы Озода Рахмонды марапаттап тұр. 28 тамыз, 2015 жыл.

Кейінгі жылдары өсу баспалдақтарынан жылдам аттап келе жатқан кіші Рахмон 2017 жылы ғана астана әкімі болып тағайындалған. Тәжікстанда 2016 жылы өткен конституциялық реформа кезінде өзгерістердің кіші Рахмонға бейімделіп жасалғаны жиі айтылды. Сондағы өзгерістің бірі президенттікке түсу жасы 35-тен 30-ға дейін төмендетілген. Осыдан кейін-ақ Рустам Рахмонның да алдағы президент сайлауына түсу ықтималдығы артып, мұрагер екені үнсіздікпен мойындала бастаған.

Тәжікстан Конституциясы бойынша ел президенті қызметін атқара алмаған, немесе қайтыс болған жағдайда оның өкілеті Ұлттық мәжіліс төрағасына өтеді. Алдағы уақытта Рустам Рахмон жоғарғы палата төрағасы бола ма, болмай ма – бұл жағы әзір ашық айтылмайды.

Тәжікстанда биылғы қарашада президент сайлауы өтпек. Оған «пишво-е миллат» (ұлт лидері) мәртебесін Конституция арқылы бекітіп алған қазіргі президенттің қатысар-қатыспасы немесе басқа да әрқандай бір саясаткердің сайлауға түсуі туралы сөз жоқ.

Осындай жағдайда кіші Рахмонның депутаттыққа қадам басуы кездейсоқ оқиға бола ала ма?! Белгілісі - Рустам Рахмон күздегі президент сайлауына түсетіндей болса, алғышарттың бәрі әзір тұр. Орталық Азия елдеріне тән сипат – нағыз бәсекелестерді сайлауға қатыстырмайтыны тағы бар.

ҰШҚЫР МАНСАПТЫҢ ҰШПАҒЫ ҚАЙДА АПАРАДЫ?

Орталық Азия елдерінің барлығында парламент басшысы немесе жоғары палата спикері – президенттен кейінгі екінші адам. Алайда «екінші адамдардың» бәрі бірдей өз өкілетіне сай қызмет атқара бермеген. Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов қайтыс болғанда сенат төрағасы Нигматулла Юлдашев өз еркімен ысырылып, сол кездегі премьер-министр Шавкат Мирзияевке орын босатқаны белгілі.

Рустам Рахмонды жасы жағынан Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің ұлы Сердармен салыстыруға болады. 32 жастағы кіші Рахмон да, 38 жастағы кіші Бердімұхамедов те қызмет баспалдағымен жылдам өсіп келе жатыр. Сердар Рустаммен салыстырғанда, облыс басшысы болып үлгерді. Және ол биылғы ақпан айында өндіріс министрі болып тағайындалды.

Тәжікстан президентінің ұлы орташа есеппен алғанда екі жыл сайын қызмет ауыстырып отырған. Оның ұзақ атқарған қызметі – Душанбе қаласының басшылығы. Бұл қызметінде Рустам Рахмон 2017 жылдан бері отыр.

Сердар Бердімұхамедов болса, орта есеппен алғанда үш жылда бір қызмет ауыстырып келген. Ал 2016 жылдан бастап, яғни 35 жасынан бері жыл сайын қызмет ауыстырып отырған. Алайда министр болып тағайындалар алдында атамекені Ахал уәлаятының басшысы қызметін сегіз айдай ғана атқарды.

Түркіменстан президентінің ұлы бұған дейін екі рет парламент депутаттығына өткен. Сердар Бердімұхамедов 2016 жылы өкілеті ерте тоқтаған депутаттың орнына бір рет депутат болса, екінші рет 2018 жылы сайлауда парламент мүшесі болды. Ол 2017 жылы парламенттің заңнамалар және оның нормалары жөніндегі комитетке төрағалық етті.

Рустам Рахмон мен Сердар Бердімұхамедов өз елдеріндегі университетпен қоса Ресейде де білім алған. Екеуі де әзірге «бірінші адам» болу жолына апаратын «екінші адам» мансабына жете қоймағанымен соған жақындап қалды. Президент ұлдарының бұған дейінгі мансабы соған жету жолындағы баспалдақ немесе тәжірибе алаңындағы машықтану тәрізді сипатталады.

НАЗАРБАЕВАНЫҢ ПАРЛАМЕНТТЕГІ ШИЫРЫ

Қазақстанның экс-президенті, «елбасы» мәртебесін Конституция арқылы бекітіп алған Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева да Ресейде білім алған. Ол - Сенат басшысы, елдегі екінші адам. Дариға Назарбаева – Орталық Азиядағы «екінші адамдардың» ішінде парламенттің екі палатасына да мүше болып үлгерген бояуы қалың саясаткер.

Ол Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілетін өткізген күннің ертесінде-ақ, 2019 жылдың 20 наурызы күні Сенат төрағасы болып бірауыздан бекітілді. Сенат төрағалығына оның кандидатурасын президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған.

Ал көпшілік алдында «елбасының арқасында» деп сөйлейтін екінші президент Тоқаев былтыр тамыз айында Дариға Назарбаеваның Сенат депутаты ретіндегі өкілетін қайтадан созып, қыркүйек айында оның кандидатурасын екінші рет Сенат төрағалығына өзі ұсынды. 2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет Дариға Назарбаеваны «президенттік тізіммен» Сенат депутаты етіп тағайындаған еді.

56 жастағы Дариға Назарбаев орташа алғанда үш жыл сайын қызмет ауыстырып отырған. Ол алғаш парламентке 2004 жылы «Асар» партиясының тізімі бойынша сайланды. 2007 жылға дейін төменгі палата – Мәжіліс депутаты болды. Ал 2012 жылы «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша қайтадан Мәжіліс депутаты болып сайланды. Әуелде Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы болған Назарбаева кейін төменгі палата спикерінің орынбасарына дейін өсті. 2015 жылы үкімет басшысының орынбасарлығына тағайындалған ол бұл қызметті тура бір жыл атқарды.

Соңғы кезде Назарбаевтардың аты аталған дау-дамай жиілей түскен. Былтыр Дариға Назарбаеваның екінші ұлы Айсұлтан Назарбаевтың Ресейде наркологиялық орталықта емделгені хабарланды, кейін ол Лондонда шартты жазаға кесілді, биыл Айсұлтанның өз әулетінен қысым көргенін жариялап, Ұлыбританиядан саяси баспана сұрайтынын мәлімдеді.

Бұған қоса биылғы наурыз айында батыс ақпарат құралдары Дариға Назарбаева мен оның үлкен ұлы Нұрәли Әлиевтің Британия астанасының қымбат ауданындағы екі элиталық жеке үй мен пәтеріне байланысты сот жүріп жатқанын хабарлады.

Ұлыбританияның қылмыспен күрес ұлттық агенттігі офшорлық компанияларға тіркелген тұрғын жайларды «төркіні белгісіз байлық» ордері негізінде арестке қойған.

Агенттік бұл нысандарды кезінде Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиев жемқорлық жолмен жинаған қаражатқа сатып алуы мүмкін деп күдіктенеді.

Орталық Азияда Қырғызстаннан басқа елдерде президент әулетінің билікке араласуын және лауазымды қызметке тағайындалуын оппозиция жиі сынайды. Алайда оған билік әрқандай бір реакция танытқан емес. Мәселен, Өзбекстанда қазіргі президент Шавкат Мирзияевтың туыстары әзірге билік тармағына араласа қоймағанымен, ықпалын арттыруға тырысады.

Өзбекстанның экс-президентінің қызы Гүлнара Каримова билік тармағына жетпегенімен, кезінде дипломатиялық мекемеде қызмет атқарды. Соңынан ол Ислам Каримовтің тірі кезінде үйқамаққа алынып, кейін 10 жылға сотталды. Дегенмен арада уақыт өткенде жаза мерзімі бес жылға қысқарған еді. Алайда таяуда тағы бір жаңадан қозғалған іс бойынша сот оны тағы да 13 жылға бас бостандығынан айырды. Оған «бопсалау», «қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастыру» және тағы бірнеше бап бойынша айып тағылған.

Орталық Азия елдеріндегі президент туыстарының биліктің үш тармағына араласуы немесе бала-шаға, тіпті құда-жекжаттарына дейін ықпалды қызметтерге тағайындалуы олардың дербес билігін нығайтумен қоса болашақ ықтимал мұрагерлер мүмкіндігін арттыра түскен. Оппозиция мен азаматтық қоғам өкілдері бұл мәселені қаншама сынап, наразылық білдірсе де, Орталық Азия президенттерінің әзірге қоғамдық пікірмен санасуға деген әрекеті де, ниеті де байқалмай отыр.

(Блог авторының пікірі Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін)

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG