Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қарашада Кремльдегі кездесу кезінде Ресей президенті Владимир Путинді жақында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында сол елдің басшысы Си Цзиньпинмен және АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуімен құттықтады.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тоқаев Ресейдің қазіргі күрделі кезеңде "ұлы держава" ретінде алдыңғы қатарға шыққанын айтқан.
"Сізді жуырда Қытайға жасаған сапарыңыздың табысты болуымен, сондай-ақ Шэньчжэнь қаласында өткен саммитке қатысуыңызбен құттықтаймын. Әрине, "үштіктің" отырысын қарап отырып, тарихтың осы бір күрделі кезеңінде, геосаяси ахуал шиеленісіп, тұрақсыздық белең алған сәтте Ресейдің ұлы держава ретінде алдыңғы қатарға шыққанына қуандым. Бұл, әрине, Владимир Владимирович, Ресей Президенті ретінде Сіздің зор еңбегіңіздің арқасы. Осы жайтқа шынайы қуандым. Ресей – ұлы ел. Мазмұны мен мәні тұрғысынан өте оңтайлы декларация қабылданды. Қазіргі әлемде бұдан зорын күту орынсыз болар еді", – деген Тоқаев.
19 қарашада Трамп, Си Цзиньпин мен Путин Шэньчжэньдегі Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында кездескен. Оның қорытындысы бойынша қандай да бір маңызды келісім я өзге құжатқа қол қойылған жоқ.
Тараптар ядролық қауіптерді азайтуға және халықаралық тұрақтылықты нығайтуға үндейтін, бірақ нақты міндеттемелер жүктемейтін бірлескен декларация қабылдағаны туралы хабар тараған. Оған қоса мәлімдемеде АҚШ, Қытай және Ресейдің "барлық елдердің игілігі үшін мұнай өнімдерін өндіру мен жеткізуді арттыруды" жоспарлап отырғаны айтылған.
Тоқаев Мәскеуге екі күндік жұмыс сапарымен 25 қарашада барған. Ақорданың хабарлауынша, Путин екеуі бейсенбіде AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысады. Бұл жиынды Ресейдің "Сбербанкі" жылда ұйымдастырады. Бұған дейін конференцияларға Путин де қатысып, технологиялық саясат пен Ресейдің жасанды интеллект саласындағы "егемендігі" жөнінде мәлімдемелер жасаған.
Астана бұл бағытта көпвекторлы ұстанымды құп көреді: қазан айында Тоқаев АҚШ президенті Трамп пен ірі технологиялық компаниялар қол қойған ЖИ жөніндегі "Вашингтон моделін" БҰҰ аясындағы халықаралық шартқа негіз етуді ұсынған. Сонымен қатар Қазақстан 2026 жылдың жазында Орталық Азия елдерінің ішінде алғаш болып АҚШ-тың ЖИ компоненттерін жеткізу тізбегін қалыптастыратын Pax Silica бастамасына, артынша Қытай ұсынған технологияны қауіпсіз пайдалану стандарттарын әзірлейтін WAICO ұйымына қосылды.