Тоқаев Мәскеуге барды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу әуежайында. 25 қараша, 2026 жыл. Ақорда баспасөз қызметінің фотосы
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу әуежайында. 25 қараша, 2026 жыл. Ақорда баспасөз қызметінің фотосы

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қарашада екі күндік жұмыс сапарымен Мәскеуге барды. Ақорданың хабарлауынша, оны әуежайда Ресей үкіметінің ресми өкілдері қарсы алған.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін кеште Кремльде жеке кездеседі. Президенттер бірге ас ішеді. Екі президент бейсенбіде AI Journey 2026 халықаралық конференциясында тағы бас қосады деді Песков.

Оның айтуынша, Путин Тоқаевқа Шэньчжэньдегі Ресей, АҚШ және Қытай көшбасшыларының үшжақты кездесуінің нәтижесін айтады. Путин, Дональд Трамп және Си Цзиньпин 19 қарашада Шэньчжэньде кездескен. Онда Украинадағы соғыс, Ирандағы қақтығыс, ядролық қаруды таратпау және жасанды интеллект мәселелер талқыланған.

Ақорданың баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың айтуынша, екі ел басшылары Мәскеуде "Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі нығайту"мәселесін талқылайды.

26 қарашада Тоқаев жасанды интеллектіге арналған AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысады. Бұл конференцияны жыл сайын Ресейдің "Сбербанкі"ұйымдастырады. Украинадағы соғыс басталғаннан кейін АҚШ қаржы министрлігі ресейлік ірі банктерге санкция салған. Шектеу қойылған қаржы ұйымдары арасында "Сбербанк" және оның Қазақстанда бөлімшелері де болған. Кейін Қазақстан үкіметіне қарайтын "Бәйтерек" холдингі "Сбердің" еншілес компаниясын сатып алып, Bereke Bank деп атын өзгерткен, кейін ол санкция тізімінен алынатыны айтылды.

Биылғы жиын "Сбербанктің"Мәскеудегі штаб-пәтерінде өтпек. Песковтың айтуынша, Ресей президенті бұл шараға жыл сайын барады. Путин бұл конференцияда көбіне технология саясаты туралы мәлімдеме жасайды. Былтырғы жиында ол Ресейдің ЖИ саласындағы "егемендігі" туралы айтқан.

Ал Тоқаевтың бұл салаға қатысты ұстанымы басқаша. Биыл қазан айында ол АҚШ президенті Дональд Трамп пен ірі технология компаниялары басшылары қол қойған жасанды интеллект жөніндегі ерікті келісімді әлемге үлгі етуді ұсынған. Оның пікірінше, "Вашингтон моделі" деп аталған бұл тәсіл сарапшылардың жан-жақты талқылауынан кейін БҰҰ аясындағы халықаралық шарттың өзегіне айналуы мүмкін.

Бұған қоса, Қазақстан 2026 жылғы жазда Орталық Азия елдері ішінен алғаш болып АҚШ 2025 жылғы желтоқсанда іске қосқан технология саласында сенімді серіктестікті ұстанатын Pax Silica бастамасына қосылған. Оған 25 ел кіреді. Pax Silica-ны құру арқылы Вашингтон технология саласында серіктестерді айналасына жинап, ЖИ-ге қажетті маңызды компоненттердің жеткізу тізбегін қалыптастыруға ниетті екенін мәлім етті. АҚШ мұның өтемі ретінде әділ нарық құруға және америкалық технологиялық жетістіктерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге ұмтылатынын айтып отыр.

Артынша Астана Қытай бастамашы болған World Artificial Intelligence Cooperation Organization (WAICO) ұйымына да қосылды. Пекиннің мәлімдеуінше, WAICO технологияны қауіпсіз әрі этикалық тұрғыда пайдаланудың ортақ стандарттарын әзірлеу және елдер арасындағы технологиялық алшақтықты азайту мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық тетігі болмақ.

Путин мен Тоқаев соңғы рет 11 қарашада Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммитінде кездескен. Бір жыл бұрын Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары кезінде екі президент Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық әріптестік және одақтастық деңгейіне көтеру туралы декларацияға қол қойған.

​
XS
SM
MD
LG