АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Иранға көрсетіп отырған экономикалық қысымы түптің түбінде Тегеранды АҚШ-пен бейбіт келісімге келуге мәжбүр етеді деп есептейді. Алайда, оның пікірінше, мұндай келісім ең алдымен Вашингтонның талаптарына сай болуға тиіс.
Трамп мұны 9 тамызда Axios басылымына берген сұхбатында айтты. Бұған дейінгі мәлімдемелерінен айырмашылығы, бұл жолы ол Иранға шабуыл жасалуы мүмкін екені жайлы тіс жарған жоқ. Трамптың сөзінше, қазір АҚШ Иранға әскери қысымды күшейтуден гөрі, елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауын бақылап отыр.
"Біз олармен, негізінен, "жартылай келіссөз" жүргізіп жатырмыз. Иранның жоғары инфляциядан және қаражат тапшылығынан қиналып жатқанын бақылап отырмыз", – деген Трамп .
АҚШ президенті Иранды теңізден құрсауға алу да сол елдегі экономикалық қиындықтарды күшейтіп отырғанын айтты. Ол Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздерді "шахмат ойынына" теңеп, нәтижесінде АҚШ өз мақсатына жететіндігіне сенімді екенін жеткізді.
Тамыз айының басында Трамп АҚШ-тың Иранға қарсы дайындалған жаңа әскери операцияны тоқтатқанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, тараптар бейбіт келісімге жақындаған. Вашингтон Тегераннан Ормуз бұғазын толық ашуды және Иранның ядролық бағдарламасынан бас тартуын талап етіп отыр.
Кейінгі аптада АҚШ билігі Ормуз бұғазы мәселесіне қатысты келісімге келуге жақындағанын бірнеше рет мәлімдеген. Бұған қоса Иран мен Оман арасында уақытша келісім жасалуы мүмкін деген ақпарат тараған. Мұндай сценарий бойынша Иран бұғаз арқылы өтетін кемелерден ақы алмайды деген болжам айтылды. Бұл – Вашингтонның негізгі талаптарының бірі.
Алайда әзірге түпкілікті келісім жасалған жоқ.
9 тамызда Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Ормуз бұғазы Тегеранның қатаң талаптары орындалмайынша ашылмайтынын тағы да мәлімдеген.
Парсы шығанағын Оман шығанағымен байланыстыратын Ормуз бұғазы әлемдік нарыққа мұнай және газ жеткізетін бағыт ретінде стратегиялық маңызға ие. Сондықтан оның жабық күйде қалуы халықаралық энергетика нарығына айтарлықтай қысым түсіруі мүмкін.
Қазіргі уақытта бұғаз іс жүзінде жабық түр. Сонымен бірге АҚШ-тың Иран порттарына теңізден қойған құрсауы да күшінде.