Ереван өз аумағынан өтетін сауда дәлізіне қатысуға Қазақстан мен Қырғызстанды белсене шақырып отыр. Бішкек қызығушылық танытса, Астана бастаманы жалпы қолдайтынын айтты. Бірақ екеуі де жоба бойынша міндеттеме алуға асығар емес.
Армения АҚШ президенті Дональд Трамптың атымен аталған ауқымды сауда дәлізін іске асыруға күш салып жатыр. "Трамп атындағы халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы" (TRIPP) дейтін дәлізді бірлесіп дамытуға Ереван Орталық Азия елдерін де шақырып отыр.
Ереван мен Баку арасындағы бейбіт келісім аясында қарастырылған дәліз Армения аумағы арқылы өтіп, Әзербайжанды оның Нахчыван эксклавымен байланыстыруы тиіс. Бұл Ресей мен Иранды айналып өтетін жаңа шығыс-батыс сауда жолын ашады.
Ұсынылып отырған жоспарды Вашингтон қолдайды. Алайда Батыстың қатаң санкцияларына ұшыраған Ресей мен Иран оған қарсылық танытып отыр.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян кейінгі апталарда Қазақстан мен Қырғызстанды жобаға қатысуға табанды түрде шақырып жүр. Алайда сарапшылардың пікірінше, екі ел де Орталық Азиядағы негізгі саяси және экономикалық ойыншы – Ресейдің ашуын туғызудан қауіптенеді.
Пашинян 1 қыркүйекте Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті кезінде Әзербайжан мен Үндістан басшыларымен, сондай-ақ АҚШ өкілдерімен TRIPP жобасына қатысты мәселелерді талқылады.
Саммит қарсаңында Армения Қазақстан мен Қырғызстанға TRIPP жобасындағы Ереванға тиесілі 26 пайыздық үлестің 5 пайызын ұсынған деп хабарлады қырғызстандық БАҚ.
27 тамызда Пашинян Азаттықтың Армян қызметіне берген сұхбатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен жуырдағы телефон арқылы сөйлескен кезінде Қазақстанның TRIPP-ке қатысуын талқылағанын растады.
"Біз бұл мәселені Қазақстан және TRIPP тұрғысынан талқыладық. Қазір оған түрлі елдер қызығушылық танытып отыр" деді ол бұдан әрі нақтыламай.
Қырғызстанның бірінші вице-премьері Данияр Амангелдиев Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында үкіметке әзірге ресми ұсыныс түспегенін айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Зангезур дәлізі Орталық Азияға не береді?Жария түрде іске қосу
Аймақтағы ықтимал қатысушы мемлекеттердің ұстанымы әзірге бұлыңғыр болып тұрғанымен, Армения мен АҚШ жобаны жария түрде іске қосуға әрекеттеніп жатыр.
1 қыркүйек күні Facebook желісінде Арменияның Сыртқы істер министрлігі мен АҚШ-тың Еревандағы елшілігі бірлесіп жүргізетін TRIPP Armenia аккаунты ашылды.
Сол күні Вашингтон мен Ереван өкілдері Арменияның Сюник облысында кездесіп, жобаның экономикалық пайдасын талқылады. Осы облыста ұзындығы 43 шақырым болатын магистраль салу жоспарланып отыр.
Дәліз жобасының 74 пайызы АҚШ-тың, қалғаны Арменияның үлесінде. Пашинян TRIPP-ті "миллиардтаған доллар тұратын жоба" деп атады. Вашингтон алғашқы қаржыландыру ретінде 145 млн доллар бөлді.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян Египетте. 13 қараша 2025 жыл.
Армения үкіметі TRIPP жобасын шілдеде мақұлдаған. Енді 15 қыркүйек күні Конституциялық сот осы жоба жөнінде шешім шығаруы керек. Осыдан соң, құжат парламентке түсіп, дауысқа түседі. Вашингтон өзге мемлекеттерден және жеке инвесторлардан қосымша қаражат тартуға көмектесетінін айтты, бірақ әзірге жаңа инвесторлар немесе қорлар туралы ақпарат жоқ.
Теңізге шығатын жолы жоқ Армения үшін TRIPP экономикалық оқшаулануды тоқтатып, елді өңірлік көлік хабына айналдырудың бір жолы ретінде қарастырылады.
Бұл жоба Армения мен Әзербайжан арасындағы соғыстан кейін пайда болды. Таулы Қарабақ үшін болған сол соғыс аяқталып, АҚШ-тың араағайындығымен екі ел бейбітшілік келісіміне қол қойды. TRIPP жобасы осы келісім аясында пайда болған. Оның аясында теміржол мен автокөлік инфрақұрылымын соғу және мұнай-газ құбырын салу, оптикалық-талшықты желілер мен электр энергиясы желілерін тарту қарастырылған.
Әзербайжан 2023 жылы найзағайдай жылдам әскери операциясы арқылы Қарабақты өз бақылауына алған соң, Армения өзінің геосаяси бағытын өзгертті. Ереван бұрынғы одақтасы Мәскеуден бойын аулақ ұстап, Батысқа бет бұрды.
Ресей факторы мен жобаның бұлыңғыр болашағы Бішкек пен Астананы сақтық танытуға итермеледі.
Қазақстан TRIPP жобасына ресми түрде қызығушылық танытты. Астана қазір Қытай мен Еуропаны Орталық Азия мен Кавказ арқылы жалғайтын Орта дәлізді дамытуды көздеп отырса, TRIPP жобасы соны толықтыра түспек. TRIPP Әзербайжаннан басталып, Армения арқылы Нахчыванға, одан әрі Түркия мен Еуропаға жеткізбек.
Ресми Бішкек те TRIPP-ті Қырғызстанның Еуропамен көлік байланысын кеңейтудің ықтимал жолы ретінде қарастырып отыр.
"Біздің теміржолымыз Бакуге жетіп, бұл бізге Түркияға тікелей жол ашады... Бұл – жаңа мүмкіндік" деді Қырғызстанның АҚШ-тағы елшісі Еділ Байсалов Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында.
Дей тұрғанымен Бішкек те, Астана да TRIPP-ке қатысатынын әзірге ресми түрде растаған жоқ.
Қырғыз саясаттанушысы Эмильбек Жураевтың айтуынша, екі ел де "біртүрлі үнсіздік" танытып отыр.
"Екі ел де АҚШ-пен оң қарым-қатынас орнатқанымен, олардың ШЫҰ-дағы серіктестері Иран мен Ресей TRIPP-ті құптамайды. Сондықтан олар бұл мүмкіндікті пайдалануға жүрексініп отырған болуы мүмкін" дейді Жураев.
Сарапшының сөзіне қарағанда, Мәскеу мен Пашинян қарым-қатынасы шиеленісіп тұрғанда Ресей басты фактор болуы ықтимал.
"Ресейдің Армениядағы ықпалы әлсіреп жатқандықтан, Ресей Қазақстан мен Қырғызстанның TRIPP-ке қосылғанын құптамас еді" дейді саясаттанушы.