АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Республика күніне байланысты құттықтау хат жолдап, екі ел арасындағы серіктестік соңғы бір жылда тереңдей түскенін атап өтті. Ақ үй басшысы Вашингтонның Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын да жеткізді.
АҚШ президентінің хаты Ақорда сайтында жарияланды.
"Кейінгі бір жыл ішінде серіктестігімізді тереңдете түскенімізге қуаныштымын. Бұл халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтан бастап екі елге де пайдалы маңызды коммерциялық келісімдерге дейін қамтыды", – деп жазды Трамп.
АҚШ президенті 1991 жылы Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде бірінші болып өз елі танығанын еске салды.
"Сондықтан еліңіздің тәуелсіздігі мен егемендігін және аумақтық тұтастығын әрдайым қолдаймыз", – делінген хатта.
Трамп Қазақстанның экономикалық табыстарын "таңғаларлық" деп сипаттап, оған америкалық компаниялар да үлес қосып жатқанын айтты. Бұған қоса ол желтоқсанда өтетін G20 саммиті аясында Тоқаевпен кездесуге ниетті екенін жазған.
Ақорда баспасөз қызметінің жазуынша, 25 қазан - Республика күні президенттің атына алыс-жақын шетелдердің басшыларынан көп құттықтау жеделхаты келген.
Америка Құрама Штаттары Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылғы 25 желтоқсанда таныған. Екі ел арасындағы байланыс өткен жылдың күзінде жанданды: 2025 жылғы қарашада Тоқаев Вашингтонда өткен "Орталық Азия + АҚШ" (C5+1) саммитіне қатысты. Сапар кезінде миллиардтаған долларлық коммерциялық келісімдерге, соның ішінде Boeing ұшақтарын сатып алу, локомотив өндірісі және вольфрам кен орнын игеру жобаларына қол қойылды.
Сол кезде Қазақстан Израиль мен бірқатар араб елдерінің қарым-қатынасын қалыпқа келтіруге бағытталған "Ибраһим келісіміне" қосылатынын жариялады.
2026 жылғы қыркүйекте Өзбекстанның Самарқан қаласына АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио С5+1 форматындағы басқосуға келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио аймақ елдерімен түрлі салада ынтымақтастықты пысықтады және Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесті.