Трамп үшжақты кездесудің жай-жапсарын айтты

АТЭС саммиті.

АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні NBC телеарнасына берген сұхбатында Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысты шешімдерді Украинаның қатысуынсыз қабылдауға болмайды деген пікірімен келісетінін айтты.

«Мен онымен келісемін. Мен оның қатысуынсыз ешқандай шешім қабылдамас едім. Өйткені ол – сол елдің басшысы. Сондықтан бұлай істемес едім», – деп Трамптың сөзін NBC News журналисі Гейб Гутьеррес X әлеуметтік желісінде келтірді.

Журналист Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, оның Қытай төрағасы Си Цзиньпин және Ресей президенті Владимир Путинмен өткен үшжақты кездесуін талқылаған. Трамп бұл кездесуге жоғары баға берді.

«Меніңше, бұл кездесу 10 балдық жүйемен бағалағанда 12 балл болды. Бәрі керемет өтті. Өте жақсы қарым-қатынас орната алдық», – деді АҚШ президенті.

Трамптың айтуынша, Шэньчжэньде Путин және Си Цзиньпинмен өткен кездесуде басты назар Украинаға аударылған. Сонымен қатар Иран төңірегіндегі қақтығыс та талқыланған.

«Басшылар Иранға қатысты жағдайдың да шешілгенін қалайды және бұл жөнінде Иранға барынша қатаң түрде белгі беріп отыр», – деп Трамптың сөзін келтірді Гейб Гутьеррес.

Украина туралы әңгіме барысында Трамп Ресей президентінің Украинаның Қырым көпіріне жасаған соққыларына наразы болғанын айтты. АҚШ басшысы Путиннің мұндай реакциясын түсінуге болатынын жеткізді.

Бұған дейін, бейсенбі күні Путин Ресей Керчь бұғазы арқылы өтетін көпірге жасалған соңғы шабуылдарға жауап беретінін мәлімдеген. Оның айтуынша, Ресейдің қарымта әрекеті «Киев режимінің көпірге жасаған шабуылынан әлдеқайда ауыр болады».

Украина қарулы күштері 19 қарашада Қырым көпіріне тағы соққы жасаған. Бұл – соңғы бірнеше күндегі үшінші шабуыл. Бұған дейін көпірге 16 және 17 қарашада да соққы жасалған. Шабуыл салдарынан көпірдің автомобиль жолы зақымданып, көлік қозғалысына шектеу қойылған.

Украина билігі Ресей мен аннексияланған Қырымды жалғайтын Қырым көпірін бірнеше рет заңды әскери нысана деп атаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Трамп, Си, Путин кездесуі қалай өтті?