Accessibility links

Дариға Назарбаеваның "бұлыңғыр аймағы". Қымбат үйлердің шын қожайынын іздеу жалғасты


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы, қазір сенат спикері Дариға Назарбаева.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы, қазір сенат спикері Дариға Назарбаева.

Осы аптада халықаралық басылымдар Британия құқық қорғау органдарының Лондондағы қымбат үйге қатысты тергеуі туралы тағы да жазды. Британияның Қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттінің мәліметі бойынша, бұл үйлердің иесі – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелері. Ақпарат құралдарының жазуынша, тергеу барысында Қазақстан сенатының спикері – Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиевке көмектескен делдалдардың да аты-жөні жария болуы мүмкін.

Осы аптада бірнеше ақпарат құралы Лондонда өтіп жатқан “қайдан келгені белгісіз қаржыға алынған” қымбат үйлер соты туралы жазды. Басылымдардың дерегінше, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева мен оның үлкен ұлы Нұрәли Әлиев Британия астанасындағы екі бірдей элиталы тұрғын үй мен бір пәтерді заңды ақшаға сатып алғандарын дәлелдеуі тиіс. Лондонның қымбат ауданындағы офшордағы компанияларға рәсімделген, бағасы 80 млн фунт болатын (100 млн доллардан астам) екі үй мен пәтер Қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттіктің (NCA) “қайдан келгені белгісіз байлық” ордері бойынша бұғатталған.

АҚША ЗАҢДАСТЫРУМЕН КҮРЕС

Британияда шығатын Financial Times газетінде жарық көрген “Лондондағы жасырын байлықтың құпиясы: жаңа заңдар астананың элиталы үй нарығында заңсыз ақша рәсімдеумен күресуге көмектеседі” деген мақалада Британия билігінің мүліктің нағыз қожайындары және үйді қандай ақшаға алғаны туралы ақпарат алуына мүмкіндік беретін жаңа заңның күшіне енгені айтылады.

Тергеушілердің сөзінше, Назарбаев әулетіне “тиесілі болуы мүмкін” бұл үйлерді бұғаттауға Британиядағы жаңа заң аясындағы “Қайдан келген белгісіз байлық ордері” қолданылды.

Бұл ордер бойынша кінәсіздік презумпциясының күші жүрмейді, сондықтан үй иесі мүлікті заңды ақшаға сатып алғанын дәлелдеуге міндетті. Меншік иесінің дәлелі сенімсіз болса, онда оның мүлкі тәркіленуі мүмкін.

“Бұдан былай Лондонда байлығын жасыратындардың күні қараң сияқты. Ондаған жылдар бойы жасырын ақшаны сақтау көзі саналып келген Ұлыбританиядағы элиталы үйлер нарығын тазалаудың соңғы құралы ретінде жаңа заңдар қабылданды. Бір ғана Лондонда оффшордағы компанияларға тиесілі 42500 жылжымайтын мүлік бар. Келер жылы британ билігі жылжымайтын мүлік қожайындарынан үй мен пәтердің шын иесінің аты-жөнін ашып көрсетуді талап ететін заң қабылдайды деген жоспар бар” деп жазады Financial Times.

Газеттің жазуынша, NCА назарын аударған мүліктің бірі – Денвуд-роуд көшесіндегі жеті жатын бөлмесі бар үй. Лондонның жоғарғы сотында айтылған мәлімет бойынша, бұл үй оффшордағы компаниялар мен қорлар желісі арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы мен жиеніне тиесілі.

Ақпарат құралдарының жазуынша, экс-президенттің жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі делінген Лондондағы үйлердің бірі. Британ билігі бүлікті бұғаттаған. 10 наурыз 2020 жыл.
Ақпарат құралдарының жазуынша, экс-президенттің жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі делінген Лондондағы үйлердің бірі. Британ билігі бүлікті бұғаттаған. 10 наурыз 2020 жыл.

Дариға Назарбаева мен Нұрәли Әлиев бұл деректі жоққа шығарып, үйлерді заңды ақшаға алғандарын дәлелдеуге тырысып жатыр.

Ұлыбританияда “Қайдан келгені белгісіз байлық ордері” екінші рет қолданылып отыр. Мұның алдында Британия құқық қорғау огандары әзербайжандық банкир Жаһангир Гаджиевтің әйелі – Замира Гаджиеваға тиесілі үйді бұғаттау үшін осы ордерді қолданған. Әзербайжанда Гаджиев “мемлекеттік банктен қаржы ұрлады” деп айыпталып, 15 жылға сотталған. Замира Гаджиеваның есімі британ таблоидтарында жиі қылаң береді. Ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, ол Harrods элиталы сауда орталығында дизайнерлер тіккен киім-кешек пен қымбат бұйымдарды сатып алуға бір аптада 900 мың доллар ақша жұмсаған. Өткен айда апелляция оның өтінішін қанағаттандырмай тастаған, егер жоғары сатыдағы сот та оны қолдамаса, Гаджиева мүлкінің заңды қаражатқа алынғанын дәлелдейтін құжаттарды көрсетуі керек. Болмаса, үй тәркіленеді.

Газетке берген сұхбатында Transparency International халықаралық ұйымының тергеушісі Бен Коудок “Қазір ең бастысы – қырағылық. Ұлыбританияда заңсыз ақшаны заңдастыру азаймай тұр, себебі ақшаны заңдастыруға пайдаланатын құралдарға қол жеткізу оңай” деген пікір айтқан. Ол жүргізген тергеу нәтижесі бойынша, Англия мен Уэльсте жалпы құны 5 миллиард фунт-стерлинг болатын 421 нысан анықталған. Бұл мүлік “арам ақшаға” алынған болуы мүмкін деген күдік бар.

“КӨМЕКШІЛЕРДІ” ІЗДЕУ

Ағылшын тіліндегі Eurasianet.org сайтында шыққан “Лондондағы Еуразияның миллиондары: көмекшілерді қарсы алыңыздар” деп аталған мақалада Британиядағы тыйым салынған нысандарға қатысты өткен аптада жарық көрген мақаланың жалғасы берілген.

“Мақала жарық көргеннен бірер минут өткен соң дағдарыс кезінде коммуникация орнатуға маманданған екі бірдей компания бөлек-бөлек хабарласып, Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиевтің мәлімдесін беретінін айтты. Бірнеше сағаттан соң Назарбаева мен Әлиевтің адвокаты Eurasianet редакциясына ВВС сайтында жарық көрген мақалаға шолудың мазмұнын өзгертуді талап еткен алты беттік хатын жіберді” деп жазады Eurasianet.

Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәли Әлиев.
Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәли Әлиев.

Ол мақалада Eurasianet сайты ВВС-дың мақаласына сілтеме жасай отырып, NCA-дың Назарбаев әулетінің Лондондағы үш бірдей қымбат үйді қалайша сатып алғанын білгісі келетінін жазған еді.

“Британия бұл мүлік Назарбаеваның марқұм күйеуі, Нұрәли Әлиевтің әкесі – Рахат Әлиевтің жемқорлық әрекеттерінің арқасында тапқан ақшасына алынған деп күдіктенеді. Назарбаева мен Әлиев бұл айыпты жоққа шығарады” деп жазады Eurasianet.

Мақала авторының жазуынша, постсоветтік “шіріген байлардың” Лондонда қыруар қаржы жұмсайтыны – жаңалық емес. Дегенмен жаңа құқықтық құралдар бұдан былай тергеушілердің “мүлік иелеріне қызмет еткен заңгерлер мен кеңесшілерге” жүгінуіне мүмкіндік береді. Яғни, кәсіби делдалдар клиенттердің ақшаның шығу тегін тексеруге міндетті.

“Назарбаеваның жағдайы – “бұлыңғыр, сұр аймақ”. Дегенмен оның адвокаттары қырағылық танытуы тиіс. Иә, клиенттердің ақшасын қайдан келгенін толық тексеру олардың қызмет аясына кірмейді, оның үстіне бұл талап Британия заңдарына 2017 жылы енгізілген түзетуде де жоқ. Бірақ фирмалар сонда да өз қызметтері үшін төленген қаржының жемқорлық арқылы келмегеніне көз жеткізуі тиіс болатын. Бұл талапты орындамаса, олар Британияның қылмыстан түскен қаржы туралы 2002 жылғы заңын бұзады” дейді Transparency International халықаралық ұйымының тергеушісі Бен Коудок.

Бұл мақала да Әзербайжан банкирі Гаджиев отбасының Британияда тыйым салынған үйі туралы сөз қозғайды. “Гаджиев ісін үлгі ретінде алсақ, бұл істе Назарбаева мен оның Лондондағы үйлері туралы көп ақпарат білетін боламыз. Бәлкім, оның көмекшілері туралы да көп жайтты біліп қалармыз” дейді Eurasianet.

ШЕРЛОК ХОЛМСТЫҢ МЕКЕНЖАЙЫНДАҒЫ ҮЙ

Британияда шығатын Telegraph газетіндегі “Шерлок Холмс және Бейкер-стрит, 221b мекенжайындағы үйдің құпиясы” деп аталатын мақалада автор “Артур Конан Дойлдың романындағы бас кейіпкер – детектив Шерлок Холмс тұрған” мекенжайдағы үйдің шынайы қожайындарын анықтауға тырысқан.

Бейкер-стрит көшесіндегі 215 пен 237-нөмірлі үйлер шетелде тіркелген холдинг компанияларға тиесілі, сондықтан билік олардың шынайы қожайындарын біле алмай отыр. Мақалада “үйдің нағыз иесін табу – сэр Артур Конан Дойлдың деңгейіндегі қиын шаруа” деп жазады автор.

Мұның алдында америкалық Quartz ақпараттық сайтында жарық көрген зерттеу мақалада 221b нөмірлі ғимарат Дариға Назарбаева мен Нұрәли Әлиевке жартылай болса да тиесілі (немесе бір кездері тиесілі болған) деген тұжырым жасалған.

Тергеушілердің тұжырымы бойынша, Дариға Назарбаева мен Нұрәли Әлиевке тиесілі саналатын үш жылжымайтын мүлік нысанына қатысты Лондонда өткен тыңдауда NCA өкілі Джонатан “Хилл Бейкер-стриттегі үй блоктары Назарбаевтарға тиесілі болуы мүмкін деген әңгіме шыққанда олардың отбасы қоғамның назарына іліккен” дегенді айтты. Джонатан Хиллдың сөзінше, Рахат Әлиевтің қылмыстық жолмен тапқан байлығы Лондонда қалған, ал билік бұғаттаған екі жылжымайтын мүліктің Бейкер-стриттегі жер телімдерімен байланысы бар.

Quartz сайтының 2018 жылы жарық көрген мақаласы “Панама архиві” арқылы таралып кеткен құжат негізінде жазылған. Ол деректер бойынша, Бейкер-стриттегі ғимаратқа Назарбаев әулетінің қатысы болуы мүмкін.

“Бейкер-стрит көшесіндегі 215-237 нөмірлері бойынша орналасқан ғимараттарға Farmont Baker Street иелік етеді, олардың бұрынғы директорлары – Британияның жоғарғы соты осы аптада жариялаған құжаттарда жиі аталатын екі ер адам – Массимилиано Далл'Оссо және Мұхамед-Әли Құрманбаев” деп жазады Telegraph.

Газеттің жазуына қарағанда, Далл'Оссо Дариға Назарбаеваның “жеке көмекшісі” болған және ол қазір NCA бұғаттаған екі ғимаратты сатып алуға да қатысуы мүмкін. Іс материалдарына сенсек, Құрманбаевтың Нұрәли Әлиевпен “байланысы” бар. Мәліметтер бойынша, “соңғы бенефициар иесі Нұрәли Әлиев саналатын” мүлікке Құрманбаев пен Далл'Оссоның “қатысы болған”.

Осы аптада Британияның бірнеше саясаткері Бейкер-стрит көшесіндегі ғимаратқа назар аударуға шақырды. Мәселен, Лейбористік партия атынан сайланған депутат, парламенттегі жемқорлықпен күрес тобы төрағасының орынбасары Фрэнк Филд “Бұл істі тергейтін Джонатан Хилл мен оның командасы Шерлок Холмс сияқты із кесу қасиеттеріне ие деп үміттенетінін” айтты.

Арам ақшаны заңдастыруға қарсы науқанға қатысқан парламент мүшесі Лорд Манн “Бұл құпияны ашу керек, бұл жағдай қайдан келгені белгісіз ақшаға алынған мүлік мәселесін шешудегі сәтті қадамдардың басы болуы тиіс” деді.

Ал NCA болса Бейкер-стриттегі ғимаратқа қатысты қандай да бір тергеу ісінің бар-жоқтығын айтудан бас тартты.

Дариға Назарбаева мен Нұрәли Әлиев заңға қайшы ештеңе жасамағандарын және “бұл мәселенің тезірек шешілгенін тағатсыздана күтетінін” бірнеше мәрте айтқан.

Мұхамед-Әли Құрманбаев осыдан алты жыл бұрын экс-президенттің отбасына қызмет етуін тоқтатқанын және олардың қандай да бір заңға қайшы әрекеті туралы білмейтінін айтқан. Массимилиано Далл'Оссо Telegraph жіберген сұрақтарға жауап бермеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG