Солтүстікке Сарыағаштан шыққан көш

53 жастағы Айбөбі Дүйсенбі (сол жақта) Сарыағаштан Солтүстік Қазақстан облысының Шоқан Уәлиханов ауданына ұлы мен келіні және екі немересімен бірге көшіп барады. Сарыағаш, 2 шілде 2016 жыл.

Айбөбінің дәнекерлеруші мамандығы бар ұлы осының алдында Шоқан Уәлиханов ауданының Алқатерек ауылына барып, жағдайымен танысып қайтқан. Жергілікті әкімдіктің жұмыс пен баспана табуға жәрдемдесетіні туралы уәдесін алған соң, үй-іші ақылдаса келе Солтүстік Қазақстанға көшуді ұйғарған.

Айбөбінің келіні Айманның арнайы орта білімі бар, мамандығы - тәрибеші, бірақ Сарыағаш ауданында оған жұмыс табылмады.

Айбөбінің үлкен немересі өздері соңғы 5 жыл тұрған үйдің есігін жауып жатыр. Пәтер жалдауға қаржысы жоқ отбасы Айбөбінің інісінің осы шағын үйінде оның бала-шағасымен бірге тұрып келген еді.

Сарыағаш ауданынан бұл жолы Солтүстік Қазақстан облысының Шоқан Уәлиханов және Ақжар аудандарына 30 отбасы көшті. Әр отбасында жас балалары бар. Жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламасы аясында қоныс аударған оларға арнайы квота бойынша қаржылай жәрдем берілмек. Көшіп бара жатқандардың көпшілігінің арнайы мамандығы жоқ, оңтүстікте өздеріне тұрақты жұмыс таба алмаған.

Сарыағаш ауданынан тұрақты жұмыс таба алмаған Айдар Назарбаевтың отбасы да Солтүстік Қазақстан облысына көшіп барады. Сарыағаш, 2 шілде 2016 жыл.

Айдар Назарбаевтың тұңғышы - 4 жастағы Әлихан сүйікті ойыншығын отбасы жүгін тиеп жатқан көлікке қарай әкеле жатыр.

Сарыағаш ауданынан Солтүстік Қазақстан облысына көшіп бара жатқан 30 отбасының жүгін жеткізіп беруді жергілікті кәсіпкерлермен келісім бойынша билік ұйымдастырып отыр. Келісім бойынша, қоныс аударғандарға жаңа мекенде квота қаржысы берілген соң олар көш ақысын төлейді.

Солтүстікке қоныс аударып бара жатқан Шолпан Өмірбаеваның дүниеге келгеніне 4 ай болған жас баласы бар. Шолпанның күйеуі Ғалымжан Тәжиев жаңа жерде өзіне отбасын асырайтын жұмыс табылады деген үмітпен көшіп бара жатқандарын айтады.

Көшіп бара жатқан балаларын жолға шығарып саларда немересін қимай тұрған ер адам.

Жүктерін арнайы көлікке тиеген соң, қоныс аударушылар автобусқа отырып жатыр. Жолаушылар Сарыағаш қаласынан Солтүстік Қазақстан облысы орталығы Петропавл қаласына дейін шамамен 30 сағаттан астам уақыт жол жүреді. Сарыағаш, 2 шілде 2016 жыл.