13 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады. Ол бұл жағдайды “мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай” деп атады.
Тоқаевтың айтуынша, 2023–2025 жылдары елде 3168 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы анықталған. 2165-ін мемлекеттік қызметкерлер жасаған. Биылғы жылдың алғашқы он айында тағы 751 құқықбұзушылық тіркелген.
"Осы статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз.
Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз" деді ол.
Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мен Бас прокуратураға бұл істерді тексеруді тапсырды. Бұған қоса, үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін квазимемлекеттік сектордағы жемқорлықты азайту жөнінде ұсыныс әзірлеуді тапсырды.
Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ-ның жұмысы тоқтамайтынын, компаниялар қалыпты режимде жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді. Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды, оның құрамы келесі аптада жарияланбақ.
Президенттің айтуынша, қазіргі кезде Бас прокуратура жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден асатын заңсыз иемденген активтерді қайтарған. Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына жұмсалды.
Бір күн бұрын "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов және "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Елжас Отыншиев және өзге де тұлғалар жемқорлық күдігімен ұсталғаны белгілі болды. Істің жай-жапсарын анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр" деді ҰҚК 12 қарашадағы хабарламасында. Ведомствоның айтуынша, олар 11 қарашада ұсталған.
Комитет тергеу құпиялылығына байланысты басқа ақпарат жарияланбайтынын айтты. Жақыпов пен Отыншиевті қорғау тарабының БАҚ-қа шыққаны жөнінде әзірге ақпарат жоқ.
"Самұрық-Қазына" және ҚТЖ басшылары ұсталғаны жайлы ақпарат тараған күні желіде Астанада "Атлант" тұрғын үй кешені маңында доллар купюралары шашылып, чемодан жатқан видео тарады. Маңайынды күштік құрылым өкілдері мен полиция көрінеді. Жергілікті басылымдар мұны осы оқиғамен байланыстырып жатыр. Бірақ ресми органдар видеоның бұл оқиғамен байланысы бар-жоғына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
"Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ басшылары ұсталғаннан кейін екеуі де мәлімдеме жасап, қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатқандарын айтты.
Қазақстанда лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлық күдігімен ұсталғаны жайлы ақпарат жиі шығады. Алайда сарапшылар елде жемқорлық азаймады деп санайды. Transparency International ұйымының 2025 жылғы Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне (CPI) сәйкес, Қазақстан әлемдегі 182 елдің арасында 38 балмен 96-орыннан көрінді. 2024 жылғы тізімде 40 балл көрсеткішпен 88-орында болған еді.
Еуропа кеңесінің жемқорлыққа қарсы күрес бойынша арнаулы органы GRECO өз есебінде Қазақстан жемқорлыққа қарсы күрес саласында бірқатар заңнамалық және институционалдық өзгеріс жасағанымен, халықаралық GRECO тобы осыған дейін айтылған ұсыныстардың басым бөлігін әлі толық орындамаған деп айтқан.