Талғарда азаматтық белсенді Гүлзипа Жәукерованы ақтық сапарға шығарып салды

"Тыйым салынған ұйым қызметіне араласты" деген айып тағылған белсенді Гүлзипа Жәукерова сот залында тұр. Алматы, 3 шілде, 2019 жыл.

29 шілде күні Алматы облысы Талғар ауданындағы үйінен азаматтық белсенді Гүлзипа Жәукерованы туыстары мен серіктері ақтық сапарға шығарып салды.

Белсенді осыдан бір күн бұрын 58 жасында ауыр дерттен қайтыс болған еді.

"Гүлзипа өте ақылды, әділдікті қалайтын әйел еді… саясатты жақсы білетін, зұлымдық тамырын тап басып көре алатын… ауыр дертіне қарамастан, болашаққа әрдайым үлкен үмітпен, сеніммен қарайтын" деп жазды "Ар.Рух.Хақ" ұйымның жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook желісінде.

"Ол жай ғана белсенді азамат емес, өз құқықтарын қорғаудан, шындықты айтудан және әділдік үшін күресуден жасқанбайтын жан еді. Қиындықтар мен қысымдарға қарамастан, өз қадір-қасиетін, рухының асқақтығын және әр адамның өз дауысын естіртуге құқығы бар деген сенімін сақтап қалды" деді өз постында марқұмның тағы бір әріптесі Еркін Сабаншиев.

Гүлзипа Жәукерованың қоғамдық қызметі саясаттан емес, күнделікті тұрмыс қиындығынан басталған деп еске алады серіктері. Көп жыл мектепте мұғалім болып істеген Жәукерова кейін еңбек дауына байланысты жұмысынан кеткенін, ерекше күтімді қажет ететін баласын жалғыз өзі тәрбиелеп, отбасын асырау үшін базарда бәліш пен шай сатып күн көргенін, сол кезде әлеуметтік әділетсіздік мәселелері туралы көбірек ойлана бастағанын көзі тірісінде айтқан еді.

2019 жылдың басында Астанада уақытша баспанадағы өрттен бес қыз баланың қаза табуы Қазақстанда көпбалалы аналардың жаппай наразылығына ұласты. Гүлзипа Жәукерова Алматыда өткен акцияларға қатысып, үкіметтен әлеуметтік жәрдемді көбейтуді және тұрғын үй мәселесін шешуді талап етті. Кейін ол елдегі оппозициялық қозғалыстардың идеяларын қолдайтынын ашық білдірді.

"Тыйым салынған ұйым қызметіне қатысты" деген айып тағылған Гүлзипа Жәукерова (ортада) мен Оксана Шевчук сот залында. Алматы, 11 қараша, 2019 жыл.

2019 жылы ол "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының қызметіне араласты деген айыппен, Қылмыстық кодекстің 405-бабы ("тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу") бойынша жауапқа тартылды. Төрт айдан астам уақыт Алматыдағы тергеу абақтысында отырған кезде Жәукерова тағылған айыпқа келіспей, наразылық ретінде аштық жариялады. Құқық қорғаушылар қант диабетімен ауыратын белсенді үшін бұл шараның аса қауіпті екенін айтқан.

Қазақстан билігі экстремистік ұйым деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп сипаттаған. 2019 жылғы 19 қарашада Алматының Алмалы аудандық соты Гүлмира Жәукерованы Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша кінәлі деп таныды. Сот белсендінің бостандығын бір жыл шектеу және 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеу туралы үкім шығарды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар 2019 жылы жазда Гүлмира Жәукерованы өзге белсенділермен бірге саяси тұтқындар тізіміне қосқан. Қазақстан билігі елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси пікір-көзқарасына бола қудаланбайды дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Алматыда 13 белсендіге сот үкімі шықты. Ақталып шыққаны жоқ

2021 жылы сот Жәукерованы билік тыйым салған "Көше партиясы" ісі бойынша қайтадан жауапқа тартып, бостандығын бір жылға шектеді және қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына үш жыл мерзімге тыйым салды. Белсенді өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ.

Сот үкімдерінен кейін Гүлмира Жәукерова терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар адамдар тізіміне енгізіліп, оның банк шоттары мен төлем карталары бұғатталды. Құқық қорғаушылар мұндай шаралар оның ерекше күтімді қажет ететін баласына арналған әлеуметтік төлемдерді алуына да қиындық туғызғанын айтқан.

Серіктері Гүлмира Жаукерованың тергеу абақтысында бірнеше ай қамауда болуы, қапаста отырғанда аштық жариялап, түрлі психологиялық қысым көргені белсендінің онсыз да осал денсаулығына зиян келтірді дейді. Кейінгі бірнеше жылда дерті меңдеп, бір аяғынан айрылған белсенді дәрі-дәрмек алуға қаржыдан тарығып, көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр болған. Ол қайтыс боларынан екі күн бұрын да әлеуметтік желіде сондай өтінішпен пост жариялаған еді.

Human Rights Watch және басқа да халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 405-бабы бейбіт азаматтық белсенділерді жазалау құралы ретінде қолданылатынын айтып, бірнеше рет алаңдаушылық білдірген. Билік ол бап қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатын көздейді, елде саяси плюрализмге барлық жағдай жасалған дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталғандардың үкімі өзгермеді Бостандығын шектеу және 100 сағат қоғамдық жұмыс: ҚДТ қызметіне "қатысы бар" белсенділерді қалай соттады?Евгений Жовтис: Қазақстанда саяси тұтқындар көбейіп келеді"Тыйым салынған ұйымға қатысты" деп айыпталушы аштық жарияладыБилікті сынаған үш белсендіні үйқамақтан абақтыға ауыстырды