Тимур мен Динара Құлыбаевтардың холдингі бюджетке 363 млрд теңге аударғанын қайырымдылық деп түсіндірді

Ерлі-зайыпты Тимур және Динара Құлыбаевтар суреттерінен коллаж.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі "АЛМЭКС холдинг тобы" 2025 жылы республикалық бюджетке салық емес түсімдер ретінде 363,1 млрд теңге аударған. Компания бұл қаражаттың заңсыз иемденілген активтерді қайтару ісімен байланысты екенін растаған жоқ және оны мемлекетке көрсетілген қайырымдылық әрі әлеуметтік қолдау ретінде сипаттады.

Forbes Kazakhstan жариялаған дерекке сәйкес, қаражат үш траншпен түскен:

  • ақпанда - 139,1 млрд теңге;
  • тамызда - 53,4 млрд теңге;
  • қарашада 170,6 млрд теңге.

Басылым бұл ақша компанияның әдеттегі салық төлемдерінен бөлек, "салыққа жатпайтын түсімдер" коды бойынша аударылғанына назар аударған.

"АЛМЭКС холдинг тобы" ресми мәлімдемесінде төлемдерді президент үндеуіне үн қосу және қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілік аясындағы ерікті көмек ретінде түсіндірген. Холдинг мұндай көмекті бұған дейін де түрлі әлеуметтік жобалар мен бастамаларға бөліп келгенін, алдағы уақытта бұл тәжірибені "Халық" қайырымдылық қоры арқылы жалғастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Компанияның түсіндіруіне қарағанда, аталған 363 млрд теңге активтерді мемлекетке қайтару науқанымен тікелей байланысты емес. 2024 жылы қазақстандық басылымдар Тимур Құлыбаевтың Бас прокуратура жанындағы активтерді қайтару комитетімен соттасып жатқаны туралы хабарлаған. Істің мән-жайы ресми түрде ашылмаған.

Бұған дейін, 2025 жылғы ақпанда Bloomberg Тимур Құлыбаев Қазақстан үкіметімен шамамен 1 млрд доллар төлеу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын жазған еді. Бұл ақпарат ресми түрде расталмаған. Бас прокуратура бұған ұқсас істер бойынша комиссия тізіміне енген тұлғалар туралы мәлімет заңға сәйкес құпия сақталатынын айтып, Азаттыққа түсініктеме беруден бас тартқан.

Жыл басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев күмәнді актив иелерімен ел экономикасына 5 трлн теңге инвестициялау жөнінде келісімдер жасалғанын мәлімдеген. Алайда бұл тізімде Құлыбаевтар отбасының бар-жоғы белгісіз күйінде қалып отыр.

59 жастағы Тимур Құлыбаев қайынатасы Нұрсұлтан Назарбаев билік басында болған кезде Қазақстанның саяси-экономикалық элитасындағы ең ықпалды тұлғалардың бірі саналды. Ол 2000 жылдардың басынан мұнай-газ секторында жоғары лауазымдар атқарды және сол кезеңде ауқымды жеке бизнес империясын құрды.

Forbes басылымының бағалауынша, 2026 жылы Тимур мен Динара Құлыбаевтардың әрқайсысының байлығы 5,4 млрд доллар болған.

Ерлі-зайыпты Құлыбаевтар "АЛМЭКС" арқылы "Халық банктің" шамамен 62% акциясына ие. Сонымен бірге олардың "Алтын банкте" 40% үлесі бар. Отбасының бизнес активтеріне қаржы секторынан бөлек жылжымайтын мүлік, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, теміржол және басқа да салалардағы ондаған компания кіреді.