Ал мұның Алматының экожүйесіне, Іле Алатауындағы мұздықтардың сақталуына қандай ықпалы тиеді? Болашақта бюджетті толтырып, табыс әкеледі деп жоспарланған жобадан экологиялық қауіп бар ма?
Алматы тау кластерінің бір бөлігіне айналатын "Шымбұлақ" тау-шаңғы курорты. Сурет shymbulak.com сайтынан алынды.
КӨКЖАЙЛАУҒА ҚАЙТА ТҮСКЕН НАЗАР: ALMATY SUPERSKI КУРОРТЫ
Алматыдан 10 шақырым жерде орналасқан Көкжайлауда шаңғы курортын салу туралы әңгіме алғаш 2000-жылдардың басында шыққан. 2008-2015 жылдары қаланы Ахметжан Есімов басқарған тұста да құрылыстың әне-міне басталатыны айтылып, келесі әкім Бауыржан Байбектің кезінде "Көкжайлау" курорты туралы әңгіме қоғамда үлкен пікірталасқа айналған. 2019 жылы сәуірде Байбектің жобаны кейінгі шегере тұру туралы ұсынысын президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады. Тіпті сол жылы қазан айында ол Көкжайлауда курорт салудан біржолата бас тарту керек деген шешімге келді.
– Қайтадан осы мәселеге оралмау үшін нүкте қойғым келеді. Мен "Көкжайлауды" салуға тыйым саламын. Ол бізге керек емес! Мен қарсымын! – деген еді ол Алматыға келіп, жиын өткізген сәтінде.
Араға үш жыл салып, 2022 жылы президент Тоқаев Алматының тау туризмін дамыту туралы қайта пікір айта бастады. Ол "Түрген ауылы мен Қаскелең қаласының арасындағы шығыс және батыс бөлік аталған аумақтар әкімшілік мәртебесіне қарамастан, кешенді түрде игерілуге тиіс" деді. Осы уақытта қолға алынған Алматы тау кластері жоспарына Көкжайлауда шаңғы курортын салу да қайта еніп кетті.
Көкжайлау, Құмбел шыңы. Алматы, 16 шілде, 2017 жыл.
Жоба ресми тоқтатылған сәтте қуанған көптің бірі – экобелсенді, "Көкжайлауды сақтаймыз" қозғалысының мүшесі Ажар Жандосова. Ол шатқалда құрылыс салынып, курортқа айналса, экожүйеге орасан нұқсан келеді деп қауіптенеді.
– Мыңдаған ағаштың кесілуі мен өсімдік жамылғысының бүлінуі көптеген жәндіктердің, құстар мен жануарлардың мекендейтін ортасы мен азық қорының құруына әкеп соғады. Құрылыс кезінде және курорт жұмыс істеген сәтте шу мен жарық көптеген аң-құсты бұл жерден кетуге мәжбүр етеді, – дейді Жандосова.
Экобелсенді Ажар Жандосова Көкжайлауда тұр. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.
Көкжайлауға салынатын шаңғы курорты Almaty Superski деп аталады. Жоба аясында 60 шақырым тау-шаңғы трассасы, 16 аспалы жол салынбақ. Ашық деректерде Көкжайлау шатқалының аумағы 42 мың гектар екені айтылады. Ал курортқа осы Іле Алатау ұлттық паркінің аумағындағы 1 мың гектар жер бөлініп, оның 20 гектары коммерциялық инфрақұрылымға беріледі. Жобаға жауаптыАстана қаржы орталығына тіркелген Kazakh Tourism Development ltd-ның 100% үлесі Qazaqstan Investment Corporation ЖШС-ға қарайды. Ол компанияның түпкі иесі "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі.компанияcы басшысы Ержан Еркінбаев журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында "Көкжайлау аумағында жеке коттедждер болмайтынын" мәлімдеген.
Көкжайлаудағы Almaty Superski курортына жауапты Kazakh Tourism Development компаниясының презентациясынан скриншот.
Еркінбаев осы видеода жұмысты ағаш кеспей жүргізу мүмкін емесін де мойындайды. "Бір ағаш кесілсе, он көшет егу" ұстанымы қолданылатынын, экологиялық стандарттар қатаң сақталатынын айтады.
Алайда экологиялық құқық бойынша заңгер Вадим Нидің сөзінше, мәселе ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты болып отырғанына мән беру керек.
– Бұл нысандардың сипаты, шын мәнінде, тұрғын үй, азаматтық мақсаттағы құрылысқа көбірек ұқсайды. Ол жерде өндірістік кәсіпорындардағыдай орасан зор зиянды қалдықтар шықпайтын шығар. Бірақ министрлік ерекше қорғалатын аумақтың иесі ретінде оны бақылауда ұстауға тиіс еді, – дейді экологиялық құқық заңгері.
ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЕСКЕРТУІ
Алматы қаласының экология департаменті Көкжайлауға салынбақ Almaty Superski жобасы аясында істелетін жұмыстармен танысып, 20 сәуірде скрининг қорытындысын жария етті. Бұл экология кодексіне сәйкес, жаңа курорт жұмысы бойыншаБұл кәсіпорындар мен жобалардың табиғатқа, адам денсаулығына тигізетін ықтимал кері әсерін жобалау сатысында анықтап, оны азайту шараларын белгілейтін міндетті экологиялық құжаттама.(ҚОӘБ) құжаттамасын жасау керек пе деген сауалға жауап беретін көлемді есеп. Департамент Көкжайлаудағы курортқа жауапты компания ұсынған құрылыс кезеңінде қандай жұмыс істелетіні туралы ақпаратты үш аптадан астам уақыт зерттеген.
Құжатқа сәйкес, курорт құрылысы қоршаған ортаға зиян келтіретін нысандардың ІІІ санатына жатады. Жобаның жергілікті жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне әсер ететіні құжатта нақты жазылған.
Мәселен, нысанның әсер ету аймағына "Қызыл кітапқа" енген бір түп Сиверс алма ағашы және ауданы шамамен 0,2 гектар болатын алма бағы кіреді. Жобада жасыл желек түгенделіп, кесілген түріне қарай қайта егілетіні де ескертілген. Сондай-ақ "жобаны іске асыру топырақ-өсімдік жамылғысының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін". Экология департаменті "бұл өзгерістер ұзақ мерзімді және ішінара қайтадан қалпына келмейтін сипатта болуы ықтимал" деген күдік келтіреді.
Көкжайлау, Құмбел шыңы. Алматы, 16 шілде, 2017 жыл.
Мемлекеттік орган жобаның табиғатқа тигізетін әсері тым көп екенін ресми мойындап, оны жүзеге асырушы тарап – Kazakh Tourism Development компаниясына міндетті түрде толыққанды "Қоршаған ортаға әсерді бағалау" жасауды жүктеп отыр. Онда "атмосфералық ауаға, жер асты суларына, ландшафтарға, жер және топырақ жамылғысына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар нысандарға" қандай ықтимал әсері болатыны мұқият ескерілуі қажет екені айтылған.
Дей тұрғанмен аумақта инфрақұрылым дамуының оң тұстары бар дейді экология департаменті. Скринингке сәйкес, жоба туристік жүктемені реттеп, аумаққа бақылаусыз келушілер санын азайтып, табиғатты пайдалануды орталықтандырылған түрде басқаруға жағдай жасайды.
Көкжайлаудағы курорт жұмысына жауапты Kazakh Tourism Development компаниясының басшысы Ержан Еркінбаевтың сөзінше, курорт тәулігіне 10 мың шаңғышы қабылдай алады. Ал жылына шаңғышылар мен жаяу адамдарды қосқанда 8,8 млн адам келуі мүмкін. Бұл Алматы халқының санынан бірнеше есе көп.
ҒЫЛЫМИ ҚАУЫМДАСТЫҚ АЛАҢЫ МЕН КОМИТЕТ ЖАУАБЫ
Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы биыл ақпанда Президент әкімшілігіне хат жолдап, Алматының тау кластері жобасына байланысты қауымдастықтың алаңын жеткізді. Ұйымның ғылым жөніндегі директоры, биолог Сергей Скляренко қазіргі жобаның 2019 жылы президент Тоқаев тоқтатқан курорт жобасынан көп айырмасы жоғын айтады. Ғалымды "курорт құрылысын бастау процесі жедел жүріп жатқаны" алаңдатады.
– Ұсынылып отырған нұсқадағы жоспар биоәртүрлілікке, ландшафттарға және су балансына айтарлықтай қауіп төндіреді деп есептейміз, – деп мәлімдеді Скляренко бастаған ассоциация өкілдері.
Биология ғылымдарының кандидаты Сергей Скляренко. Сурет Eurasian Bustard Alliance сайтынан алынды.
Сергей Скляренко Көкжайлауда курорт салу туралы сөз қайта шыққанда Экология министрлігіне қарасты бірнеше институтқа хат жолдап, жобаның қоршаған ортаға әсері туралы пікір сұраған. Оған жауап берген мемлекеттік Ботаника және фитоинтродукция институты "Ұлттық парк аумағында кез келген күрделі құрылыс табиғатты қорғау принциптеріне, Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді" деген. Институттың бұл пікірі Көкжайлаудағы курортпен қатар Алматы тау кластері жоспарына қатысты айтылған.
– Экологиялық кодекстің 52-бабына сәйкес, Стратегиялық бағалау – мемлекеттік жоспарлар мен бағдарламалардың қоршаған ортаға тигізер әсерін шешім қабылдаудың ең бастапқы кезеңінде анықтайтын жоғары деңгейдегі кешенді экологиялық сараптама. Бұл ҚОӘБ-тен бір саты жоғары құжат.(СЭБ) жүргізу міндетті. Қазіргі уақытта қарастырылып отырған жоспар бойынша СЭБ жүргізілгені туралы, сондай-ақ бейінді ғылыми институттардың қорытындылары мен экологиялық сараптаманың бар екендігі туралы мәлімет жоқ. Жобаны СЭБ-сіз іске асыру қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы, – деген Ботаника институты жетекшісі, биология ғылымдарының докторы Гүлнәр Ситбаева.
Алайда Туризм және спорт министрлігі Туризм инстустриясы комитеті Экологиялық кодекстің 51-бабына сүйеніп, тау шаңғы кластерін дамыту жобасына СЭБ жүргізу міндетті емес деп отыр. Азаттыққа берген жауабында комитет "СЭБ тек мемлекеттік бағдарламаларға, аумақтарды дамыту бағдарламаларына, елді мекендердің бас жоспарларына қатысты жүргізіледі" деп түсіндірген. Осыдан ғылыми қауымдастық пен комитет өкілдерінің шаңғы курортының қоршаған ортаға әсері туралы ұстанымы екі түрлі екені байқалады.
Іле Алатау ұлттық паркі аумағында жайылып жүрген бұғылар. 15 қараша, 2020 жыл. REUTERS/Pavel Mikheyev
– Жоба аясындағы барлық жұмыс тұрақты даму принциптеріне сәйкес және экологиялық және инженерлік жоспарлау саласындағы халықаралық стандарттарды ескере отырып жүргізіледі, – деді Туризм комитеті Азаттыққа.
Құрылыс жобасын бекіткенге дейін стратегиялық экологиялық бағалау жүргізілуі керегін География және су қауіпсіздігі институты да мәлімдеп отыр. Бұдан бөлек Көкжайлаудағы курорт жоспары бойынша скрининг әзірлеген Алматының экологиялық департаменті уәжі де осыған саяды.
Чехия астанасы Прага қаласындағы агротехникалық университеттің экология факультетінің магистрі Әмір Мұрат Almaty Superksi курорты мен Алматы тау кластері салынатын аумаққа толыққанды ғылыми зерттеу жасалмағанын сынап отыр.
Ол ресми хат қылып жолдаған көп ұсыныстың бірінде таулы аймақта құрылысқа берілетін жер көлемін қысқарту керегін айтады. Оның сөзінше, қазірге дейін ұсынылған материалдар жобаның экологиялық негіздемесін тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмайды. Эколог маман осы тұрғыда асығыстыққа бармай, "ұзақ мерзімді перспективада салдар мен пайданы дұрыс екшеп алу қажет" дейді.
ҚОҒАМДЫҚ ТЫҢДАУ БИЛІК ШЕШІМІНЕ ӘСЕР ЕТЕ МЕ?
Үкімет қолға алынған жобаның уақытында жүзеге асуына мұқият мән беріп отырғаны байқалады. Биыл 24 сәуірде Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Алматы тау кластері және Almaty Superski жобасы бойынша өткізген кеңесте Көкжайлауда құрылыс биыл жазда басталып кететіні айтылды. Әрі үкімет басшысы жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы тау кластері мен Almaty Superski жобалары бойыша кеңес өткізіп отыр. 24 сәуір, 2026 жыл. Сурет primeminister.kz cайтынан алынды.
Алматы әкімдігінің есебінше, биыл 8 көпір мен су өткізу құрылыстарын салу көзделген. Маусым айында Көкжайлауға 6 шақырым автожол құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Бір ескеретіні бұл шешімнің бәрі қоғамдық тыңдау өтпей жатып мәлім болып отыр. Жақында Kazakh Tourism Development компаниясы 26 мамырда Көкжайлауда салынатын курорттың қоршаған ортаға ықтимал әсері туралы қоғамдық талқы өткізетіні хабарланды. Ұйымдастырушылар жиынның Zoom платформасында өткізілуі мүмкін екенін ескертті.
Экологиялық құқық маманы Вадим Ни Көкжайлауға курорт салу бойынша алматылықтардың пікірі ескерілуі қажет дейді. Алайда қоғамдық тыңдау үкімет бекіткен шешімге елеулі өзгеріс енгізеді дегенге күмәнмен қарайды.
Экологиялық құқық бойынша заңгер Вадим Ни. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.
– Қала ішінде қандай да бір қолайсыздық тудыратын нәрсе болса, адамдар көшеге шығады, наразылық білдіреді. Ал тауда кім наразылық білдіреді? Яғни, ол жақта адамдардың қарсылық танытып, жиналу ықтималдылығы аз екенін олар жақсы біліп отыр, – деп ойын түйіндеді ол.
Туризм индустриясы комитеті қоғамдық тыңдаулар барысында барлық түскен ұсыныс пен ескерту егжей-тегжейлі қаралатынына уәде беріп отыр. Соның негізінде "алдағы уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес аталған жобаны іске асыру тәртібі туралы мәселе қаралады" деді орган Азаттыққа.
Экобелсенді Ажар Жандосова қоғамдық тыңдауда тек жобаның қоршаған ортаға әсері талқыланатынын айтады. Ол қазір әлемде жаңа тау шаңғы курортын салудан гөрі бар нысандарды жаңғырту және ретке келтіру маңызға ие болып отырғанын үкімет тарабы ескерсе екен дейді.
– Алматы айналасында бұрыннан жұмыс істеп тұрған Табаған, Ақбұлақ және Қаскелең шатқалындағы тау шаңғысы базалары жеткілікті. Оларды қала тұрғындары мен туристер үшін жыл бойы демалуға болатын қолжетімді орындарға айналдыруға мүмкіндік бар, – дейді Жандосова.
Оның айтуынша, бұл нысандар Көкжайлау курортына нақты балама бола алады. Экобелсенді айтып отырған Алматы маңындағы ірілі-ұсақты шаңғы базалары үкіметтің кешенді жоспарында бар. Бірақ Көкжайлау шатқалы мен Құмбел шыңы арасында курорт салу сол ауқымды жобаның маңызды бөлігі болып тұр.
АЛМАТЫ ТАУ КЛАСТЕРІНІҢ АУҚЫМЫ
Алматы тау кластерінің жалпы жоспары
Үкімет Алматы тау кластері туризмін дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын былтыр ақпанда бекітті. Жоба Түргеннен Қаскелеңге дейінгі шығыс және батыс бөліктердегі таулы локацияларды бірыңғай кешенге біріктіру мүмкіндігін қарастырады. Жоспарға қарасақ, Іле-Алатауының Алматы жақ бөлігіндегі Кімасар, Бұтақты және Қотырбұлақ шатқалдары арқылы "Шымбұлақ" тау шаңғысы курорты, "Oi-Qaragai Lesnaya Skazka" таудағы курорт-отелі және "Pioneer" тау сауықтыру кешені өзара байланысып жатқан туристік кеңістікке айналады.
Ресми есептерде осы мақсатты жүзеге асыру үшін аспалы жолдар саны шамамен 16-дан 40-45-ке дейін, сырғанау трассаларының ұзындығы 41 шақырымнан шамамен 112-162 шақырымға дейін ұлғаятыны айтылады. Сөйтіп Қазақстандағы ең ірі туристік жобалардың бірін жүзеге асыруға 655,9 млрд теңге жұмсалмақ. Оның 322 млрд теңгесі – республикалық, 121,4 млрд теңгесі – жергілікті бюжеттен, қалған 212,3 млрд теңгесі – жеке инвестиция. Шығын көлемі белгілі болғанымен, жоба өзін-өзі қанша уақытта ақтай алатыны белгісіз.
"Жобаның мақсаты – халықаралық талаптарға сай, төрт мезгіл жұмыс істейтін заманауи туристік орталық қалыптастыру" деді Азаттық сауалына жауап берген Алматы әкімдігінің туризм басқармасы.
Басқарманың дерегінше, Алматы тау кластері жобасын жүзеге асыруға тау шаңғысы курорттарын жобалау және басқару саласында халықаралық тәжірибесі бар андорралық PGI компаниясы жұмыс істейді.
– Компания әр жылдары Франция, Испания және Андоррамен қатар 20-дан астам мемлекетте 120-дан астам курортты іске асыруға қатысқан. Компанияның тәжірибесі халықаралық үздік стандарттарды енгізуге және табиғи ортаға әсерді барынша азайтуға мүмкіндік береді, – дейді басқарма.
"Шымбұлақ" тау шаңғы курорты. Сурет shymbulak.com сайтынан алынды.
Шаңғы, марафон, альпинизм сияқты спорт түрлерін хобби еткен Алматы тұрғыны Еренғайып Қуатайұлы Алматының таулы бөліктерінде өзара байланысып жатқан бірнеше шаңғы курортының болғанын құптайды.
– Қыста таудан түсіп келе жатқанда "Шымбұлақтан" аспалы жолға отырып төмен түсейік десек, 300-400 метр кезек тұрады. Содан кейін жаяу түсеміз. Туристер келіп жатқанда бұл жобаны жасаған абзал, – дейді ол.
Еренғайып Қуатайұлы бөлінген қаржы дұрыс игеріліп, жұмыстың көп созбаққа салынбай аяқталуына тілекші. Ол "мемлекеттің қаржысына салып, кейін оны жекешелендіріп, өз игілігіне алып алатын топтар бар" деп қауіп келтіреді. Қуатайұлы "туризм дамуы керек, бірақ мемлекет істі дұрыс атқаруға тиіс" дейді.
АЛЫСТАП ЖАТҚАН МҰЗДЫҚТАРҒА ЖАҚЫНДАУ
Жобаның ықтимал экологиялық әсері тек флора мен фаунамен шектелмейді. Мұздықтарды зерттейтін гляциолог ғалым Александр Кокарев Қазақстан үкіметі Алматы тау кластерін дамыту бойынша арнайы жоспар құрып, іске кіріскенінен хабардар. Оның сөзінше, "жобаның мұздықтарға да жанама әсер ететінін жоққа шығаруға болмайды".
Алматы маңындағы Тянь-Шань тау жотасында орналасқан Богданович мұздығында жүрген туристер. Қазақстан, 20 ақпан, 2021 жыл. REUTERS/Павел Михеев
– Әсіресе, мұздықтардың дәл іргесіне ірі нысандар салу олардың жай-күйіне орасан зор зардабын тигізеді. Мысалы, Қырғызстандағы алтын өндіретін "Құмтөр" кен орнын алайық. Ол жерде Лысый және Давыдов деп аталатын екі мұздық бар. Дәл осы мұздықтардың түбіндегі қазба жұмыстары олардың жойылуына әкеп соқты, – дейді ғалым.
Гляциолог Кокарев қазір UNESCO қамқорлығындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығындағы Қар және мұз ресурстарының динамикасын бақылау зертханасына жетекшілік жасайды. Ұйым Алматының оңтүстік бөлігін жағалай алып жатқан Іле Алатауында 2022 жылы 391 мұздық қалғанын анықтаған. 1955 жылдан бері мұндағы мұздықтар көлемін жартылай жоғалтып, жалпы аумағы 140 шаршы шақырымға азайған.
Your browser doesn’t support HTML5
Іле Алатауындағы мұздықтардың кішірею динамикасы
– Іле Алатауындағы мұздықтар 1950-жылдардан бері жыл сайын аумағының 0,75 пайызын жоғалтып келе жатыр. Біз жылдар бойы істеп келе жатқан жұмыс нәтижесіне осындай көрсеткіш барын айта аламыз, – дейді гляциолог ғалым.
Дегенмен Кокаревтің айтуынша, мұздықтарға әсер адам әрекетінің, яғни, антропогендік фактордың қай деңгейде болатынына байланысты. Ол "Шымбұлақ" шаңғы курортының мұздықтарға әсері барын, бірақ бұдан 20 жыл бұрын болжанғандай деңгейде емесін айтады.
Ғалым зерттеу тобымен бірге бірнеше жыл бұрын "Шымбұлақтың" сырғанау аумағын кеңейту мәселесімен айналысып, Богданович мұздығына зерттеу жүргізген. Оған сол жерге аспалы жол тарту туралы бастама себеп болған. Ғалым зерттеу нәтижесі мұның өте қымбатқа түсетінін, әрі еш тиімсіз екенін көрсеткен соң тоқтағанын еске алады.
– Содан бері Талғар асуына жақын орналасқан Богданович мұздығына тұрақты бақылау жасап келеміз. Негізгі трассалар іске қосылған осы жылдар ішінде "Шымбұлақтың" мұздыққа қатты әсері байқалған жоқ. Ондағы өзгерістер бұрынғы бірқалыпты деңгейде, – деп ойын түйіндеді Александр Кокарев.
Алматы тау кластері жоспарына сәйкес, мұздықтарға ең жақын орналасқан курорт – Шымбұлақ. Богданович, Аяқ, Мәншүк Мәметова мұздықтарына дейінгі аралық тіке есептегенде 3-4 шақырым. Алайда жоба аясында осы мұздықтар ортасында тұрған "Нұрсұлтан" шыңында коммерциялық инфрақұрылым бой көтеретіні жазылған.
"Көкжайлауды сақтаймыз" экоқозғалысының белсендісі Ажар Жандосова Іле Алатауындағы мұздықтарға жаһандық климаттың жылынуынан басқа да факторлар әсер етіп жатыр деп есептейді.
– Алматы қаласы мен бүкіл агломерацияның да тигізіп отырған әсері орасан. Қаланың лас әрі ыстық ауасы жоғары көтеріліп, мұздықтарға жеткенде, оның құрамындағы күйе мен шаң аппақ шыңдарға шөгеді. Бұл мұз бен қардың күн сәулесін көбірек тартып, тезірек ерітеді, – дейді экобелсенді.
Мәншүк Мәметова мұздығы Алматы маңындағы Тянь-Шань тауларында теңіз деңгейінен шамамен 3550 метр биікте көлге айналады. 2013 жылғы 31 тамыз. REUTERS
Гляциолог Александр Кокарев "қаланың ластанған ауасы мұздықтарға әсер етеді, бірақ мұз қабатының динамикасын түбегейлі өзгерте алмайды" дейді.
Алматыдағы ауа айналымна, су қорының түзілуінене дәл осы мұздықтар негізгі рөл атқарып тұр. Сондықтан мамандар мұздықтарды "қала климатының қорғаны" деп атайды. Ал урбанизация – осы табиғи қорғанысты бұзатын басты факторлардың бірі.
Алматының тау кластері жобасы дамыған туризм мен табиғатқа тиіспей сақтау ұстанымын таразыға тартып тұрғандай. Қазір оны билік таңдаған жағы басып тұрғаны байқалады. Ал соңғы нәтиже қалай болары алдағы бірнеше жылдың еншісінде қала бермек.