Axios басылымының жазуынша, Украинадағы соғысты аяқтауға арналған АҚШ, Ресей және Украина делегацияларының үшжақты келіссөзінің келесі кездесуі 1 ақпанда Әбу-Дабиде өтуі мүмкін. Басылым мұны аты-жөні аталмаған америкалық шенеуніктің айтқанына сүйеніп жазды. Бұған дейін 23-24 қаңтарда өткен келіссөздер — соғыс басталғалы бері осындай форматтағы алғашқы кездесу — жаңа раунд өткізу жөнінде уағдаластықпен аяқталғанын Батыс басылымдары, украиналық медиа мен Ресейдің ТАСС агенттігі де жазған.
ӘБУ-ДАБИДЕГІ КЕЛІССӨЗ
Axios сөзін келтірген америкалық ресми тұлғалардың пікірінше, Ресей, Украина және АҚШ делегацияларының Әбу-Дабидегі кездесуі келіссөздердің келесі кезеңіне өту жолындағы маңызды қадам болған. Басылым сөйлескен дереккөздердің бірі тараптар Ресей мен Украина президенттерінің кездесу ықтималдығы да талқылағанын айтып, "Путин мен Зеленскийдің кездесуіне өте жақын" қалғанын жеткізген. Оның сөзінше, келесі келіссөз раундының сәтті өтуі әлгіндей кездесудің алғышарты бола алады.
Axios дереккөздерінің мәлімдеуінше, Ресей президенті Владимир Путин 22 қаңтарда Мәскеуде АҚШ президентінің арнайы өкілдерімен кездесуде соғысты дипломатиялық жолмен аяқтауға дайын екенін білдірген. Мұның айғағы ретінде Әбу-Дабиге Ресей бас штабы Бас барлау басқармасының (ГРУ) басшысы Игорь Костюков жетекшілігімен "салмақты" делегация жібергені айтылады.
"Агентство" басылымының жазуынша, делегация құрамында ГРУ ақпарат басқармасы басшысының бірінші орынбасары Александр Зорин де болған. Украина жағынан келіссөзге президент кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов қатысқан. Ал америкалық делегация құрамында АҚШ-тың Еуропадағы күштерінің қолбасшысы Алексус Гринкевич болған.
Жабық форматта өткен келіссөздің барысы мен нәтижелері жөнінде ресми ақпарат жарияланған жоқ. Алайда Axios, Politico, "РБК-Украина" және өзге де басылымдардың дереккөздері келіссөз мазмұнының кейбір тұсын айтып берген.
ТАРАПТАР ҰСТАНЫМЫ
"РБК-Украина" басылымы Мәскеудің Украина әскерін Донецк облысының оккупацияланбаған бөлігінен шығарсын деген бұрынғы талабынан бас тартпаған, ал Киев ол талапқа келіспей отыр деп жазды. Бұл мәселеге байланысты ешқандай өзгеріс болмаған. The New York Times басылымы "Ресей шенеуніктері территория мәселелерін былтыр жазда Аляскада өткен саммитте Трамп пен Путин арасында қол жеткізілген деп сипаттаған келісімнен өзгше жолмен реттеуді" үзілді-кесілді жоққа шығарған деп нақтылайды. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков газетке берген түсініктемесінде бейбіт келісім Анкориджде келісілген өлшемдерге сай болуға тиіс екенін айтқан (АҚШ та, Ресей де ондай нақты келісімдер барын ресми түрде растаған емес).
Соған қарамастан, тараптар атысты доғару жөнінде келісімге қол жеткізілгеннен кейін жасалуы ықтимал қадамдарды талқылауда біршама ілгерілеген. Әскерді бір-бірінен алысырақ әкету, соғыс іс-қимылдарын тоқтату режимін бақылау тетіктері, тыныштықты қадағалау және үйлестіру орталығын құру мәселелері талқыланған.
Politico дерегінше, келіссөз барысында Запорожье атом электр станциясының болашағы да сөз болған. Басылым дереккөзі Мәскеу станцияда өндірілетін электр энергиясын Ресей мен Украина арасында бірлесіп бөлу нұсқасын ұсынып отыр деп айтқан. Әзірге бұл мәселе бойынша нақты келісім жоқ.
Reuters пен Axios басылымы үшжақты келіссөздерден бөлек, Ресей мен Украина делегациялары Әбу-Дабиде екіжақты кездесу де өткізген деп жазды. Келіссөздердің екінші күнінің аяғында үш делегация ортақ түскі асқа жиналған. Axios басылымына пікір білдірген америкалық дереккөздің айтуынша, сол сәтте "бәрі дерлік бір-біріне дос адамдардай көрінген". Тағы бір шенеунік: "Бәрі күткендегідей барынша жақсы өтті", — деп баға берген.
Басылым дереккөздері "бәрі талқыланды. Ешбір тарап пікір алмасудан қымсынған жоқ. Бірде-бір мәселе назардан тыс қалмады, ешкімді күштеп итермелеудің қажеті болған жоқ" деген.
Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін кездесуде соғысты аяқтау параметлері болуы мүмкін нәрселер талқыланғанын айтып, келіссөздер "конструктивті өтті" деп бағалаған.
"Осы күндердегі кездесулер қорытындысы бойынша барлық тарап өз астаналарында келіссөздің әрбір қыры жөнінде баяндап, алдағы қадамдарды көшбасшыларымен келісуге уағдаласты. Әскери өкілдер келесі болуы ықтимал кездесуге арналған мәселелер тізбесін айқындады", — деп жазды Зеленский.
Ол келесі кездесу алдағы аптада өтуі мүмкін екенін де жоққа шығармады. Алайда Путинмен жеке кездесу мүмкіндігі жөнінде әзірге ештеңе айтқан жоқ. Кремль Әбу-Дабидегі келіссөздер нәтижесіне қатысты әзірге ресми пікір білдірген жоқ.
Украина мен Ресей АҚШ-тың соғысты аяқтау және бейбіт келісімге келу жөніндегі бастамасын бір жылға жуық уақыт бойы талқылап келеді. Бұл процесс өзара шабуылдар мен соғыс қимылдары тоқтаусыз жалғасып жатқан шақта жүріп жатыр. Қазір АҚШ өкілдер келіссөздер шынымен де табысқа жақындады деп айтып отыр. Әйткенмен Ресейдің қойып отырған талаптарын Украина "қабылдауға келмейді" деп атаса да, Мәскеу өз дегенінен қайтпай отыр.