Мәскеуде Тоқаев Путинмен бірге AI Journey 2026 жиынына қатысты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 конференциясында сөйлеп тұр. Ресей, Мәскеу, 26 қараша, 2026 жыл. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан фото

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қарашада Мәскеуде өткен AI Journey 2026 халықаралық конференциясына Ресей президенті Владимир Путинмен бірге қатысып, сөз сөйледі деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Ол жасанды интеллект, цифрландыру, энергетика және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, киберқауіпсіздік, мамандар дайындау, цифрлық қауіп-қатерге қарсы халықаралық ынтымақтастық жайлы айтқан.

Тоқаев жаңа технологияларға байланысты әлемде есептеу қуатына сұраныс артып, электр желілеріне жүктеме көбейіп отырғанына байланысты Қазақстан бірнеше атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдағанын, ал Ресеймен бірлесіп салынатын алғашқы "Балқаш" станциясының құрылысында "Росатом" корпорациясы жетекші рөл атқаратынын атап өткен.

Қазақстанды қысқа мерзімде толық цифрланған елге айналдыру міндеті қойылғанын айтқан Тоқаевтың сөзінше, қазір елде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн көрсетіледі, 13 миллион адам eGov Mobile қосымшасына тіркелген, ал былтыр отандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асқан. Президент 2019 жылдан бері Astana Hub резиденттерінің жиынтық кірісі 7 миллиард долларға жуықтағанын және құны бір жылда 10 миллиард долларға жеткен Higgsfield стартапы пайда болғанын мысалға келтірген.

Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту үшін ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа жағдай жасап, технологиялық теңсіздікке жол бермеу керек деп санайды. Ол Қазақстан мен Ресей арасында цифрлық көлік дәлізін қалыптастыруды, AI Challenge және AI Journey Junior бағдарламалары аясында бірлескен жобалар әзірлеуді ұсынды. Бұған қоса технологияны алаяқтық пен жалған ақпарат тарату мақсатында пайдалануға қарсы ортақ күрес қажет екенін ескертті.

Тоқаев Ресеймен стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды жоғары бағалайтынын айтқан. Ол жуырда Қытайда өткен саммит қорытындысы мен "Үлкен үштік" декларациясының қабылданғанын еске салып, Ресейдің ондай мәртебеге ие мемлекет ретінде мойындалуы – Путиннің еңбегінің нәтижесі деп атаған.

Тоқаев Мәскеуге екі күндік жұмыс сапарымен 25 қарашада барған. Сол күні Кремльде Путинмен кездесіп, оны жақында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Қытай басшысы Си Цзиньпинмен және АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуімен құттықтағанын бұған дейін Ақорданың баспасөз қызметі хабарлаған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тоқаев Путинді Шэньчжэньдегі саммитке қатысуымен құттықтадыТоқаев Мәскеуге бардыТоқаев Трамптың ЖИ жөніндегі "Вашингтон моделін" БҰҰ шартының негізі етуді ұсындыТоқаев ЖИ бойынша "БРИКС плюс" серіктестігін іске қосуды ұсындыТарихи кездесу бар, тарихи шешім жоқ. Трамп, Си және Путиннің үшжақты саммитінің 4 түйіні