30 қазанда Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 13-саммиті өтті. Жиында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді ұйымға тартуды ұсынды. Саммитке бұл жолы Әзербайжан басшысы қатыспады.
Жұма күні Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының саммитін ашқан Түркия басшысы Режеп Ердоған түркі мемлекеттерінің ортақ тарихы мен мәдени мұрасы болашақтағы ынтымақтастықтың негізі екенін айтты.
Оның сөзінше, түркі әлемінде алауыздық пен бөлінуге орын болмауы керек. Түркия ұйымға төрағалық ету кезеңінде ортақ тіл, мәдени және спорттық байланыстарды дамытуға, цифрлық сауда мен киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге басымдық береді деді ол. Бүгін ұйым төрағалығы Әзербайжаннан Түркияға өтті.
"Түркі әлемінің отбасылық суретінде бөлінуге, жіктелуге немесе алауыздыққа орын жоқ. Біз – біртұтаспыз, бірге тұрмыз және, Алла қаласа, мәңгі бауыр болып қала береміз" деді ол.
Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде отырған Түркия басшысы Режеп Ердоған. Анкара, 30 қазан 2026 жыл.
ТОҚАЕВ РЕСЕЙДІ ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНА ШАҚЫРУДЫ ҰСЫНДЫ
Саммитте сөз сөйлеген Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқев Ресейді осы форматқа қосылуға шақыруды ұсынды. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.
Оның пікірінше, Ресейді "осы форматқа қосылуға немесе ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырса, дұрыс әрі әділетті шешім болады".
"Өйткені Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі халықтары көп. Қазіргі таңда Ресей "Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі" деген тұжырымдаманы дәріптеуде. Қазақстан бұл тұжырымдаманы қолдайды. Орыс тілінде түркі тілдерінен тамыр тартатын сөздер де аз емес. Жалпы, Ресей түркі елдерінің, яғни біздің Ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді” деді Тоқаев.
Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде сөз сөйлеп отырған Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Анкара, 30 қазан 2026 жыл.
Ресейді аталған ұйымға шақыру қажеттігі ара-тұра ресейлік сарапшылардан да естіліп қалады. Атап айтқанда, МГИМО халықаралық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Александр Князев 2023 жылы:
"Бұл ұйымның жұмысына қатысу оған қатысты көптеген күдікті сейілтіп, Ресей мен Иранның саяси орталарындағы негізсіз алаңдаушылықты азайтар еді" деген еді. Оның сөзінен кремльшіл "Спутник" үзінді келтірген.
Ол ұйымға түркі халықтары тұратын Ресей, Қытай, Иранды да қосуға болатынын айтқан. Алғашқы қадам ретінде түркі халықтарының тарихына арналған ортақ оқулық шығаруға болатынын айтқан.
Саммит кезінде ұйымның өзге елдермен әріптестігі туралы Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев та айтқан. Ол түркі мемлекеттері арасында 100 стратегиялық инвестициялық және өнеркәсіптік жобаны іске қосуды ұсынды. Одан бөлек, үшінші елдермен ынтымақтастықты "ТМҰ+" форматы аясында дамытып, сауда, көлік, инвестиция салаларында нақты жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
"ӘСКЕРИ ОДАҚҚА АЙНАЛМАУЫ КЕРЕК"
Ақорданың хабарлауынша, саммит кезінде Тоқаев ұйымның институционалдық құрылымын нығайту қажеттігін де атап өтті.
Оның айтуынша, соңғы жылдары ТМҰ қызметі 60 түрлі бағытты қамтитындай кеңейген. Алайда кейбір міндеттер мен функциялар "бірін-бірі қайталайды". Сондықтан ұйымның негізгі жұмыс бағыттары мен басымдықтарын жүйелеу қажет. Ол ТМҰ әскери одаққа айналмауы керек дегенді тағы айтқан.
"Осы жылдың мамыр айында Түркістанда өткен жоғары деңгейдегі кездесуде Түркі мемлекеттері ұйымы әскери одақ емес және болашақта да оған айналмауы керек деп мәлімдедім. Бұл – Қазақстанның ұстанымы", – деді Тоқаев.
Оның сөзінше, ТМҰ-ға мүше мемлекеттермен тауар айналымы 10 миллиард долларға жуықтаған. Бұл былтырмен салыстырғанда 40 пайызға көп. Осы өсімді сақтау үшін Тоқаев "Түркі әлемінің келешегі – 2040" бағдарламасын жүзеге асыруды және 2027–2031 жылдарға арналған ұйым стратегиясын қабылдауды жеделдетуді ұсынды.
Ол Түркі инвестициялық қорының мүмкіндіктерін толық пайдалануға, сондай-ақ Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының жұмысын жандандыруға шақырды.
"Түркі әлемін өзара байланыстыру ісінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының алатын орны ерекше. Биылғы 9 айда Орта дәліз арқылы тасымалданған жүктің көлемі 30 пайызға артты. Соның ішінде транзиттік тасымал көлемі 90 пайызға өсті. Ал Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен теміржол арқылы жүк тасымалы 10 пайызға ұлғайып, 40 миллион тоннаға жақындады. Автокөлікпен тасымалданған жүк көлемі де 20 пайызға көбейіп, 6,5 миллион тоннаға жетті. Осы орайда, біз Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыра түсу үшін елімізде басымдық ретінде арнайы бағдарламаны жүзеге асыратын болдық" деді Тоқаев.
Саммите Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров Түркияның саяси, экономикалық, әскери және технологиялық салалардағы жетістіктерін атап өтіп, елдің халықаралық беделі артқанын айтты.
Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров.
Түркіменстан басшысы Сердар Бердімұхамедов түркі халықтарының ортақ тарихы мен мәдени мұрасын сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу баршаға ортақ міндет екенін айтты. Ол ұйымды өзара сенімді нығайтып, практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды алаң деп атады. Сондай-ақ энергетика, көлік, байланыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларындағы әріптестікті дамытып, бірлескен инвестициялық және өндірістік жобаларды көбейтуге шақырды.
Түркі мемлекеттері ұйымы 13-ші саммитінің қорытындысы бойынша Анкара декларациясы қабылданды.
ТРАМПТЫҢ ЕРДОҒАНҒА ХАБАРЛАСУЫ
Түркия президент әкімшілігінің коммуникациялар басқармасының хабарлауынша, 29 қазанда Түркия басшысы Режеп Ердоған Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларымен салтанатты кеште отырғанда АҚШ басшысы Дональд Трамп Ердоғанға хабарласқан. Ердоған оған саммитке қатысатын елдердің басшыларының атынан сәлем жолдаған.
Anadolu-ның жазуынша, Ердоған Трампқа Анкарадағы Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған шешімдер қабылданатынын, 200 миллионнан астам халқы бар ұйым бүгінде Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің тірегіне айналғанын айтқан.
Ал АҚШ басшысы Дональд Трамп Режеп Ердоғанға Түркі мемлекеттері ұйымының саммитін сәтті өткізуде табыс тілеген.
ӘЛИЕВТІҢ САММИТКЕ КЕЛМЕУІ
Бұл жолғы саммитке Әзербайжан басшысы Илхам Әлиев келген жоқ. Report агенттігінің хабарлауынша, бұған оның "алдын ала жоспарланған іс-шаралары" мен "жұмыс кестесінің тығыздығы" себеп болған. Саммитке Әзербайжан атынан сыртқы істер министрі Жейхун Байрамов қатысты.
Әлиевтің саммитке қатыспайтыны туралы хабар Анкара мен Баку арасында Әзербайжан мектептерінде хиджаб киюге қойылған шектеуге байланысты ашық дау туындағаннан шақта шығып отыр. Түркия президентінің кеңесшісі Октай Сарал Әзербайжанды бұл шектеуді қайта қарауға шақырған. Ал Әзербайжандағы билік партиясы оның мәлімдемесін "жауапсыздық" деп атап, мұндай сөздер екі елдің қарым-қатынасына нұқсан келтіруі мүмкін екенін ескерткен.
Дау қыркүйек айында мектеп формасына қатысты ережелер өзгергеннен кейін басталған. Құжатта хиджабқа тікелей тыйым салынбағанымен, кейбір мектептер орамал таққан оқушыларды сабаққа кіргізбей қойған. Бұл жағдай жаппай наразылыққа ұласты. Әзербайжан ішкі істер министрлігі наразылық кезінде 37 адамның ұсталғанын хабарлады.
2009 жылғы 3 қазанда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі немесе Түркі кеңесі деген атаумен құрылған ұйым атауы 2021 жылы Стамбұлда өткен саммитте Түркі мемлекеттері ұйымы болып өзгертілді. Сарапшылар оны құрылымның институционалдық және саяси ықпалын кеңейтуге бағытталған өзгеріс ретінде бағалайды.
Қазір ұйымға түркітілдес бес мемлекет - Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия мүше. Түрікменстан мен Венгрия бақылаушы мәртебесіне ие. 2022 жылы бақылаушы мәртебесін Солтүстік Кипр Түрік Республикасы (халықаралық қауымдастық мойындамаған, тек Түркия таныған) да алған.
Ұйым құрылғалы бері оған мүше мемлекеттер басшыларының саммиттері тұрақты түрде өткізіліп келе жатыр. Осы уақыт ішінде 13 ресми кездесу ұйымдастырылып, өңірлік ынтымақтастық жөнінде бірқатар шешімдер қабылданған.