Курил аралдары және аяқталмаған соғыс

Ресей иеленіп отырған Кунашир аралы Жапонияның негізгі территориясынан 20 шақырым қашықта орналасқан. Жапония аралды солтүстіктегі өз территориясы санайды.

Төрт аралға байланысты даудың кесірінен Ресей мен Жапония Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанын ресми бекітетін бейбіт келісімге әлі күнге дейін қол қоймаған. Жергілікті тұрғындардың бірі айтқандай, "соғыс жоқ, бейбітшілік те орнамаған".

Курил аралдары (ортада) Жапония мен Ресей арасында орналасқан. Екі елдің тарихында шекара бірнеше рет өзгерген. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін шекара оңтүстікке қарай жылжып, Жапонияның негізгі территориясының іргесіне тірелді.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталар кезде АҚШ пен Ұлыбритания Мәскеуге егер СССР Жапонияға қарсы соғыс ашса, қарымына Курил аралдарын беруге уәде еткен. Мына суретте әлгі аралдардың бірін жаулап жатқан совет әскері бейнеленген.

1945 жылы Курил аралдарын басып алған кезде қаза тапқан совет жауынгерінің сүйегі. Токио Жапонияның негізгі территориясына тақау жатқан және Курил тізбегіне енбейтін төрт аралды СССР заңсыз басып алған деп санайды.

Кунашир аралындағы жапон зираты. 1945 жылы совет әскері басып алған соң аралда екі жыл бойы жапондар мен СССР азаматтары аралас тұрған. 1947 жылы СССР басшысы Иосиф Сталин жапондарды Кунаширден Жапония территориясына күштеп көшіруді бұйырған.

Итуруп аралындағы қыс. Қазір даулы аралдарда 19 мыңға жуық ресейлік тұрып жатыр.

Кунашир аралында ымырт жабылған шақ. Жергілікті тұрғындардың негізгі кәсібі – балық аулау, бірақ инфрақұрылым қирағандықтан мұндағыларға болашақ бұлыңғыр болып көрінеді. Совет кезінде Кунаширден күштеп көшірілген, ал 2005 жылы оның жағдайын көруге келген жапон азаматы аралды "құрыған жер" деп атаған.

Кунашир аралындағы Ленин ескерткіші жаныннан өтіп бара жатқан совет әскери қызметкері, 1989 жыл. СССР тарағаннан кейін көп ұзамай Курил аралдары кімге тиесілі деген сауалмен референдум өткізу туралы бастама көтерілген. Бірақ кейін одан бас тартқан.

Кунашир аралындағы итбалықтар. Даулы аралдар төңірегіндегі суда балық пен теңіз жануарларының алуан түрі тіршілік етеді. Балық шаруашылығы жылына төрт миллиард долларға дейін пайда әкеледі деп бағаланады. Жапония үкіметі егер Ресей даулы төрт аралды қайтарып берсе табиғи ресурсты ұқыпты пайдаланып, туризмді дамытуға уәде еткен.

1990 жылдардың басында түсірілген суретте оңтүстік Курил аралдарын Ресей қарамағында қалдыруды қолдап шеруде тұрған ресейлік балықшылар бейнеленген. 2016 жылы өткізілген сауалнама қорытындысы бойынша, ресейліктердің 78 пайызы аралдарды Жапонияға қайтаруға қарсы болған. 2019 жылы 20 қаңтарда Ресейдің көптеген қалаларында даулы аралдарды Жапонияға беруге қарсы акциялар өтті.

Оңтүстік Курил аралдарының біріндегі жапон әскери техникасының қаңқасы. СССР 20 миллион азаматынан айырылған сұрапыл соғыста нацистік Германияның одақтасы болған елге аралдарды қайтару туралы идеяны ресейліктердің көпшілігі қабылдамайды.

Курил аралдары маңындағы атом сүңгуір кемесі, 1998 жыл. Ресейдің даулы аралдарға байланысты ұстанымына Мәскеудің әскери стратегиясы да себеп болып отыр. Ресей сүңгуір кемелері осы аралдардың арасындағы терең сумен Тынық мұхитқа шыға алады.

Кунашир аралындағы туыстарының зиратына келген жапондар. "Екі қосу альфа" варианты бойынша, Жапонияға екі үлкен арал маңында балық аулауға немесе жапон азаматтарына даулы аралдарға емін-еркін барып, онда бизнеспен айналысуға құқық беру көзделген. Егер Ресей мен Жапония екі жаққа да қолайлы мәміле жасайтын болса, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанын ресми бекітетін бейбіт келісімге қол қойылар еді.

Ресей үшін Курил аралдары – әскери олжа, ал Жапония үшін – қолды болған территория.