Ерлан Қошанов Халық кеңесінің төрағасы болды

Ерлан Қошанов Халық кеңесі жиынында. Президент оны Халық кеңесінің төрағасы қызметіне ұсынды. Астана, 23 қыркүйек, 2026 жыл.

23 қыркүйекте Астанада Халық кеңесінің бірінші сессиясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәжілістің бұрынғы спикері Ерлан Қошановты Халық кеңесі төрағалығына ұсынды.

Қошановтың кандидатурасын ұсынған кезде Тоқаев “бұл азаматты бәріңіз жақсы білесіздер, жауапкершілігі жоғары, білікті, тәжірибесі мол тұлға. Ол мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жыл еңбек етті, бұл жұмысты абыроймен атқарды. Мәжіліс төрағасы ретінде ауқымды реформаларды іске асыруға белсене атсалысты” деді.

Ізінше оның кандидатурасы мақұлданды.

Қазақпараттың жазуынша, кеңестің 120 мүшесі оның кандидатурасын қолдаған, бір адам қалыс қалған. Жарамсыз бюллетень болмады.

Халық кеңесінің өзінен тікелей эфирде хабар таратылмады. Жиынға журналистер жаппай шақырылғаны жөнінде де хабар жоқ. Ақпарат құралдарының басым бөлігі жиынның барысын Ақорда хабарламасы және мемлекеттік БАҚ арқылы қадағалады.

Тоқаев Халық кеңесін билік пен халық арасында диалог орнататын консультативті орган ретінде құрған. Жаңа Конституцияда бұл орган "халық мүддесін білдіретін жоғарғы орган" деп жазылған. Кеңестің 126 мүшесі болады. Олардың бәрін президент тағайындайды. Бұл орган Құрылтайға заң жобаларын енгізе алады әрі референдум тағайындау туралы бастама көтереді.

Бұған дейін қаржы министрлігі Халық кеңесінің жұмысына жылына 1,7 млрд теңге бөлінетінін, мүшелеріне жалақы берілетінін айтқан.

Бір күн бұрын Халық кеңесінің құрамы белгілі болды. Сәрсенбі күнгі алғашқы сессия кезінде Тоқаев кеңеске “кәсіби білігі жоғары мамандар, абырой-беделі зор, нағыз отаншыл азаматтар мүше болғанын” айтты.

Ерлан Қошанов Қанды Қаңтардан кейін парламенттің төменгі палатасының спикері болған.

2019 жылдың қыркүйегі мен 2022 жылдың ақпаны аралығында президент әкімшілігін басқарды. Оның алдында шамамен екі жыл Қарағанды облысының әкімі болды.

Жылдар бойы түрлі лауазымдық қызметтер атқарды, парламенттің жоғарғы және төменгі палаталарында да депутат болды. Көктемде басқарушы "Аманат" таратылғанға дейін оған төрағалық та етті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тоқаев Халық кеңесінің құрамын жариялады. Тізімде экс-депутаттар, бизнесмендер және қоғам өкілдері бар