Украина қарулы күштерінің дрондары 21 тамызға қараған түні Ресейдің Пермь өңіріне шабуыл жасаған. Мұны Telegram-арналар мен жергілікті билік органдары хабарлады. Бұл аймақ Украинадан 1000 шақырымнан астам алыста жатыр.
Облыстық аумақтық қауіпсіздік министрлігі дрон шабуылы тойтарылды деп мәлімдеді. Аймақта "Кілем" жоспары іске қосылған. "Росавиация" федералдық әуе көлігі агенттігі Пермь әуежайына (Большое Савино) ұшақтардың келуі мен кетуіне уақытша шектеу енгізілгенін хабарлады.
Украинаның Supernova+ және Exilenova+ Telegram-арналары "Лукойл-Пермнефтеоргсинтез" мұнай өңдеу зауытына (ПНОС) шабуыл жасалған деп жазды. Олар шабуылдан кейін өрт шыққаны көрінетін видеолар мен фотосуреттер жариялап жатыр.
Пермь өңірінің билігі дрон шабуылының салдары туралы әлі хабарлаған жоқ.
Украина армиясы "Лукойл-Пермнефтеоргсинтезге" бұған дейін де бірнеше рет шабуыл жасаған. Зауыт аймақтағы негізгі өнеркәсіп нысаны әрі Ресейдегі технологиялық тұрғыдан ең дамыған нысандарының бірі саналады. Ол жылына 13 миллион тоннадан астам мұнай өңдей алады, кейінгі кезде дейін мұнда өндірілетін мұнай өнімдерінің 50 пайыздан астамы экспортқа шығарылатын.
Ресейдің қорғаныс министрлігі Пермь өлкесі мен аннексияланған Қырым сияқты оннан астам аймақта 325 украин дроны атып түсірілді деп хабарлады. Ал неше дрон атып түсірілмей қалғаны ол есепте айтылмаған.