Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықты Астана күнімен және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтады. Бұл туралы 6 шілде күні Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Тоқаев қазіргі уақытта Астана тарихи өзгерістердің қозғаушы күшіне айналып, заманауи басқару жүйелері енгізілген "ақылды қала" ретінде дамып келе жатқанын атап өткен. Бұған қоса ол Астана күні қарсаңында күшіне енген жаңа Конституция билік пен қоғамның негізгі институттарын жаңғыртуға жол ашқан маңызды кезеңнің бастауы болғанын айтқан.
Оның сөзінше, Астананың мәртебесі туралы жаңа конституциялық заң қаланың саяси, әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретіндегі рөлін күшейтіп, мемлекет дамуындағы айрықша маңызын айқындай түскен.
Тоқаевтың айтуынша, мемлекет астанасы жауапты азаматтық ұстанымға, "Заң мен Тәртіп" және "Таза Қазақстан" қағидаттарына негізделген жаңа қоғамдық мәдениеттің үлгісі болуы тиіс.
Тоқаев бүгін 86 жасқа толып отырған Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевты туған күні құттықтап, мемлекет астанасын Астанаға көшіру туралы шешімінің маңызы айрықша екенін атап өткен.
"Елорданың Сарыарқа төсіне көшірілуі Қазақстанның жан-жақты өркендеуіне тың серпін берді. Бүгінде Астана қарыштап дамып, әлемдегі көрікті шаһардың біріне айналып келеді", – деген Тоқаев құттықтауында. Ол Назарбаевқа мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және бақ-береке тіледі, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Осыдан бір күн бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Орталық Азиядағы ең ірі мешіт атанған Астанадағы құлшылық орнына "Нұрсұлтан мешіті" деген атау берген.
Қазақстанда 6 шілде 2008 жылғы 25 маусымда қабылданған заңға сәйкес мемлекеттік мереке – Астана күні ретінде атап өтіледі. Ресми түсіндіруге сәйкес, мерекенің тарихи негізі – Жоғарғы кеңестің 1994 жылғы 6 шілдеде ел астанасын Ақмолаға көшіру туралы қабылдаған қаулысы. Оған дейін Астана күні маусым айының алғашқы онкүндігінде тойланып келген.
Қазақстанды совет кезеңінің соңғы жылдарынан бастап шамамен 30 жыл басқарған Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатып, өз орнына сол кездегі парламент сенатының төрағасы Тоқаевты қалдырған. Тоқаев президент ретіндегі алғашқы шешімдерінің бірі ретінде ел астанасының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертті. Алайда 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың бірқатар артықшылықтары жойылып, оның тұлғасын дәріптеу саясатына өзгерістер енгізілді. Соның аясында мемлекет астанасына бұрынғы атауы қайтарылды.