АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинге Киев пен Украинаның өзге де қалаларын атқылауды бір аптаға доғаруды ұсынғанын және Кремль басшысы оған келіскенін айтты. Украина президенті Владимир Зеленский Трамптың ісін құптады.
"Күн қатты суытуына байланысты президент Путинге Киев пен басқа да қалаларды атқылауды апта бойы тоқтата тұр деп жеке өтініш айттым. Бұл жай ғана суық емес, рекордтық шамадағы аяз. Олар бұрын-соңды мұндай суыққа кезікпеген. Сондықтан президент Путинге Киевке және басқа қалаларға апта ішінде шабуылдама деп өзім жеке қолқа жасадым. Ол бұған келісті және шынын айтсам, мұнысы маған өте жақты", – мәлімдеді Трамп 29 қаңтарда Ақ үйде өткен үкімет отырысында.
Ресей билігі әзірге бұл мәлімдемеге байланысты ресми пікір білдірген жоқ.
Қыс мезгілі Украина үшін соғыстың ең осал кезеңдерінің бірі саналады. Елдің энергетика жүйесіне жасалған кез келген шабуыл миллиондаған адамның өмірі мен тұрмыс жағдайына тікелей әсер етеді.
Осы тұрғыдан алғанда, "энергетикалық бітім" идеясы тек әскери емес, ең алдымен гуманитарлық сипаттағы бастама ретінде қарастырылады дейді сарапшылар. Украина президенті Владимир Зеленскийдің Трамптың мәлімдемесін құптап, энергетиканы "өмір өзегі" деп атауы да осыны аңғартады.
Your browser doesn’t support HTML5
Баланы құтқарған журналист, жылусыз Киев | Соғыс жаңалықтары
Зеленскийдің сөзінше, бұл мәселе бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен келіссөз барысында талқыланған. Алайда Киев келісімдердің іс жүзінде орындалатынына әзірге сақтықпен қарайды.
"Президент Трамп қыстың қазіргі аязында Киев пен Украинаның өзге қалаларының қауіпсіздігін Ресей шабуылдарынан уақытша қорғау мүмкіндігі туралы маңызды мәлімдеме жасады. Энергетика – өмір өзегі, ал біз өмірімізді қорғауға көмектесіп жатқан серіктестеріміздің күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Рақмет, президент Трамп! Бұл мәселені командаларымыз [Біріккен Араб] Әмірліктерінде талқыланды. Келісілген нәрселер орындалады деп үміттенеміз. Деэскалациялық қадамдар соғысты аяқтауға қарай жылжуға септеседі", – деп жазды Зеленский X әлеуметтік желісінде.
Трамп сондай-ақ Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөзде "үлкен прогресс бар" деген. Мұны АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф хабарлады. Ол аумақ мәселелерін талқылауда да елеулі табысқа қол жеткізілгенін айтты.
"Украинаның қауіпсіздік кепілдіктері мен өркендеуі туралы келісім негізінен аяқталуға жақын", – деді Уиткофф Ақ үйдегі жиында. Бұған қоса ол Ресей, Украина және АҚШ арасындағы келіссөздер шамамен бір аптадан кейін жалғасатынын айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Әбу-Дабидегі келіссөзден соң тараптар Путин-Зеленский кездесуіне жақындай түсті ме?Бейсенбі күні таңертең Мәскеудің Украинаға қарсы соғысын қолдайтын ресейшіл блогерлер, артынша Украина Жоғарғы радасы депутаты Алексей Гончаренко өз дереккөздеріне сүйеніп, АҚШ, Украина және Ресей арасында бес күндік "энергетикалық бітім" жөнінде келісімге қол жеткізілген деп хабарлады. Яғни, төрт жылға жуық уақыт соғысып жатқан екі тарап бір-бірінің энергетика инфрақұрылымына шабуыл жасауды уақытша доғара тұрмақ. Бұған дейін жуырда Әбу-Дабиде өткен үшжақты келіссөзде талқыланған тақырыптардың бірі осы жөнінде болуы мүмкін деп айтылған еді. Әбу-Дабидегі келіссөздердің екінші кезеңін 1 ақпанда өткізу жоспарланған.
Ал Financial Times басылымының журналисі Кристофер Миллер Киевтегі дереккөздерінің сөзіне сүйеніп, Украина билігі Трамптың Путиннен Украинаға шабуыл жасауды уақытша тоқтатуды өтінгенін оның көпшілік алдында жасаған мәлімдемесінен кейін ғана білген деп жазды.
Киев Мәскеуден нақты сигналдар алмаған және шынымен әуе шабуылдары уақытша тоқтайды дегенге сенімі аз дейді Миллер.
Сарапшылар Трамптың бір апталық тыныштық туралы үндеуі соғыстың жалпы барысын түбегейлі өзгертпесе де, деэскалацияға бағытталған сирек мүмкіндіктердің бірі ретінде бағаланатынын айтады. Ал оның нақты нәтижесі алдағы күндері – энергетикалық инфрақұрылым тағдыры мен майдандағы жағдайдан белгілі болмақ.