Accessibility links

Тағы екі миллиардер қосылды. Әлемдегі ең бай адамдар тізіміне Қазақстаннан сегіз адам енді

Кәсіпкер Нұрлан Смағұлов биыл америкалық Forbes журналының миллиардерлер тізіміне алғаш рет енді.
Кәсіпкер Нұрлан Смағұлов биыл америкалық Forbes журналының миллиардерлер тізіміне алғаш рет енді.

Америкалық Forbes журналының әлемдегі ең бай адамдар тізіміне биыл Қазақстаннан сегіз адам енді. Оның екеуі тізімге алғаш рет кіріп отыр. Бұған дейінгі жылдары осы тізімде болған қазақстандық миллиардерлердің түгелге дерлігінің байлығы көбейе түскен. Олардың қатарында бұрынғы президенттің қызы мен күйеу баласы – Динара мен Тимур Құлыбаевтар да бар.

ТІЗІМГЕ ЖАҢАДАН КІМДЕР ЕНДІ?

10 наурызда Forbes жариялаған миллиардерлер тізіміне Қазақстаннан екі адам жаңадан қосылды . Олар – Astana Group автомобиль компаниясының иесі Нұрлан Смағұлов және BI Group құрылыс холдингі акционері Айдын Рахымбаев. Америкалық басылым Смағұловтың байлығын 1,3 миллиард доллар, ал Рахымбаевтың дәулетін 1,1 миллиард доллар деп бағалаған.

Нұрлан Смағұлов – Astana Group автомобиль компаниясының негізін қалаушы әрі иесі ретінде танымал. Бұл компания құрамына жеңіл автокөліктер мен коммерциялық көлік шығаратын зауыттар, ондаған дилер орталығы кіреді. Бұған қоса Смағұлов Алматы мен Астанадағы MEGA сауда – ойын-сауық орталықтарының да иесі.

Былтыр ол Алматыда Almaty Museum of Arts атты қазіргі заманғы өнер мұражайын ашты.

Нұрлан Смағұлов бизнесін құруды осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын бастаған.

2014 жылы кәсіпкер ел астанасындағы сауда орталығының жобасын сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырған кезде, ол Смағұловтан нысан атауындағы "MEGA" сөзін қолданбай-ақ қоюға бола ма деп сұраған. Кәсіпкер іркілмей жауап қатып, "Нұр-плаза" деген атау ұсынды (Назарбаев президент болған жылдары елде "нұр" сөзімен басталатын атау өте кең таралған еді). Мемлекет басшысы басын шайқап күліп: "Осылай жағынуды қайдан үйрендің?" деп сұрақ қойды. Смағұлов тағы да тосылмастан: "Өмірдің өзі үйретті", деген еді.

Айдын Рахымбаев – BI Group құрылыс холдингінің иесі әрі басшысы. Компания Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Өзбекстан, АҚШ және Біріккен Араб Әмірліктерінде де девелоперлік жобалармен айналысады.

Америкалық Forbes басылымы BI Group компаниясын Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығындағы ең ірі жекеменшік компания деп атайды.

BI Group құрылтайшысы Айдын Рахымбаев (ортада) президенттің кәсіпкерлермен кездесуіне қатысып отыр. Астана, 7 ақпан, 2025 жыл.
BI Group құрылтайшысы Айдын Рахымбаев (ортада) президенттің кәсіпкерлермен кездесуіне қатысып отыр. Астана, 7 ақпан, 2025 жыл.

Кейінгі бес жылда елдегі құрылыс саласы айтарлықтай серпін алды. Бұған билік азаматтарға зейнетақы жинағының белгіленген шекті мөлшерден артылғанын тұрғын үй сатып алуға пайдалануға рұқсат етіп, сонымен бірге жеңілдікпен ипотекалық несие беру бағдарламасын іске қосқаны әсер етті.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАНКТЕРДІҢ АКЦИОНЕРЛЕРІ

Forbes тізіміне енген қазақстандық миллиардерлер ішінде ең байы әлі де Kaspi финтех компаниясының тең құрылтайшысы әрі иелерінің бірі, директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким болып отыр. Журнал 56 жастағы Кимнің байлығын 7,8 миллиард долларға тең деп бағалаған. Бір жыл ішінде оның капиталы 700 миллион долларға өсіп, қазір ол әлемдік рейтингте 477-орында тұр.

Былтыр Ким First Heartland Jusan Bank банкінің акциясын түгелдей сатып алып, кейін оның атауын Alatau City Bank деп өзгертті. Бұған қоса Ким – Magnum Cash&Carry бөлшек сауда супермаркеттер желісінің де бенефициары.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Kaspi компаниясының құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзені қабылдап отыр. Алматы, 25 қаңтар, 2024 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Kaspi компаниясының құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзені қабылдап отыр. Алматы, 25 қаңтар, 2024 жыл.

Вячеслав Кимнің бизнес-серіктесі, Kaspi компаниясы басқармасының төрағасы Михаил Ломтадзе былтыр Қазақстаннан шыққан миллиардерлер тізіміне енгізілген еді. Ал биыл ол Грузиядан шыққан миллиардер ретінде көрсетілген. Қазір оның байлығы 6 миллиард долларға жеткен – былтырғымен салыстырғанда 100 миллион долларға көбейген.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы мен күйеу баласы Динара және Тимур Құлыбаевтар елдегі ең ірі коммерциялық банк Halyk Bank-тің бақылау пакетіне ие. Кейінгі бір жылда байлығын арттырған екеуінің жиынтық капиталы 10,8 миллиард доллар деп бағаланып отыр. Құлыбаев активтеріне мемлекеттің қояр талабы бар деген хабарларға және шенеуніктердің оған тиесілі меншіктің бір бөлігін, мысалы, Алматының қымбат аудандарындағы жер телімдерін қайтарып алуға талпынған әрекеттеріне қарамастан, ерлі-зайыптының байлығы, Forbes бағалауынша, 800 миллион долларға өскен.

Экс-президент отбасының басқа мүшелері сияқты, Құлыбаев та 2022 жылдың басында Қазақстанда болған жаппай наразылықтың аяғы дүрбелеңге ұласып, билік оны басу үшін қару қолдануға бұйрық берді. Ресми дерек бойынша, кемінде 238 адам қаза тапты. кейін бұрынғы ықпалынан айырылды. Ол "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының президиумы төрағалығынан босатылды, кейін Ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы (символдық) қызметінен де кетті. Бұған қоса, мұнай өңдеу және сату қызметімен айналысатын Petrosun компаниясындағы және "Сұйылтылған мұнай газын сақтау паркіндегі" үлестерінен де айырылды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы және күйеу баласы Динара мен Тимур Құлыбаевтар
Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы және күйеу баласы Динара мен Тимур Құлыбаевтар

Назарбаев билігі тұсында президент іс басқармасын басқарған Болат Өтемұратовтың Forbes тізіміндегі позициясы едәуір жақсарыпты. 68 жастағы миллиардердің байлығын америкалық басылым 5,4 миллиард долларға тең деп бағалаған, яғни былтырғы көрсеткіштен 1,7 миллиард доллар артық. Өтемұратов бір жыл ішінде әлемдегі ең бай адамдар тізімінде 989-орыннан 780-орынға көтеріліпті.

Болат Өтемұратов былтыр еуропалық Home Credit Bank қаржы құрылымынан ForteBank-ті сатып алған, содан кейін ForteBank-тің нарықтағы капитализациясы үш есе артқан.

Өтемұратовтың әртарапты инвестициялық портфеліне телекоммуникация саласындағы активтер (Қазақстандағы Beeline сауда маркасына ие "КаР-Тел" операторы), Астанадағы Ritz-Carlton қонақүйі, Мәскеудегі The Carlton, Ақмола облысындағы Rixos Borovoe қонақүйі кіреді. Сондай-ақ ол Narxoz университетінің иесі және өз атындағы қордың құрылтайшысы. Осы қор арқылы Астанада және Алматыда орналасқан Haileybury жеке мектептеріне де қатысы бар.

Қазақстанның теннис федерациясы президенті Болат Өтемұратов Астанада өткен турнирге қатысқан серб теннисшісі Новак Джоковичті марапаттап тұр. 2022 жылғы қазан айы.
Қазақстанның теннис федерациясы президенті Болат Өтемұратов Астанада өткен турнирге қатысқан серб теннисшісі Новак Джоковичті марапаттап тұр. 2022 жылғы қазан айы.

Бұрынғы президент Назарбаевпен байланысты тағы бір тұлға – 65 жастағы Владимир Ким де миллиардерлер тізімінде бұрыннан бар. Forbes биыл оның байлығын 5,9 миллиард доллар деп бағалапты, былтырғымен салыстырғанда 200 миллион долларға өскен. Владимир Ким – KAZ Minerals Ltd тау-кен металлургиясы компаниясының акционері. Компания құрамына Павлодар облысындағы Бозшакөл және Абай облысындағы Ақтоғай ашық кен орындары, Шығыс Қазақстан облысындағы жер асты кеніштері, сондай-ақ Қырғызстандағы Бозымшақ алтын-мыс кен орны кіреді.

Жақында зерттеуші журналистер Мәскеу Украинаға басқыншылық соғыс ашуына байланысты Батыс елдері Ресейге қарсы санкциялар енгізгеннен кейін иесі ауысқанына қарамастан, Ресей Арктикасындағы ең ірі жеке жоба – Чукоткадағы алып мыс комбинаты әлі күнге Кимнің бақылауында деп жазған.

Владимир Ким Қазақстанның банк секторында да активтерге иелік етеді. Ол –Bank RBK-тің мажоритар акционері.

"КЕДЕЙЛЕНГЕН" МИЛЛИАРДЕР

Forbes басылымының бағалауынша, Тимур Турловтың байлығы бір жылда 600 миллион долларға азайып, 5,2 миллиард долларға түскен. Былтыр капиталы 75 пайызға өсіп, алға суырылып шыққан ол қазір тізімде төменге сырғыған.

Ресей астанасының тумасы Турлов 2022 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Оның иелігіндегі Freedom Holding Corp. компаниясы Фридом Финанс брокер компаниясын, Freedom Bank-ті, сақтандыру және финтех активтерін, e-commerce және туристік қызметтерді басқарады.

Тимур Турлов
Тимур Турлов

Батыс елдері Ресейдің қаржы құрылымдарына санкция енгізгеннен кейін, Тимур Турловтың банкі ресейліктерге шектеуді айналып өтіп, төлем картасын алуға көмектескен деген айыптаулар айтылды. Турлов бұған жауабында өз иелігіндегі банк ресейліктерге қашықтан шот ашу қызметін көрсетпейді деп мәлімдеген. Былтыр қазақстандық National Business басылымы Турловтың бақылауындағы банк ресейліктерге Қазақстанға келмей-ақ карта бергені жөнінде зерттеу жариялады – мұндай әрекет заң бұзуға жатады. Алайда бірнеше айдан соң қолданушылар әлгі зерттеу желіден жоғалып кеткенін жазды.

Тимур Турловтың аты медиа саласындағы дауға байланысты аталды: дауға 2025 жылы ҚазТАГ ақпарат агенттігі "Фридом Финанс" бөлімшелеріндегі "алаяқ схемалардан зардап шектік" деп мәлімдеген адамдар жайлы жариялаған бірнеше мақала мен видео себеп болды. Турловтың компаниясы полицияға арыз бергеннен кейін қылмыстық іс қозғалды. Турлов ҚазТАГ-тың ондаған материалы жала жабу мен манипуляцияға құрылған, олар мақсатты түрде жүргізілген науқанның бөлігі болуы мүмкін деп мәлімдеді. Агенттік болса даулы материалдарда өздерін брокер компаниясы өкілдерінің әрекетінен зардап шектік деп санайтын адамдардың шағымдарын жариялағанын айтады. ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасенов қазір үйқамақта отыр, іс әлі тергеліп жатыр.

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ БАЙ АДАМДАР

Қазақстан – Forbes тізіміне азаматтары енген Орталық Азиядағы жалғыз ел. Ол тізімде шыққан тегі өзбек Ресей резиденті Әлішер Усманов та бар. Оның байлығы 14,5 миллиард доллар деп бағаланған.

Forbes журналының жазуынша, жасанды интеллектінің тез дамуы, нарықтардың қарқынды өсуі және тиімді салық саясаты әсерінен биыл тізімге өте көп миллиардер – 3428 адам енген. Олардың жиынтық байлығы 20,1 триллион долларға жеткен, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 4 триллион долларға көп.

АҚШ миллиардері ең көп ел болып отыр – 989 адам. Одан кейінгі орындарда 610 миллиардері бар Қытай (Гонконгті қоса алғанда) және Үндістан тұр – 229 миллиардер.

Forbes мәліметі бойынша, жер бетіндегі ең бай адам – 54 жастағы америкалық Илон Маск, оның капиталы 839 миллиард долларға жеткен. Ол Tesla электромобильдерін және SpaceX зымыранын шығаратын компаниялардың иесі және жасанды интеллект саласындағы xAI стартабын басқарады.

Forbes әлемдегі ең бай адам деп атаған Илон Маск
Forbes әлемдегі ең бай адам деп атаған Илон Маск

Масктен кейінгі орындағы Ларри Пейдждің байлығы 257 миллиард доллар деп бағаланған. Ол 2019 жылы Alphabet компаниясы бас директорлығынан кеткен, бірақ директорлар кеңесінің мүшесі және негізгі акционер болып қала береді.

Үшінші орында – 237 миллиард долларға ие Сергей Брин. Ол Alphabet компаниясының тағы бір құрылтайшысы, директорлар кеңесінің мүшесі және негізгі акционерлер қатарында.

Төртінші орында Amazon интернет-дүкенінің негізін қалаған Джефф Безос (224 миллиард доллар), ал бесінші орында – Facebook әлеуметтік желісіне иелік ететін Meta компаниясы қожайындарының бірі Марк Цукерберг (222 миллиард доллар) жайғасқан.

XS
SM
MD
LG