Үй шайқалып, қара түтін басты, видео жариялауға тыйым салынды. Омбыға шабуыл қалай болды?

Украин дрондарының шабуылынан соң Омбы мұнай өңдеу зауыты отқа оранды. Видеодан скриншот. 6 шілде, 2026 жыл.

Ресей БАҚ-тары бұған дейін Украинадан 2500 шақырымдай қашықта жатқан Омбы қаласына дрон қаупі жоқ деп келген. Сондықтан жергілікті халық 6 шілдедегі әуе шабуылынан шошып қалды. Ресей Украинаға басып кіргелі бері алғаш рет соғыс олардың да жанына келді.

Мәскеуден шығысқа қарай 2250 шақырым жерде, Қазақстан шекарасында орналасқан Омбы қаласының тұрғындары төрт жылдан астам уақыт бойы Украинаға қарсы соғысты тек сырттай бақылап келген. Ал осы аптада олар жантүршіктірерлік оқиғаны өз көзімен көрді.

6 шілдеде Украина Омбы қаласын әуеден шабуылдады. Ресей 2022 жылдың ақпанында Украинаға басып кіргелі бері қалаға алғаш рет шабуыл жасады. Бұған дейін жергілікті билік ешқандай қауіп жоқ деп сендіріп келген.

Ресейдегі ең ірі кәсіпорын саналатын Омбы мұнай өңдеу зауытына жасалған бұл соққы Украинаның майдан шебінен ең алыс жерге жасаған шабуылы ретінде есте қалды.

Алғашқы жарылыс 6 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 15:15-те мұнай өңдеу зауытының негізгі өндірістік қуаты орналасқан екі көшеде болды.

"Үй теңселіп кетті"

"Жарылыс қатты болғаны сондай, балкон әйнектері қирап түсетін шығар деп ойладым. Басында ұлым екеуміз есіктің жақтауына тығылдық, бірақ жарылыстар тоқтамады, — деді жергілікті тұрғын. — Бұл жағдай бір сағаттан астам уақытқа созылды".

Әйел қаланың өндіріс аймағына жақын жерде тұрады. Қауіпсіздік мақсатында оның да, Азаттық сөйлескен өзге кейіпкерлердің де есімін жариялай алмаймыз. Ресей билігі Азат Еуропа/Азаттық радиосын "жағымсыз ұйым" деп жариялаған, сондықтан бұл медиакорпорацияның журналистерімен байланыс орнату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

"Әр соққы жасалған сайын үйіміз кәдімгідей теңселіп жатты. Ең қорқыныштысы — терезеден түйдектелген қара түтін бірінен соң бірі шығып жатыр, бірақ не болып жатқанын мүлдем түсінбейсің. Дабыл қағатын құрылғылар үнсіз! Мобильді интернет қатып қалды. Бомба түсіп жатқанда мүлде оқшауланып қалғандай күй кешесің", — деп сипаттайды ол 6 шілдедегі оқиғаны.

Тек бір сағат өткеннен кейін ғана Омбы тұрғыны басқалар сияқты жергілікті төтенше жағдай қызметінен "ұшқышсыз ұшақ шабуылының қаупі" туралы қысқаша СМС-хабарлама алды. Осыдан кейін ұялы байланыс операторлары мобильді интернет жұмысында іркіліс болуы мүмкін деген ескерту тарата бастады.

Қаланың барлық жерінен қара түтін көрініп тұрды.

Дрон шабуылының Омбы мұнай өңдеу зауытына әсері. Спутник суреттері

"Сағат төрт жарымдарда қала үстін қою түтін басты. Мен оны дәл орталықтағы "Дом Туриста" аялдамасының маңынан байқадым, ал – қаланың мүлде басқа шеті. Досым қара бұлтты әуежай маңынан көріпті, бұл – Ертістің арғы беті. Яғни, жарылыстың қатты болғаны сондай, қаланың кез келген ауданынан анық көрінді", – деп еске алады жергілікті тұрғын.

Фото, видеоны жарияламау туралы ескерту

Украинаның Ресейдегі мұнай инфрақұрылымына жасап жатқан үздіксіз соққыларының бірі саналған бұл шабуылдан зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

Көп ұзамай жұрт шабуыл сәті түсірілген фото, видеоларды жариялай бастады. Бірақ кейіннен оларды қайта өшіруге мәжбүр болды.

"Не болып жатқанын тек қаланың чаттарындағы әуесқой видеолардан ғана түсіндім, — дейді Омбы тұрғыны. — Бірақ екі-үш сағаттан кейін авторлары оларды жаппай өшіре бастады. Дронның құлаған сәтін желіге жүктеген досыма қоңырау шалған. Өздерін полицияданбыз деп таныстырғандар видеоны дереу өшіруді талап етіпті".

Қоңырау шалғандар оның бұл әрекетін "әуе қорғанысы жүйесінің жұмысын әшкерелеу" деп айыптаған.

"Енді ол жігіт ең құрығанда әкімшілік, бәлкім тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартыламын ба деп қорқып отыр", — дейді ер адам.

Your browser doesn’t support HTML5

Ресейдің Омбыдағы зауыты өртенді, Украинада 19 адам қаза тапты

Шабуылдан бір сағат өткенде Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко әлеуметтік желілерде соққы сәті мен оның салдары түсірілген фото-видеоларды жарияламау туралы ескерту жасады.

Хоценко да, басқа шенеуніктер де "өрт" деген сөзді мүлде қолданбады. Жергілікті тұрғындар жалын мен көкке көтерілген қара түтінді анық көрген.

"Өндіріс алқабында от лапылдап жатты, сондықтан шындықты жасыру мүмкін емес еді — соққы дәл зауытқа тиді", — дейді мұнай өңдеу зауыты орналасқан Совет ауданының тұрғыны.

"Дәл қай жерге түскенін басында түсінбедік. Бірақ 6 шілде кешке қарай технологиялық циклдің тоқтағаны белгілі болды, өйткені қалада бензин саудасы іс жүзінде тоқтап қалды", — деді ол.

Your browser doesn’t support HTML5

"Бензинді ішесіңдер ме?". Ресейде жанармайды канистр, бөшкелерге құйып әкетіп жатыр

Мұнай өңдеу зауытының маңындағы жанармай құю станцияларының электронды таблоларында бағаның орнына тек нөлдер тізіліп тұрды. Совет ауданының тұрғыны жанармай бекеті алдында ұзын-сонар кезек тұрғанын айтады. Мұндай көлік кептелісін интернетте жарияланған видеолардан да көруге болады.

"Тәуелсіз ақпарат көздеріне деген қызығушылық артты"

Шабуыл болардың алдындағы таңда ғана жергілікті билік бензинді канистрлерге құйып сатуға қойылған тыйымның күшін жойған. Ресейдің мұнай инфрақұрылымына Украина жасаған үздіксіз соққы салдарынан туындаған жанармай тапшылығына байланысты бүкіл Ресей аумағында бұдан бұрын осындай шектеу енгізілген еді.

Бұл тапшылық Ресейді бензин мен авиация отыны экспортына тыйым салуға мәжбүр етті. Ал 8 шілдеде бұл тыйымның аясы кеңейіп, енді дизель отынын да сыртқа шығаруға шектеу қойылды.

"Омбыдағы мұнай зауыты — тек мұнай саласындағы ірі жұмыс беруші ғана емес. Ол сонымен қатар көп блогер мен БАҚ-қа демеушілік жасап келді. Олардың бәрі 6 шілдеге дейін осы мұнай зауытының ақшасына Омбы қауіпсіз жерде, [дрондар] Омбыға ешқашан жетпейді деп айтып келді", — дейді бұрын Омбыда тұрған оппозициялық белсенді Даниил Чебыхин "Настоящее Время" арнасына сұхбатында.

"Көп адам Ертіс өзенінің бойында демалып жатқан, ал мұнай зауыты тура осы Ертістің жағасында орналасқан. Дрондар Ертістің үстімен тізіліп ұшып өткенде, жұрт қатты шошып қалды", — дейді ол.

Омбы азаматтық бірлестігінің негізін қалаушы әрі оппозиционер Алексей Навальныйдың Омбыдағы штабы координаторының бұрынғы орынбасары Чебыхин қазір шетелде тұрады. Оның айтуынша, Омбы тұрғындарының көбінде "когнитив диссонанс" пайда болып, олар билікке деген сенімін жоғалтқан.

"Басқа да тәуелсіз ақпарат көздеріне деген қызығушылық күрт артқанын байқадық. Өйткені Омбы жұрты ресми ақпарат құралдарының, соның ішінде губернатордың "Макс" мессенджеріндегі арнасының өтірік айтқанын көріп отыр", — деді Чебыхин.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Анчески: Орталық Азияда ортақ қатерге бірлесе төтеп берудің тиімді жолы жоқ