Үкібай: Назарбаев Amanat партиясының мүшесі емес, саясатпен айналыспайды

Жаңа Конституция қабылдау жөніндегі референдумда дауыс беріп тұрған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 15 наурыз, 2026 жыл.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев бір кездері өзі негізін қалаған Amanat партиясына мүше емес, партия төңірегінде болып жатқан қазіргі өзгерістердің оған қатысы жоқ. Бұл жөнінде Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай дүйсенбі күні Азаттық сұрағына жауабында айтты.

"Нұрсұлтан Әбішұлының [партияға] қандай қатысы бар? Ол кісі [Қазақстан президенті ретінде] өкілетін 2019 жылы тоқтатқан", – деді Үкібай. Оның айтуынша, Назарбаев қазір саясатпен айналыспайды.

Баспасөз хатшысының сөзінше, экс-президент Amanat партиясына мүше емес.

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы президент өкілетін тоқтатқан. Бірақ Қауіпсіздік кеңесінің және "Нұр Отан" (қазіргі Amanat) партиясының басшысы қызметтерін 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейін сақтап келген.

2022 жылғы 28 қаңтарда партияның атауы Amanat болып өзгеріп, оның төрағалығы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтті. Кейін Конституцияға "президент саяси партияда болмауы керек" деген ереже енгізіліп, Тоқаев Amanat төрағалығынан кетті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың 1999 жылғы сайлауалды штабы негізінде құрылған саяси партия әуелде "Отан" деп аталған. Бастапқы кезеңде партияны "төраға міндетін атқарушылар" басқарып келді. 2006 жылы атауы "Нұр Отан" болып өзгеріп, 2007 жылы Назарбаев оның төрағалығын өз қолына алған. Содан бері ол бұл міндетті 2022 жылға дейін үздіксіз атқарды.

6 маусымда шұғыл отырысында Amanat партиясының саяси кеңесі "Әділет" партиясымен бірігуді талқылаған. Бұл жөнінде саяси кеңес мүшесі Ерлан Саиров айтқан. Оның сөзінше, саяси кеңес мүшелерінің көбінің пікірі президентті қолдайтын электоратты "бөліп-жаруға болмайды".