Accessibility links

"Тағылық" және бүлік. Батыс баспасөзі Қазақстандағы этносаралық қақтығыс туралы не айтты?


Бұлар-батыр ауылында өртенген көлік. Жамбыл облысы, Қордай ауданы. 8 ақпан 2020 жыл.

Осы апта Батыс басылымдары Жамбыл облысының ауылдарында болған кемінде 11 кісінің өмірін қиған этносаралық жанжал туралы сөз қозғап, оның себептерін іздеген. Сонымен бірге, басылымдар Қазақстанның бұрынғы президентінің жиені Айсұлтан Назарбаевтың мәлімдемелеріне назар аударған. Бұған қоса халықаралық басылымдар АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Орталық Азияға сапарына да тоқталып, Вашингтонның Қытайға бірлесе қарсы тұру туралы ұсынысына Ташкент пен Нұр-Сұлтанның салқын жауап бергенін де атап өткен.

БҰЛ ШИЕЛЕНІСТІ ТАЛҚЫЛАУҒА ТЫЙЫМ САЛУДЫҢ КЕСІРІ МЕ?

Ұлыбританияда шығатын Economist журналында жарық көрген «Этностық негіздегі шабуыл көпұлтты Қазақстанды тіксінтті» деп аталған мақалада 8 ақпанға қараған түні Жамбыл облысының Қордай ауданында болған оқиғалар сипатталған. Көбіне дүнгендер қоныстанған ауылдардағы ойран кесірінен кемінде 11 адам ажал құшты. Жүзден аса адам жараланып, ондаған үй мен көлік, дүкен өртке оранды. Қираған мүліктің көбі негізінен ислам дінін ұстанатын, қытай-тибет тобына жататын тілде сөйлейтін этностық азшылық – дүнгендерге тиесілі болған.

«Ақпанның 7-сі кешкісін аңшы мылтығын, темір шыбық, таяқ, тас сияқты заттармен қаруланған қазақтар дүнгендер тұратын Масанчи және өзге де ауылдарда ойран жасады... Бұл зорлық-зомбылықтың басталуына жолға талас түрткі болған тәрізді. Дүнгендер қазақ ақсақалына шабуыл жасады деген сөз тарады. Шабуылшылар дүнгендерді ұрып-соғып, оларға оқ атты, үйлері мен сауда орындарын өртеді», — деп сипаттайды Economist.

Түнгі ойран. Қордайдағы жанжалдың жай-жапсары:

Түнгі ойран. Қордайдағы жанжалдың жай-жапсары
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:24 0:00

Осы оқиғадан соң мыңдаған адам ірі дүнген қауымдастығы тұратын көрші Қырғызстанға лап қойды. Бірер күннен соң қашып кеткендердің бір бөлігі қайтып оралды.

«Өзін этносаралық келісімнің үлгісі санайтын Қазақстанда мұндай тағылық сирек болады. Мұнда 100-ден астам азшылық өкілдері тұрады. Тәуелсіздік алғаннан бастап былтырға дейін президент қызметін атқарған, әлі де саяси ықпалын сақтап отырған Нұрсұлтан Назарбаев этностардың мұндай таңқаларлық құрамасы - ұлттық бірегейліктің бір бөлігі деп санайды. Оның мақсаты – бір кездері халықтың 40 пайыздайын құраған (қазір 20 пайыздан төмен) орыстарды сабырға түсіру еді. Оның мақтаулы инклюзивтік саясаты этносаралық қақтығыстардың алдын алуға жәрдемдесті. Бұл Орталық Азия үшін өте маңызды... Алайда, [басын құмға тыққан] страус құсап этностар арасындағы шиеленісті айтуға тыйым салу ұстанымы ол шиеленісті шешуге мүмкіндік жасамайды.

Совет кезінде өз елінде азшылық болып қалғанын білетін қазақтардың кейбірі енді басты ұлт болуымыз керек деп санайды. Ал азшылық өкілдері, әсіресе Нұрсұлтан Назарбаев кеткен соң басталған саяси елең-алаңда, әрине, қазақ ұлтшылдығының өршуінен қорқады», — деп жазады Economist.

Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зорлық-зомбылыққа кінәлі адамдар жазаланады деп уәде берді. Алайда, басылымның жазуынша, оқиғадан кейін қамалған 90-нан аса адамның көпшілігі ешқандай айып тағылмастан бостандыққа жіберілді. Билік қанша адамның қамауда жатқанын айтпай отыр. Economist журналының жазуынша, Қазақстан басшылығына қазақтардың талаптары мен азшылықтың мүддесі арасында тепе-теңдікті сақтау қиын болмақ.

«ТОЛЕРАНТТЫҚ» ТУРАЛЫ НАРРАТИВТІҢ ОЛҚЫЛЫҒЫ

Катарлық Al-Jazeera ақпарат агенттігінің сайтында жарық көрген «Этностық зорлық-зомбылық Қазақстандағы толеранттық туралы нарративке сына қақты» деген мақалада «толеранттығымен мақтанатын ел» - Қазақстанның Жамбыл облысындағы оқиғаларға шолу жасайды.

Қордайдағы жанжалдан соң жүздеген адам Қырғызстанға қашты:

Қордайдағы жанжалдан соң жүздеген адам Қырғызстанға қашты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

Орталық Азиядағы Америка университетінің Тянь-Шань сараптама орталығының атқарушы директоры Қанат Сұлтаналиевтың айтуынша, жолдағы оқиғадан басталды делінген қайғылы жағдайдың тамыры тым тереңде жатыр. Қырғызстан мен Қазақстандағы дүнгендер бөлек ауылдарда оқшау өмір сүреді, «сондықтан олар мен жергілікті тұрғындар арасында дезинтеграция бар».

«Дүнгендер Совет одағы тараған соң бірден байып кетті, себебі олар нарық экономикасына жылдам бейімделді. Қазақ пен дүнген арасында шиеленіс болды, қырғыз бен дүнген арасы да солай деуге болады», - деді Сұлтаналиев Al-Jazeera-ға берген сұхбатында.

Сарапшының айтуынша, жақын арада жағдай бәлендей өзгере қоймайды: «Жалпы аймақтың этностық ландшафты тым күрделі, онда азшылықтар арасында немесе азшылық пен негізгі халық арасында ондаған этностық конфликт болуы мүмкін. Әдетте билік этностық шиеленіс туралы ашық айтудан қашқақтайды».

«Oyan, Qazaqstan» азаматтық қозғалысы зорлық-зомбылықтың алдын ала алмаған үкіметті сынға алды. Қозғалыстың мәлімдемесіне сенсек, «елдің оңтүстігінде болған қайғылы оқиғаның негізгі себептері – тиімді түрде басқара алмайтын, қазақтардың да, азшылық өкілдерінің де, яғни барлық азаматтардың қауіпсіздігі мен заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ете алмайтын қауқарсыз мемлекет. Ұйым белсенділерінің айтуынша, «ел билігі елдің экономикалық игілігін сол билікті узурпациялап алған топқа бағыттайды, ал азаматтардың басым көпшілігі кедей өмір сүреді. Ал бұл әділетсіздік сезіміне, бір-біріне деген сенімсіздікке және ертеңге деген үмітсіздікке жетелейді».

Назарбаев университетінің доценті, саясаттанушы Хелен Тибо Қазақстан басшылығы конфликтіге «ерекше қиналып» отырған кейіп танытпайды.

«Қазақстан көпұлттылығын мақтан тұтады және өз ішіндегі азшылық өкілдеріне ерекше төзімділік көрсетеді. Билік этнос мәселелеріне пікір білдірмейді де, оны қозғамайды да саяси мақсатта пайдаланбайды да, себебі бұл олардың нарративіне қайшы келеді», - деді Хелен Тибо Al-Jazeera-ға сұхбатында.

ЭТНОСАРАЛЫҚ ЖАНЖАЛДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК НЕГІЗІ

Вашингтонда шығатын Diplomat газетінде жарық көрген «Қазақстандағы зорлық-зомбылық дүнгендерге ауыр тиді» деген мақала да Қордай ауданындағы жағдайға назар аударған. Автордың айтуынша, этностық негіздегі қақтығыстар жылдар бойы жиналып келген әлеуметтік мәселелерден хабар береді.

«Тобырдың бассыздығы дүнгендердің дүкендеріне, үйлері мен көліктеріне қарсы бағытталғандай көрінеді. Үкімет қақтығыстың этностық сипатын айтпауға тырысқанымен, мұны куәгерлердің көбі жасырған жоқ».

Масанчидегі өртенген ғимарат жанында тұрған балалар. Жамбыл облысы, 8 ақпан 2020 жыл.
Масанчидегі өртенген ғимарат жанында тұрған балалар. Жамбыл облысы, 8 ақпан 2020 жыл.

Қазақстан дүнгендері қауымдастығының төрағасы Хусей Дауровтың айтуынша, қазақ пен дүнген арасында мұндай үлкен қақтығыс алғаш рет болып отыр. Бірнеше қазақ отбасы сол түні үйлерінде дүнген көршілерін жасырып қалған дейді ол. Деректердің көбі 7 ақпан күні кеште болған шағын ғана келіспеушілік ауылдардағы үлкен ойранға ұласып кеткенін айғақтайды.

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюросы бұл оқиғаға «әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі, жұмыссыздық, әлеуметтік бөлшектену, әлеуметтік әділдіктің болмауы және билік органдарына сенімсіздік» себеп болған деп санайды.

«Бар назарын «этносаралық келісімге» аударған Қазақстан тәуелсіздік алған соң өте осал күрке тұрғызды, ол көпшіліктің әлеуметтік-экономикалық жағдайы тәуір болғанда ғана дұрыс тұрады. Алайда, әсіресе 2007-2008 жылдардағы жаһандық экономикалық дағдарыстан соң теңсіздік, кедейлік және әділетсіздік Қазақстан экономикасының негізіне айналған соң назалы қазақтардың көбі үшін өз елінде пайда көріп жүргендерге (мейлі олар дүнгендер сияқты жүз жыл бұрын келсе де, мұнай кен орындарындағы экспаттар сияқты бірер ай бұрын келсе де) қарсы күш қолдану олардың ең соңғы әдісіне айналды, — деп жазады Diplomat.

ТЕНТЕК ЖИЕН

«Қазақстан көсемінің жиен немересі Ұлыбританиядан бассауға сұрайды». Америкалық New York Times басылымы осындай тақырыппен мақала жариялады. Онда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, парламент сенатының төрайымы Дариға Назарбаеваның ұлы – Айсұлтанның соңғы мәлімдемелері туралы айтылған. 29 жастағы Айсұлтан өз әулетінен қысым көріп жатқандықтан, Ұлыбританиядан саяси бассауға сұрайтынын айтқан.

«Соңғы бірнеше жыл ішінде Айсұлтан Назарбаев Facebook-те әртүрлі тақырыпта жазып жүр. Соның ішінде ол есірткі қолданғанын мойындады, Назарбаевтың қуғындағы қарсыласымен байланысуға тырысатынын да айтты, діни тақырыпқа пікір таластырып, мұнайға бай елдің элита өкілдеріне айып та тақты», — деп жазады New York Times.

Журналистер былтыр Лондонда полицейге шабуыл жасағаны үшін шартты жазаға кесілген Айсұлтанмен тілдесе алмаған.

Мақалада Дариға Назарбаеваның және Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз қызметінен жауап алу да мүмкін болмады делінген.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАННЫҢ ПОМПЕО ҮНДЕУІНЕ «САЛҚЫН ЖАУАБЫ»

Жапониялық Asia Nikkei онлайн-журналында жарық көрген «Қазақстан мен Өзбекстан Помпеоның Қытайға қарсы тұру туралы үндеуін қабылдамады» деген мақалада АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның ақпанның басындағы Орталық Азияға сапары туралы жазылған.

«Майк Помпео өткен аптада Қазақстан мен Өзбекстанға сапарын пайдаланып, мұсылман азшылыққа қатысты саясаты мен іскер әріптес ретіндегі сенімсіздігі үшін Қытайды сынға алды, бірақ Орталық Азияның екі елі бұған салқын жауап берді», — деп жазады Asia Nikkei.

Шыңжаңдағы «саяси қайта үйрену лагерлері» мәселесін (БҰҰ-ның есебі бойынша Қытайдың солтүстік-батысындағы жабық мекемелерде миллионға жуық жергілікті түркітілдес халықтар – ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқалар қамауда отыр) көтерген Помпеоның сөздерінен соң Ташкент пен Нұр-Сұлтандағы ресми тұлғалар өздерін ыңғайсыз сезініп қалған сияқты, деп жазады басылым.

Орталық Азия елдері Қытайға экономикалық тұрғыда тәуелді. Қазақстан көршісі әрі екінші ірі сауда әріптесі – Қытаймен қарым-қатынасын теңгестіруге тырысады. Қазақстан билігі Шыңжаңдағы қазақтарға қысым мәселесінен сырт айналатыны үшін ел ішінде сынға ұшырап отыр (шекараның арғы бетінде тұратын туыстарына қысым жасалып жатқанын Қазақстанда тұратын жүздеген қазақ айтып жүр). Оның үстіне, Нұр-Сұлтан Қытайдан қашамын деп шекараны заңсыз кесіп өткен қазақтардың мәселесін де шешуі тиіс деп жазады мақала авторы.

Майк Помпео: "Орталық Азияның гүлденгенін қалаймыз" (Нұр-Сұлтан, 2 ақпан 2020 жыл):

Майк Помпео: Адам құқықтары - негізгі, маңызды мәселе
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:38 0:00

2019 желтоқсанда Deutsche Welle телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «лагерьде» жатқан қазақтардың саны туралы ақпаратқа сенбейтінін аңғартты.

«Этностық қазақтар мәселесі тақырыбын біреулер әдейі қаузап жүрген тәрізді. Қытай мен АҚШ сауда соғысында қақтығысып отырғандықтан, мұны геосаясаттың бір бөлігі деп түсінеміз. Келіссөз қалай аяқталады, Қытайға қарсы санкциялары алына ма, оны уақыт көрсетеді. Бірақ Қазақстан Қытайға қарсы майдан алаңына айналып кетпеуі керек»,— деген еді сол кезде Тоқаев.

Гарвард университетінің Орталық Азияны зерттеу бағдарламасының аға ғылыми қызметкері Наргис Қасенованың айтуынша, «АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғасының Орталық Азияға кез келген сапары – үлкен оқиға».

«Бұл – құрмет пен мойындаудың белгісі, мұны аймақ елдерінің басшылары жоғары бағалайды. Осы тұрғыдан алғанда Помпеоның сапары АҚШ пен Қазақстан қарым-қатынасына біршама серпін берді, дегенмен Қытайға қарата айтқан сөздері жақсы бағаланбаған сияқты», — деп санайды сарапшы.

Помпео сапарынан соң АҚШ Орталық Азия елдері бойынша 2019-2025 жылдарға арналған стратегиясын жариялады. Бұл жоспарда аймақтың экономикалық тұрғыдан ең әлеуетті елдері Қазақстан мен Өзбекстан ерекше орын алады. Жапон басылымының жазуынша, аймаққа ықпал ету мәселесі жөнінен АҚШ пен Қытай ерекше бәсекеге түсіп жатыр. Пекин Орталық Азияға миллиардтаған доллар салып, онда өзінің «Бір белдеу – бір жол» атты амбициялық бағдарламасының бір бөлігін жүзеге асыруда. АҚШ-тың бұрынғы бағдарламалары, мәселен 2011 жылы айтылған Орталық Азияны Ауғанстан арқылы Оңтүстік Азиямен қосатын «Жаңа Жібек жолы» жобасы, іске аспай қалды. Наргис Қасенованың айтуынша, Вашингтонның аймақтағы жағдайға ықпал етерлік құралдары көп-ақ, дегенмен сарапшы Вашингтонның бұл жоспарларының жүзеге асатынына күмәнмен қарайды.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Коронавирус деген не? Бүлдіршіндерге түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00
XS
SM
MD
LG