30 қаңтарда еріктілер форумы кезінде сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық комиссияның отырыстарын мұқият қадағалап отырғанын алға тартып, "көптеген прогрессивті, инновациялық ұсыныстар" айтылғанын жеткізді.
"Егер болашақта Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті, шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойдамын. Бұл да халқымыздың азаматтық құқығын күшейтудің маңызды тәсілі деп сенемін" деді Тоқаев.
Оның сөзінше, түзетулер Конституцияның барлық негізгі бөлімдері мен баптарын, преамбуласын түгел қамтиды.
"Кешегі отырыстағы пікірталаста Комиссия мүшелері «Ата Заңға енгізілетін өзгерістер ауқымына қарасақ, жаңа Конституция қабылдауымыз керек» деген байлам жасады. Шын мәнінде, ұсынылған түзетулер жобасы елді институционалдық-құқықтық тұрғыда жаңғыртумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге бұл қадам тұтас мемлекеттік жүйені қайта түзуге жол ашады. Түбірімен өзгерген мүлдем жаңа құжаттың бейнесі қалыптасты" деді Тоқаев еріктілер форумы кезінде.
Бұған дейін конституциялық комиссияның бес отырысы өтті.
Қазақстанда мүлде жаңа Конституция қабылдау ұсыныс 29 қаңтарда Астанада конституциялық комиссияның бесінші отырысында айтылған еді. Осы отырыста Конституцияға 77 бап енгізу ұсынылып отырғаны, бұл Конституцияның шамамен 84 пайызын құрайтыны белгілі болған.
Оған дейін түзетулер жөнінде көбірек айтылған еді.
Биыл қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда конституциялық реформа жариялап, бұл өзгерістерді талқылау үшін конституциялық комиссия құрған. Биліктің қазіргі ұсыныстарына сай, Қазақстанда бір палаталы парламент болып, вице-президент лауазымы бекітіледі. Бұған қоса, Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясы тарап, оның орнына 126 адамнан тұратын Халық кеңесі құрылады. Кеңестің 126 мүшесін президент өзі тағайындамақ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бір асығыстық бар". Серік Бейсембаевпен Конституция реформасы жайлы сұхбат