Түркістан облысында полиция 66 жастағы тұрғынды уақытша ұстау изоляторына қамап, діни және әлеуметтік араздық қоздыру белгілері бойынша іс қозғаған. Мұны 5 тамыз күні Қазақстанның ішкі істер министрлігі хабарлады. Іс қозғауға осы ер адамның көпшілік алдында айтқан сөзі түрткі болған.
Полиция тойдағы даулы сөзі үшін ұсталған адам туралы өзге ақпарат бермеді.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде жарияланған видеода әлгі адамның тойға жиналған көптің алдында әйелдерді "ұрғашылар" деп атап, оларды ер адамдардан бөлек отырғызуға, ал әншілерге "шайтанның азаншысы" деп мін тағып, "музыка – харам" болғандықтан оған тыйым салуға шақырған сөзі қоғамда қызу пікірталас тудырған еді.
Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасы бұл оқиғаға байланысты "қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттамалар беру дұрыс емес. Сонымен қатар, аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз" деп мәлімдеді. ҚМДБ "діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті ғалымдардың түсіндірмесіне сүйенуге және қоғамның ауызбіршілігін сақтауға" шақырған.
Әлеуметтік желіде резонанс тудырған жайтқа Қазақстан президентінің әкімшілігі де реакция білдірген. Әкімшілік басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин тойда айтылған даулы сөзге байланысты пікір білдіріп, "ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қою қажет" екенін айтқан.
"Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады", – деп жазды ол Instagram желісіне.
Қазақстанда әйелді кемсіту және зорлық-зомбылық жасау тақырыбы кейінгі жылдары қоғамдағы көкейкесті мәселе ретінде алдыңғы қатарға шыққан. Әсіресе 2024 жылы азаматтық некедегі күйеуінің қолынан мерт болған Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін бұл мәселе одан сайын өзекті бола түсті, қоғамда әйел құқығы мен отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы заңды қатайту талабы артты.
Әйткенмен қоғамда "әйел мен ер адамның рөлі тең емес" дейтін көзқарас-пікірлер оқта-текте айтылып қалса, қызу пікірталасқа себеп болады. Биыл көктемде Алматы қаласының полициясы әлеуметтік желіде жарияланған видеосұхбатта "әйелдерінің бірін шәкіртіне бергені" туралы пікір айтқан" ер адам мен хабарды жүргізген журналист қызды әкімшілік жауапқа тартқан.