Трамп Ресейге қарсы шабуылдар соғыстың аяқталуын тездетуі мүмкін деген пікірге келіседі

АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленский НАТО саммиті аясында кездесті. Анкара, Түркия, 8 шілде, 2026 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Анкарадағы НАТО саммиті кезінде Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Кездесу барысында журналистердің сауалына берген жауабында Трамп Вашингтон Украинаға Patriot әуе қорғаныс жүйесі үшін зымыран шығаруға лицензия беруге дайын екенін меңзеді.

Түркия астанасындағы шара кезінде Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшісі АҚШ президентіне Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату туралы көзқарасы жөнінде сұрақ қойды. Журналистке берген жауабында Трамп Ресей президенті Владимир Путин де соғысты тоқтатқысы келеді және жақын арада айтарлықтай прогресс болуы мүмкін деп мәлімдеді.

Өз сөзінде Трамп Путиннің Зеленскиймен Мәскеуде кездесуге дайын екенін білдіргенін айтып, Зеленскийден Мәскеуге баратын-бармайтынын сұрады.

"Ол жақта қауіпті ғой: украиналық дрондар тым көп", – деп жауап берді Украина президенті. Трамп Мәскеуге сапар қиынға соғуы мүмкін екенімен келісті.

АҚШ президенті украин әскерінің Ресейге, әсіресе өте алыстағы мұнай өңдеу зауыттарына жасаған әуе шабуылдары соғыстың аяқталуын тездетуі мүмкін деген пікірге келісті.

"Бұл шиеленіс, бірақ бұл [Украинадағы соғыстың] аяқталуына септесуі мүмкін", – деді Дональд Трамп Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына Украинаның шабуылдары жөнінде не ойлайтыны туралы сұраққа жауабында.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да осыған ұқсас пікір білдірді. Трамп бұған қоса бейбіт келісім шарттары Украина үшін жақсы жаққа өзгеруі мүмкін деп санайтынын айтты.

Анкарада Украина президенті серіктестермен талқылайтын негізгі тақырып – Patriot әуе қорғаныс жүйесінің зымырандарын жеткізу мәселесі екенін тағы да мәлімдеп, АҚШ бұл зымырандарға ие жалғыз ел емес екенін атап айтты.

Бұған дейін Нидерланд, Германия, Финляндия, Швеция, Литва, Эстония, Латвия, Дания және Польша Еуропалық комиссияға Еуроодақтың Украинаға 2026-2027 жылдарға деп бөлетін 90 миллиард еуроның "қорғаныс" бөлігі есебінен АҚШ-та жасалған әуе қорғанысы зымырандарын сатып алуға тезірек рұқсат беруін сұраған.

"Украина лицензия ала алатынын маған кішкентай құс жеткізді", – деді Трамп әуе шабуылдарынан қорғаныс жүйесіне арналған зымырандар жайлы.

"Бұл жігіт [Зеленский] енді біз [АҚШ] оларға [осы зымырандарды] жеткілікті мөлшерде бермеді деп шағымданбайды. Оларды өздеріңіз жасаңыздар!" – деді Трамп.

Зеленский Трамппен кездесуі жайлы әзірге пікір білдірген жоқ. Ол кездесуде түсірілген суретін жариялап, "Біз бірге көп нәрсеге қол жеткізе аламыз" деп жазды.

НАТО саммиті аясында Сирияның уақытша президенті Ахмед әш-Шараамен екіжақты кездесу өткізген Трамп Сирияны терроризмді қолдайтындар тізімінен алып тастауға уәде берді. Сирия бұл тізімге Башар әл-Асадтың билігі тұсында, Иранның ықпалында болған кезде енгізілген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

НАТО Украинаға биыл 70 миллиард еуроның әскери көмегін бермек